Пікір

Бұл күннің Ұлттық мереке ретінде атап өтілуі — бүгінгі күннің қажеттілігі

Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

1990 жылғы 25 қазан — ел тарихындағы ең елеулі күн. Осы күні сол кездегі астанамыз Алматыда ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Қазақ Советтік Социалистік Республикасының егемендігі туралы декларацияны қабылдады. Декларация —  латын сөзі. Өз тілімізде айтсақ, «мәлімдеу», «хабарлау» дегенді білдіреді. Бұл жай мәлімдеу емес, салтанатты түрде мәлімдеу. Сол жылдарға көз жүгіртсек, бұл тұста біздің егемендік туралы декларация жариялауға толық алғышарттарымыз бар еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында, дәлірек айтсақ, 1985 жылғы сәуір айында сол тұстағы Коммунистік партияның пленумында қоғамды қайта құру туралы қарар қабылданды. Содан бастап қоғамда сөз бен ой бостандығына мүмкіндік беріліп, КСРО халықтары ел ішінде көптеген әлеуметтік, саяси, құқықтық, теңдік, теңсіздік сияқты түрлі аймақтарда мәселелер бойынша да осы үрдіс өз жалғасын тапты. Ал 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы оны айқындай түсті. Яғни ол егемендіктің жоқтығы, ұлтымызға қатысты көптеген түйіні шешілмеген мәселелер еді. Кейін басқа республикаларда да бұл үрдіс жалғасын тапты. Сөйтіп, кеңестік қоғам халықтарының санасында үлкен сілкініс пайда болды. Ал Қазақстанда, нақтырақ айтсақ, 1989 жылдарда «Қазақ тілі», «Азат», «Невада-Семей» сияқты басқа да қозғалыстар пайда болды. Осылардың арқасында тоқсаныншы жылдарға қарай халық санасы әлдеқайда көтеріліп, мәселелер анық, ашық айтылып, тікелей талап қойыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, 1990 жылдың аяғына қарай қазақ қоғамы белгілі деңгейде өзгеріске түсіп, «пісіп жетілді» деуге болады.

Декларацияда еліміздің егемендігі, ұлттық мемлекетімізді сақтау, қорғау және нығайту жөніндегі шаралар — оның территориялық тұтастығы, жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, халқымыздың тарихи және мәдени қазыналары, экономикалық және техникалық потенциалдары, тағы басқалары ұлттық байлық деп жарияланды және ерекше меншік екендігі көрсетілді. Егемендік декларациясы қабылданғаннан кейін Тәуелсіздік жарияланып, біз дербес, тәуелсіз мемлекеттің азаматы болдық. Әлемдегі саясаткерлердің, жалпы әлеуметтанушылардың түсінігі бойынша, бір елдің азаматы болу — үлкен мәртебе. Осы декларация кейін одақтық шарт жасауға, жаңа Конституция қабылдауға, егемен ел ретінде өз функциясын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеуге негіз болды. Содан соң 1991 жылы 16 желтоқсанда жеті тараудан, 17 баптан тұратын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң қабылданды. Міне, соның арқасында біз отыз екі жыл тәуелсіз даму үстіндеміз. Біздің экономикалық-әлеуметтік және рухани салаларда зор жетістіктеріміз бар. Кемшіліктеріміз де бар. Сол себепті біз алдағы уақытта Әділетті Қазақстан құруға бетбұрыс жасап жатырмыз. Әрине, жаңа қоғам қалыптастыру оңай емес. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. 25 қазанның араға он төрт жыл салып қайта оралуы да — сол жұмыстардың бір парасы. Ал оның ерекше ұлттық мереке ретінде атап өтілуі — бүгінгі күннің қажеттілігі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button