Тарих

Ақтөбедегі қасиетті орындар

«Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек».                                              

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Газетіміздің өткен сандарында хабарлағандай, оқырмандарды арнайы тізімге алынған жергілікті маңызы бар ескерткіштермен таныстыруды одан әрі жалғастырамыз. Мұндай киелі жерлердің саны 46 екенін естеріңізге саламыз. Осы жолы соның бірнешеуіне тоқталсақ…

Бекқұл би кесенесі

Ақтөбе қаласына қарастыБекқұл баба ауылындағы Қосқоңыр-Қыземшек деп аталатын биік төбе баурайында жерленген Бекқұл бидің басына 2000 жылы кесене тұрғызылып, жанынан түнейтін үй салынды.

Бекқұл би шамамен XVII ғасырдың орта шенінде — 40-жылдары Ор, Қарғалы өзендерінің бойын мекендеген. Заманында өз өлкемізді былай қойғанда, Бұқара, Самарқан, Хорезм аумақтарында елеулі тарихи тұлғаға айналған, Жайық бойын жайлаған барша халыққа әулие саналған Бекқұл бидің тарихи тұлғасы кеңес өкіметі заманында әртүрлі себептермен тұмшаланған.

Өте білікті мәмілегер Бекқұл би осы жерді жайлаған ру басшыларымен ақылдасып, жаугершіліктен босып кеткен елді тұрақтандырып, әр рудың жаз жайлауын, қыс қыстауын белгілеп беріп, қалың елді тұрақтандырып, үлкен еңбек сіңірген. Сырттан жау тигізбеген, іштен дау туғызбаған тұлға болған.

Ескі тарихи жазбалар, көнекөз қарттарымыздың деректері бойынша Бекқұл баба — тек би емес, көріпкелдігі, алдағыны сезіп отыратын ерекше қасиеттері бар, жаратылысы бөлек болып, көзінің тірісінде әулие атанған тұлға.

Бекқұл биден дүниеге келген жалғыз қыздан қазақтың әйгілі батыры Есет Көкіұлы өмірге келеді. Халық аузында Бекқұл баба өзінің туған жиені 13 жастағы Есет Көкіұлына елді, жерді қорғау үшін арғымақ атқа мінгізіп,батасын берген деген аңыз-әңгіме бар.

Кезінде Есет бабамыз «Бекқұл әулиеге түнеп, менен тілесеңдер – тілектерің орындалар» деген екен…

Тарихи тұлға туралы Баянғали Құлтаев, Еркін Құрманбеков, Әділхан Жұбаниязов сынды азаматтар естелік әңгімелер айтып, зерттеу еңбектерін жазып жүр.

Бисен хазірет мешіті

Бисен хазірет 1878 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Жарық елді мекенінің Жаманкөл жайлауында дүниеге келген. Әкесі Абдолла Бисенді он бес жасында Бұқарадағы айтулы медреселердің біріне оқуға түсіреді. Табиғатынан зерек шәкірт медресені ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Түркияның Ыстанбұл шаһарына оқуын жалғастыруға аттанады. Үш жыл Бұқарада, бес жыл Ыстанбұлда оқып, теология ілімін терең меңгерген Бисен хазірет елге үлкен оқымысты болып оралады. Ыстанбұлдан келген соң Қобда өзені бойы Жаманкөл жайлауынан атағы Ойыл, Қобда бойына әбден танымал әйгілі шебер Бірманның көмегімен мешіт салдыртады. Ол мешіт-медреседе сол өңірдің балаларын оқытып, тіл сындырып, ағартушылық білімге баулиды. Ол үлкен рухани орталыққа айналады. Онда 16 жыл дәріс оқып, араб тіліне, діни бағытта шәкірттер тәрбиелеп, имандылыққа үйретеді.

1928 жылдар шамасында елдегі колхоздастыру дәуірі келген кезде бай-молда есебінде дүниесі тәркіленуге тиіс болған. Алайда ауылдық кеңестің хатшысы 25 жастағы Сұлтан Бимағанбетов түнде келіп: «Хазірет жезде, ертең мал-мүлкіңді тәркілеп, өзіңді жер аудартады. Бұйрық келді, кетпесең болмайды»,  — деп хабар береді. Сол түні шағын түйелі көшпен Башқұртстанның Сақмар өзенінің бойына барып қоныстанады.

