Тарих

Алтай батыр қайда жерленген?

Біз қилы замандарда ел қорғаған батыр бабаларымызға ескерткіш қою, ас беру, көше атын беру секілді істерге көп көңіл бөлдік те, ал олар туралы ел аузындағы, әсіресе жазба құжаттардағы құнды деректерді жинақтау, зерттеу, ғылыми еңбектер шығару ісіне аса мән бермей келдік. Биыл Ақтөбедегі «Хабар-Сервис» баспаханасынан осы олқылықтың орнын толтырар бір үлкен еңбек жарық көрді. Ол — тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзиннің «Алтай батыр және оның заманы» атты кітабы.

Бұл еңбекте автор қазақ тарихына «ерлік дәуірі» болып енген XVIII ғасырдағы батырлар элитасының көрнекті өкілдерінің бірі Алтай Ебескіұлының ғұмырнамасын сол заманғы ең маңызды тарихи оқиғалармен байланыстыра баяндайды. Ғалым ел аузындағы шежіре және архив құжаттарын молынан пайдаланып, жан-жақты саралаған. Атап айтар болсақ, Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Мәскеудегі Ресей империясының Сыртқы саясат архиві, Ресей мемлекетінің Көне актілер архиві,Ресей мемлекетініңӘскери тарихи архиві, Санкт-Петербург қаласындағы Ресей мемлекетінің Тарихи архиві, Ресей Ғалым Академиясы архивінің филиалы, Орынбордағы облыстық мемлекеттік архив және басқа да архивтерден деректер жинақталған. Тарихшы Жәнібек Исмурзиннің бұл еңбегінде айтылғандай, Алтай батыр есімі алғаш рет 1721 жылы Уфа қаласынан қарақалпақ билеушісі Есім ханға аттанған уфалық дворян Д.Вершинин деген орыс елшісінің жазбасында аталады.

«1738 жылы 28 қаңтарда орыстардың қолына түскен Алаша руының Барамық бөлімінен тарайтын Есенбай батыр Отарұлы тергеудегі жауабында Кете Алтай батырдың қалмаққа қарсы, Есет, Бөкенбай батырлармен бірге 2 мың жасақты басқарғанын айтса, құба қалмақ ханы Дондук Омбо 1738 жылы 15 ақпанда орыс патшайымы Анна Иоанновнаға жазған хатында Есет, Бөкенбай, Алтай батырлар басқарған 4 мың қазақ қосынының өз ұлысына шабуыл жасағанын хабарлады. Бұл жазба құжаттар Алтайдың қатардағы қарапайым батыр ғана емес, атақ-даңқы шартарапқа мәшһүр Бөкенбай, Есет секілді әйгілі баһадүрлермен бірге қазақтың қалың қосынын басқарған қолбасшы екендігіне айқын дәлел», — дейді автор. Көріп отырғаныңыздай, ғалымның еңбегінде Алтай батыр ғана емес, оның замандастары — Есет Көкіұлы, Бөкенбай Қарабатырұлы және басқа белгілі тұлғалар туралы да архив құжаттарынан алған мәліметтер көп. Нақты деректерге сүйенген ғылыми еңбек болғанына қарамастан, халқымыздың сол кездегі тарихы, әсіресе жоңғарлар мен қалмақтарға қарсы күрес, Ресеймен жаңа қарым-қатынас кезеңіндегі оқиғалар өте тартымды, әсерлі баяндалады.

Біз төменде осы еңбектің Алтай батыр Ебескіұлы өмірінің соңғы белесіне арналған бөлімінен үзінді ұсынып отырмыз.

