Білім

Сапалы білім беру — басты міндет

136 мұғалім бюджетке 97 миллион теңге шығын келтірген. Өйткені Ustudy тестілеу орталығының жауапты тұлғалары оларға біліктілік тестінен жоғары балл алғанын растайтын сертификаттар берген. Ал, расында, 136 педагогтің сертификаттағы баллы мен базадағы баллы сәйкес келмейтін болып шықты. Жақында сот шешімі шығып, Ustudy тестілеу орталығының басшылары сотталды. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары АртурӘуезов айтты.

Артур Әуезовтың мәлімдеуінше, 136 мұғалімнің жұмыс өтіліне, санатына байланысты жалақыларына 2 жылға жуық уақыттан бері 30 пайыздан үстемеақы қосылып келген.

Жалған сертификаттың кесірінен мұғалімдердің кейбіріне жалпы 400-500 мың теңгеден, енді біріне 2 миллион теңгеге дейін қаражат төленген. Бюджетке келтірілген шығын — 97 миллион теңге. 110 мұғалім қателерін мойындап, бюджетке 75 миллион теңге қайтарды. 4-5 мұғалім: «Сотқа арыз береміз» деп отыр. Қалғандары жақын арада ақша аударатын болады, — дейді Артур Әуезов. Жалған сертификаттың иелері Ақтөбе қаласында және Шалқар мен Қобда ауданында көп болған.

Көш басында — Ақтөбе

Жиынында Артур Әуезовбілім саласында жасалып жатқан жұмыстар, қоғамдық кеңестің өзекті мәселелерді шешу бойынша берілген ұсынымдарының қорытындысы туралы баяндады.

Облыста  429 (183 096 оқушы) мектеп,  597 (45  731 тәрбиеленуші) мектепке дейінгі ұйым, 40 (27 461 студент)  колледж жұмыс жасайды.

1-6 жастағы балапандардың  балабақшамен қамтылу үлесі  — 88,4 пайыз. Биыл өңірде 19 балабақша ашылды, жыл соңына дейін 7-еуі іске қосылады.

2017 жылдан бастап мектепке дейінгі жастағы балалардың дағдысы мен икемін дамыту индикаторы енгізілген-ді. Биыл үлгілік оқу бағдарламасын игеру бойынша мониторингтің қорытындысы шықты. Нәтижесінде біздің облыстың балалары бағдарламаны игерудің ең жоғары деңгейін көрсетіп, өңірлер арасында көш бастап тұр (93,7 пайыз), — дейді Артур Әуезов.

Тұрмысы төмен отбасы балаларын бюджет есебінен қолдау, мемлекеттік тапсырыс және тамақтандыруға кететін шығындарды өтеу мәселесі шешіліп,  арнайы санаттағы 6000-ға жуық бала тегін тамақпен қамтылды.

— Мектепке дейінгі ұйым саласындағы өзекті мәселе — балабақшалардың материалдық жарақтандырылуының төмендігі. Нақтырақ айтқанда,Оқу-ағарту министрлігінің «Мектепке дейінгі ұйымдарды құрал-жабдықтармен жарақтандыру нормалары туралы» №70 бұйрығының талаптары орындалмай отыр. Яғни топтық жабдықтардың — 81 пайызы, интерактивті жабықтардың — 91 пайызы, оқу-әдістемелік  жиынтықтардың 74 пайызы талапқа сай емес. Ал оқытудың жаңа моделін жүзеге асыруүшін заман талабына сай интерактивті жарақтандыру қажет.

Мәселені шешу мақсатында 2025 жылға дейінгі облыстық жол картасы жасалды. Соған байланысты мектепке дейінгі ұйымдардың инфрақұрылымын жетілдіру мен оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға кезең-кезеңмен қаражат бөлу жоспарланып отыр, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Қорлардың қолдауы:

134 шағын жинақты, 12 тірек мектеп және 4 модуль

Сапалы білім берудегі маңызды міндеттердің бірі — қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту. Өткен жылы шағын жинақты мектептерді қолдауға, білім сапасын теңестіруге арналған «Білім ALL» жобасы жүзегеасырылды.

Жаңа оқу жылында жобаға жаңадан 44 мектеп қосылды. Сөйтіп барлығы 164 шағын жинақты мектептің оқушылары білікті педагогтерден дәріс алып жатыр.

Биылдан бастап «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорларының қолдауымен «Цифрлық технологияларды қолдана отырып Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылуда.  Жоба 134 шағын жинақты, 12 тірек мектепті қамтиды және 4 модуль бойынша жұмыс жасайды, — дейді Артур Әуезов.