Аса білімді діндар 1969 жылы 91 жасында дүниеден озып, өз өсиеті бойынша Құмсай елді мекеніндегі Бірмағанбет Көшімқұлұлы әулиенің жанына жерленген.

Айта кетейік, Бекқұл би балаларды оқытқан мешіттің  ені — шамамен 8 метр, ұзындығы — 15 метр, биіктігі 3 метр болды. Мешіт іргетасы табиғи тілім тастармен қаланып, қабырғалары саз балшықтан өрілген, 10 терезесі, 1 үлкен есігі бар.  Үлкен намаз оқитын бөлмесі және кіреберіс 2 бөлмеден тұрады.  Бүгінгі таңда төбесіне салған темір, есік-терезелері бұзылып, әкетілген.

Мешітті 2008 жылы «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында және 2017 жылы «Тұран» телеарнасының «Аманат» экспедициясы ғылыми түрде зерттеп, кітаптар мен бағдарламалар шығарды.

Бисен хазірет мешіті Қобда ауданындағы Жарық ауылынан 5,9 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан.

Ботакөз батыр кесенесі

Ойыл ауданына қарасты Кемер ауылынан 23 шақырым солтүстік-батыста орналасқан Ботакөз батыр кесенесі 2005 жылы тұрғызылды. Көлемі — 5х5 метр, биіктігі — 11 метр күмбезді ғимарат.

Елімізді жаудан найзаның ұшымен қорғаған батырлардың арасында Есет Көкіұлының қызы, Әжібай бидің келіні Ботакөз батырдың орны бөлек. Үстірт жотасындағы Сам құмын бірге қыстап шыққан Жетірудың Тама руына қараған қырық шақты ауыл ішінде Есет батырдың ауылы бар. Бір күні Есет батыр Әбілқайыр ханның шақыртуымен Орынборға жүріп кетеді. Ондағы хан кеңесінде қазақ елін жоңғар шабуылынан қалай қорғау керек екендігі жөнінде мәселе қаралмақшы еді. Батырдың елде жоқ екенін білген жау бейбіт жатқан қауымға жылқысын түн жамылып келіп, шетінен қуып бастайды. Осы сәтте жылқышы мен малшыдан құралған қайратты жігіттердің басын қосып үлгерген Ботакөз ерлерше киініп, қалмақтарға тойтарыс береді. Ботакөз бастаған топ жауды екі жақтан қуып, айламен қоршап, қалмақтың Қонды деген батырын қолға түсіреді. Қондыны қазақтар жеке қоршап, кеудесіне найза тіреп тұрған уақытта күрең атты бір жігіт Қондының күжірейген мойнына қыл арқан бұғалық тастап жіберіп, шалқалай тартқанда қалмақ жерге ат үстінен гүрс етіп құлайды… Сол кезде жігіттер шапқылап өлтіреді. Жаудың ешқайсысы да тірі қалмайды. Қондыны бұғалықтаған «жігіт» — Ботакөз. Тарихи дерек бойынша, Ақкете Әжібай би жиені Есет батырдың қызына құда түсіп, Әжібай бидің баласы Барсай мен Ботакөздің некесі қиылып, отауы тігіледі.

Әжібай бидің алты ұлы бар екен. Сол алты ұлына көшті кезек басқартып, үміт етіп көрсе, олар жер ыңғайын байқай алмай, көшті жайсыз жерге қондыра беріпті. Содан көңілі қалған би көшті Ботакөзге басқартыпты.

Ботакөз кесенесі — қазақтың қарапайым қызының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігінің, сұлулықтың, ар-ождан тазалығының ескерткіші, ұлттық сәулет өнерінің туындысы.

Киелі жер туралы 2001жылы  «Ойыл» атты кітапшада жазылды. Ал 2004 жылы жергілікті өлкетанушы Жақсылық Бисалиевтің бұл туралы мақаласы «Ойыл» аудандық қоғамдық-саяси газетіне жарияланды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Ақтөбе облысының табиғи-тарихи-мәдени орындары» атты кітапшаға 2004 жылы енгізілді. 2007 жылы «Ақтөбе облысының топонимикалық кеңістігі» атты кітапта мәліметтер келтірілді.