Алтаймен замандас көптеген қазақтың атақты би, батырларының  дүниеге келіп, бақиға аттанғаны жайлы жазба деректердің сақталмауына байланысты нақты өмір сүрген жылдарын анықтау зерттеушілерге қиындық туғызады. Оған қоса мәңгілік мекенін де дәл табу оңай емес. Ал ғылыми негізсіз, шамамен топшылап берілген пікір пайымның кейінгі салдары зор болмақ. Өйткені белгілі тұлға хақында қағазға түскен жаңсақ мәлімет шынайы дерек ретінде қабылданып, уақыт өткен сайын әртүрлі басылым беттерінде қайталана бермек. Мәселен, Есет Көкіұлының 1749 жылы фәниден озғаны  жалған екендігіне қарамастан, көптеген еңбектерде әлі солай жазылып келеді. Батырдың Бестамақтағы кесенесінде көрсетілген өмір сүрген жылдары тарихи шындыққа сай емес. Бір қарағанда, онда тұрған ештеңе жоқ секілді. Соншалықты маңызды көрінбеуі мүмкін. Бірақ осындай қателіктердің тарихи зерттеулерге, ғылыми әдебиеттерге, эцниклопедиялар мен анықтамалықтарға, мектеп оқулықтарына, т.б. еңбектерге енуі, сол арқылы жаңсақ мағлұматтың кеңінен таралуы ұлттық көзқарас пен тарихи сананы қалыптастыру бағытындағы төл тарихымызға кері әсерін тигізбек.

Ел ішіндегі аңыз әңгімелер Алтай батырдың дәм-тұзы таусылып, сағат-ғұмыры тоқтағасын, жамбасы өз атақонысында жерге тиді дегенімен, бейітінің нақты қай жерде екені белгісіз. Сондықтан ол жөнінде ортақ пайым, бірыңғай пікір орнықпай, ел аузынан жеткен әрқилы әңгімелерге негізделген бірнеше болжамның қалыптасуына әкелді.

Біріншіден, ұрпақтарының айтуы бойынша Алтайдың зираты — Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Байтақ қорымында. Ол туралы мәлімет Алтайдың тікелей  ұрпағы Нәдір Әлшінұлы Сармановтан (1906-1973 жж.) жеткен. Қобда ауданындағы «Жарық» совхозының  №1, 2 бөлімшесінде тұрған Нәдір Әлшінұлы 1967-1968 жылдардың шамасында Берік Сабырұлы Дәуітовпен (1923-1996 жж.) бірге Байтақ қауымына барып, «Алтайдың ақ томпағы» аталған батырдың көне зиратының орнын көрсеткен. Ол мұны үлкендерден естіген болуы керек. Шежіре бойынша ататегі Алтай — Есей — Байсал — Баймен — Сүлеймен — Егеу — Әлшін — Нәдір болып таралады. Кеңес үкіметінің қудалау саясатынан қауіптенген Нәдір өзінің би болған атасы Егеудің есімін алмай, оның бауыры Сарманның атына жазылған. Нәдірмен бірге Байтаққа барған сапарында Берік Сабырұлы Алтай атасының басына түнегенін кейін інісі Амангелдіге айтқан. Біраз уақыттан соң Амангелді Дәуітов ағасы Берікті сол қауымға апарған. Өкінішке қарай, ол інісіне зираттың орнын нақты көрсете алмаған.(Дерек беруші — Амангелді Сабырұлы Дәуітов (1945 ж.). Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ататегі: Алтай — Есей — Байсал — Баймен — Бексейіт — Дәуіт — Сабыр — Амангелді).

Алтайдың Байтақта жерленгенін кезінде Қожық молда (1910-1993 жж.) да немересі Сағит Базарбайұлына айтып, қауымға апарып көрсетіп кеткен. Мұны Сағиттың інісі Әуез растайды. Дегенмен Сағит кейін С.Құсайыновпен бірге Байтаққа барғанында, батырдың зиратын дәл тауып бере алмаған. Осыған қарамастан, Ақтөбе энциклопедиясында:«Алтай батырдың мүрдесі Абат-Байтақ қорымына қойылғанын ұрпақтары көне араб жазуын оқыту арқылы тапқан» десе, орысша нұсқасында да:«Место захоронения Алтая Ебескиулы установлено по кулпытасу на некрополе Абат-Байтак в долине р. Хобда» деп келтірілген. Дәл осылай жазылған соң, қарапайым оқырманның бұған сенері анық. Ал шын мәнінде, Алтай батыр сүйегінің нақты осы қауымда жерленгенін түпкілікті растайтын құлпытас сақталмаған. Сондықтан жоқ құлпытастың жазуын оқыту дегеннің өзі ойдан туған қиял болып табылады.

