Білім

144 балаға шарапаты тиген мекеме

«…Кәсіпкерлік әлеуметтік салаға әрдайым қолдау көрсетіп отыруы тиіс» деген Елбасының тапсырмасы біздің облысымызда оң шешімін табуда.

«ОйлТехноГрупп» серіктестігі 2006 жылдан бері облыстың Мәртөк, Қобда аудандарында мұнай-газ кен орындарын іздеу, барлау жұмыстарымен айналысады. Бүгінде облыс әкімдігі мен серіктестік арасындағы келісім-шарт  халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге оң ықпалын тигізуде. Серіктестіктің кадр саясаты және қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Нұржан Әбілқайыров биыл мекеменің өз қаражатынан республика бойынша 144 баланы жоғары және арнаулы оқу орындарында  оқытуға міндеттеме алғанын айтады.

Қазір мекеме мен облыстың білім беру басқармасы, қаладағы бірқатар жоғары және арнаулы білім беретін оқу орындары арасында өзара  келісім-шарттар жасалуда. Кейбір оқу орындарының талабы бойынша студенттің бір жылғы оқу ақысының 50 пайызын төлеп те үлгердік. Оқу ақысы мекеме қаражатынан төленетін студенттердің көпшілігі мұнай-газ саласы мамандықтары бойынша білім алады. Студенттердің көбі осы аймақтың балалары. Оның ішінде  шалғай елді мекендерден көп.  Атап айтсақ, Ақтөбе мұнай және газ колледжінде биыл 40 баланың білім алуына жағдай туғызылады. 27 бала Ақтөбе көлік және коммуникация, жаңа технологиялар колледжінде өз білімдерін жетілдірмек. Бұл оқу орнында мекеме қаражаты арқылы Маңғыстау, Атырау облысынан келіп оқитын студенттер де бар. Сол сияқты, Мәртөк ауданынан 10, Қобда ауданынан 10 балаға мамандық алу үшін қол ұшымызды береміз. Олардің көпшілігі — әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары  мен жетімдер, — деді Нұржан Әбілқайыров.

Биыл бұл мекеме арқылы Мәртөк ауданының Аққайың елді мекеніндегі Коминтерн орта мектебінде компьютер сыныбы ашылды. Мектепке 10 жаңа компьютер сыйға тартылыпты.

Еліміздегі  компьютерлендіру бойынша білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасы негізінде де бірқатар шаруалар тындырылды. Жаңа оқу жылына дейін  Қобда ауданындағы Пятигорск мектеп-балабақшасында компьютер сыныбын ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сол сияқты, биыл мекеме қаражатына Қобда ауданының 1972 жылы негізі қаланған Қоғалы негізгі орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы бұл мектептің терезелері түгелдей пластикке ауыстырылған болатын. Биыл білім ошағының есіктері мен едендері жаңартылды.  Бұл мектепке де түгелдей компьютерлендіру жұмыстарын жүргіздік, — деді Нұржан Әбілқайыров.

Облыстағы аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуде де мекеменің тигізген шарапаты мол.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button