Былшық би кесенесі

2015 жылы ашылған Былшық би кесенесі Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылынан 10 шақырым батыста орналасқан. Кесененің биіктігі — 9 метр. Жоғары бөлігі күмбезделіп жасалған. Төрінде бидің мүсіні орналасқан. Кесененің айналасы биіктігі бір метр болатын қоршаумен қоршалған. Қоршаудың ені — 15 метр, ұзындығы — 25 метр.

Аңыз-әңгімеге сенсек,Былшық бидің азан шақырып қойған есімі — Құтаяқ. Былшық аталып кетуі көзінің жасаурай беруінен екен. Былшық би — қазақтың шежіресін, дала билігінің ұлы дәстүрін жетік білген кісі. Дәстүрлі жәрмеңкелер мен айтулы алқалы жиындар сол кісісіз тарамаған, дауы шешілмеген. Соңғы өткен Байғабылдың, Орманның ұлан-асыр асында Былшық би төрелік жасаған. Сол кездегі Орынбордың генерал губернаторы Лев Балюзек 1886 жылы 28 жастағы Былшық биге «Известный народный мудрец»деген баға берген.

Былшық би 1859 жылы қазіргі Әйтекеби  ауданындағы Ақсуат елдімекенінде дүниеге келген. Атасы Әбдібай дәулетті кісі болыпты. Әкесі Сейіт кезінде Есет (Көтібарұлы) батырмен үзеңгілес дос болған.

Қазақ тұрмысында жиі кездесетін бес дауды: жер, жесір, құн, мал және ар дауын шешкенде, қара қылды қақ жарғандай тура төрелік жасап, әділдігімен халықтың аузына іліккен айтулы билердің бірі.

Былшық Сейітұлы — әйгілі би, аруақты шешен, арқалы әулие, заманында атағы айналаға кеңінен танылып, әділ билігімен дау түйінін шешкен, сөзі талайға тоқтам салған асыл тұлға.

Қалың елге шын мәнінде пана бола білген, қиын кезеңдерде әлсізді демеп, жылағанның жасын сүрткен, әділдік пен парасат жолынан таймаған дегдар тұлға 1928 жылы халық жауы ретінде ұсталып, 1933 жылы Ақтөбе түрмесінде қайтыс болады.

Ол — ұрпаққа, күллі қазақ ұлтына ар-намыстың, адамгершіліктің, парасаттылық пен ізгіліктің озық үлгісі ретінде қазақ халқының санасында мәңгі жасайтындардың бірі.

Дербісәлі батыр Қиғылықұлы кесенесі

Қобда ауданында орналасқан Дербісәлі батыр Қиғылықұлы зиратының басынақазіргі дейін демеу сұрап, дертіне шипа тілеп, түнейтіндер аз емес. Ерте кезде індетке ұшыраған малдарына дейін әкеліп түнеткен жағдайлар болған. Әулиенің қабірін халық қасиетті жерлердің бірі ретінде санайды.

Дербісәлі Қиғылықұлы—белгілі батыр, әулие, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Кіші жүздегі танымал тұлғалардың бірі, 1822-1824 жылдары Жоламан Тіленшіұлы бастаған Ойыл, Қиыл өзендерінің бойларын жайлаған  көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі. Оның есімі ел жадында ол дүниеден озған соң көбіне әулие есебінде сақталды. Дербісәлі 1822 жылы желтоқсан айының соңында Жоламан бастаған бір топ билер мен батырлармен бірге Жайық пен Елек арасындағы жерлерді қайтару және Ресейде кепілде ұсталып отырған Арынғазы сұлтан мен Жүсіп Сырымұлын босатуды сұраған хатқа мөрін басқан. Бұл хатқа Кіші жүздегі белгілі қайраткерлер Адай Сүйінқара батыр, Шөмішті Табын Барақ пен Асау, Байғана батырлар да қосылған.