«Білім беруді тұрақты дамыту» қорының есебінен шағын жинақты ауыл мектептері 5 млрд теңгеге жабдықталып жатыр.  Облыстың 12 тірек мектебінің әрқайсысы 250 млнтеңгеге жаңартылып, 36 магниттік мектепке жетекшілік жасауда. Қазіргі таңда мектептердің жабдықталу деңгейі — 75-100 пайыз.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді. Нәтижесінде облыстағы 5 мектеп республикадағы 100 үздік мектеп қатарына енді.

Жаңа оқу жылынан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан балалармен бірге, (15 мыңға жуық) әлеуметтік мәртебесіне қарамастан,бастауыш сынып оқушыларының барлығы (72 841 бала) тегін тамақпен қамтылуда.

— Өңірде үш бағытта жұмыс жасауға бейімделген «Darabala.kz»  платформасы іске қосылды. Мақсат — қосымша білім саласына берілген мемлекеттік тапсырысты бір жүйеге келтіру, жолға қою. «Артспорт» порталындағы жинақталған ақпарат толығымен «Darabala.kz» платформасына енгізілді. Айта кету керек, үш бағыт бойынша (шығармашылық, спорт, білім) жалпы 20 918 бала мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр, — дейді Артур Талғатұлы.

Құрылыс және жабдықтау

Облыс мектептерінің жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықталу көрсеткіші — 70,2 пайыз. 2023-2027 жылдар аралығында жалпы саны 450 кабинет жабдықтарын (5,4 млрд теңге) сатып алу жоспарланып отыр. Биыл 92 мектепке 158 жаңа модификациялық кабинет алынады. Нәтижесінде пәндік кабинетпен қамту 83 пайызға жетпек.

Ел Президенті шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда жыл сайын кемінде 1000 мектепті заман талабына сай жаңғырту жөнінде тапсырма берген болатын. Жүктелген міндетті орындау мақсатында облыста 114 мектеп жаңғыртылды. 2025 жылға дейін 168 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.

Артур Әуезовтың айтуынша, облыстағы мектептердің 60 пайыздан астамы (252 мектеп) 1930-1990 жылдары пайдалануға берілген. 101 мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан, 24 мектеп — саманнан, 13 мектеп— ағаштан, 4 мектеп қамыстан салынған.  23 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл ғимараттардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Қажетті қаражат көлемі — 4,2 млрд теңге.

Өңірде 4 үшауысымды, 5 апатты мектеп бар. Бұл мектептердің мәселелерін шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 44 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Биыл 22 мектептің құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салынады. Оның 14-нің құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталады. 2024 жылы 4 мектептің құрылысы басталады.

Білім беру ұйымдарының техникалық жағдайларына жүргізілген талдау қорытындысында шұғыл түрде күрделі жөндеу жасаудықажет ететін 47 мекеме анықталды. Оның 17-сі — мектеп, 22-сі — балабақша, 4-еуі — колледж, 1 қосымша және 3 арнайы білім беру ұйымы, — дейді Артур Әуезов.

Оның айтуынша, экономикалық жағынан тиімсіз болуына байланысты қамыс, саман, ағаштан салынған 41 мектепке күрделі жөндеу жүргізілмейді.

96 білім беру мекемесі аттестаттаудан өткен жоқ

Жиында Артур Әуезов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

Биыл білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 748 250,3 мың теңге бөлінді. Қазір білім беру ұйымдарының барлығы сыртқы және ішкі бейнебақылау, дабыл түймесі жүйелерімен қамтамасыз етілген, — дейді Артур Әуезов.

107 ұйым ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылыпты. 192 ұйым кәсіби күзет агенттіктерімен келісімшарт жасаған.Турникет орнатылған мекеме үлесі — 185 білім беру ұйымы.

Кеңейтілген отырыста облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Г.Сәрсенғалиева сапаны қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Осы жылдың 9 айында 110 білім беру мекемесінде мемлекеттік аттестаттау жүргізілген (36 колледж, 13 мектеп, 61 балабақша). Қорытындысында 96 білім беру мекемесі аттестаттаудан өтпепті.

Мемлекеттік аттестаттау барысында 4,9-сынып оқушыларының оқыту нәтижелері бағаланды. Жүргізілген тестілеудің қорытындысы бойынша шекті балл жинай алмай, оқушылар төмен нәтиже көрсеткен пәндердің мұғалімдері базалық біліктілігін арттыруға тиіс, — дейді департамент басшысы.

Облыста 98 мектепте интернет жылдамдығы  келісімшартта көрсетілген жылдамдықпен сәйкес келмейді. Интернет жылдамдығы 11 мектепте — 4 мбт/секундтан, 22 мектепте  8 мбт/секундқа жетпейтіндігі анықталды.

Жиын соңында кеңес мүшелері баяндамашыларға сауалдар қойып, жауаптар алды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button