Сонымен қатар 1823 жылы қыркүйекте Жоламан Тіленшіұлы 1 мыңға жуық жасақпен қазақ жеріне жіберілген полковник Милорадовичтің әскеріне шабуыл жасағанда осы шабуылға Дербісәлі батыр өзінің 300 сарбазымен қатысады. Ол осы шабуылдан олжаға 14 орыс тұтқыны мен 70 жылқы алған.

Ел аузында сақталған Дербісәлі батыр туралы бір аңыз-әңгімені келтіре кетейік. Күздігүні қатқақта, яғни із түспейтін уақытта бір ауылдың жылқысын адайдың барымташылары ұрлап, жылқышыларын өлтіріп, айдап кеткен. Ауыл ақсақалдары Дербісәліге келіп, мұңын шағыпты. Сонда ерте есейген батыр: «Дуадақ көтерілгенше оған жетіп баратын ұшқыр жеті атты дайындаңдар, сонымен көп жылқының алдын Батпақтының оң жағасындағы жайылымға қайтарыңдар, сырт көзге білдірмей аттарға таға жасай беріңдер, оны асыққанда алдыңғы тұяқтарға шегелеңдер», — депті. Осы әдісті қолданғанда, адайдың тағасыз аттары мұзға тайып құлап, барымташылары қырылып қалған екен.

Дербісәлі батыр туралы«Қобда» энциклопедиясында, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде, Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінде біршама материалдар кездеседі.

Дәуімшар батыр қорымы

Байғанин ауданына қарасты Жарқамыс ауылынан 37 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан қорымда ірі тамғалық белгі мен стелалар бар. Осы жерде қорымның негізі Дәуімшар бейіті орналасқан.

Кешеннің ең көрнекті ескерткіштері қашалған тастан жасалған. Олардың екеуі (№1,40 нысандар) солтүстік-шығыс бөлігінде орналасса, біреуі Мырза Мұрын мавзолейі (№175 нысан) қорымның солтүстік-батыс бөлігінде. Кесене ою-өрнекпен көмкерілген.

Дәуімшар батыр (1770-1810 ж.ж) —Каспий өңірінің атақты батырларының бірі. Дәуімшар батырдың өмірі, ерлік жолы Үстірт, Жем, Сағыз аймақтарымен тығыз байланысты. Осы төңіректі иемденуге тырысқан башқұрт, түркімен, хиуалықтардың, кейбір қалмақ қалдықтарының бетін қайтарып, ұрпақ алдында өшпес ерлік үлгілерін қалдырды. Алаштың ақиық азаматы Халел Досмұхамедұлы Дәуімшардың батырлығын жоғары бағалап, оны Атағозы, Сүйінқара, Өтен, Нарынбай, Құлбарақ, Жапарберді, Мыңбай, Көктаубай сынды ерлердің қатарында атаған.

Жем өңірін және осы маңайға қатысты өлкелерді келімсектерден қорғай жүруді басты міндеті санаған Дәуімшар батыр талай шайқасты бастан өткеріп, жауларының сағын сындырған, өз мерейін үстем еткен. Батыр Жем өзенінің сол жағынан өткен  шетелдік экспедиция тобымен болған қақтығыста қаза болған. Бұл экспедиция тобымен кімдер болғаны тарихи деректермен анықталмаған. Жер өлшеуші орыстар немесе ағылшындардың барлау топтары болуы да мүмкін… Ал кейбір мәліметтер бойынша Хиуаға сапар шеккен Перовский жасақтарының бір бөлігімен Дәуімшар батыр бастаған қазақ жасақтары кездесіп қалғанға ұқсайды. Соғыста екі жақта көп шығын болған. Батыр мен оның жасақтары бір жерде жерленген, ол жер  Дәуімшар қорымы деп аталады.

Қорымды зерттеушілер Т.Басенов «Архитектурные памятники в районе Сам» (Алматы, 1947 ж.); М.Меңдіқұлов «Памятники архитектуры полуостова Мангышлак и западного Устюрта» (Алматы, 1956 ж.); С.Әжіғалиев «Отчет о работе архитектурно-искуствоведческой экспедиции в Западном Казахстане в 1979 г. Архив РНРПО «Казреставрация»,т.б. кітаптарында жазған.

Дайындаған Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button