Келесі болжам бойынша, Алтай батыр Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы  Сарытоғай ауылдық округіне қарасты «Алтай зиратына» жерленген. Сағыз өзенінен тура оңтүстікке қарай тіке ағып жатқан Терісаққан сайының бойындағы бұл қауым кеңестік әскери топографиялық картада «кладб. Алтай» болып белгіленген. Бүгінде Сарытоғай ауылдық округінің орталығы «Алтай батыр» ауылы деп аталады. Оның себебін А.Мамаұлы былай түсіндіреді: «Бұл 1964 жылдың тамыз айының орта кезі болатын. Мен жаңадан құрылып жатқан «Алтай» атты кеңшардың Шұқырши елді мекеніне бару үшін жол машинасымен ағамыз Сақи Төрембетұлымен кеңшар орталығы болып жатқан Қопаға бардық та, жаңадан құрылып жатқан кеңшардың директоры Зейнолла Боқтыбаев ағайға кездесіп, кеңшардың атының «Алтай» қойылуының себебін сұрадым. Сонда директор ағай: «Бұл жерден осыдан оңтүстік-батыста Ақкете Алтай батырдың қорымы бар, бұл —соған байланысты атау», — деген болатын». Сөйтіп, 1964 жылы Н.Крупская атындағы және Баршақұм колхоздарының негізінде Алтайдың есімімен аталатын совхоз құрылған. Осы шаруашылықтың орталығы болып есептелетін елді мекенге Алтайдың есімі берілген. Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін қазылған артезиан құдығын ел-жұрт «Алтай бұлағы» деп атап кеткен.

Қарауылкелді ауылының тумасы И.Ермекбаев та Алтай батыр есімінің Байғанин ауданымен байланысты екендігіне басымдық береді. Ақсақалдың айтуынша, 1963 жылы құрылған «Алтай» совхозының территориясы Сағыз өзені мен Жем арасындағы жерлерді қамтыды: «Кеңшар орталығы әуелі Алтай батырдың жаз жайлауындағы суы мол тұщы құдығының басы болып белгіленді. Жаңа совхозға директор болып келген Зейнолла Боқтыбаев: «Бұл жер кең, жайылысқа жақсы болғанымен, орталық салуға келмейді. Кеңшар орталығы өспей тұрмайды. Бір құдыққа малымыз бен жанымыз үңіліп отыра бергенше, өзен-судың бойы малға да, жанға да қолайлы, орталықты Қопадан белгілейміз» деп кесіп айтты. Кеңшардың бұрын минсельхозға ұсынып қойған атын өзгертпей, «Алтай» совхозы деп қойды. Ескіше сауаты бар, ел арасында құлағы түрік жүретін З.Боқтыбаев Алтай батырдың атына да, даңқына да қанық болатын. Сұрағандарға да «Кеңшар батырдың атына қойылған» деп жүретін. Кейіннен кеңшар таратылған кезде оның атын мәңгі есте қалдыру мақсатында бұрынғы кеңшар орталығы «Алтай батыр ауылы» болып аталып қалды».

Сонымен, Ибрагим ақсақал (1946 ж.) Алтай батырдың асыл сүйегі Терісаққан сайының бойындағы Алтай қауымында деген пікірді қолдайды. Әсіресе Алып ана, Қабыланды, Қарақұм, Жылыой бағытындағы Ұшқан ата секілді көне қауымдардан ақкете Әлмәмбет аталығының және Алтай батыр ұрпақтарының құлпытастарының табылуына байланысты бұл аймақтың олардың атамекен қонысы болғанын алға тартады. Осыған орай Алтай батыр да өмірінің соңғы кездерін осы жерлерде өткізген. Сол құлпытастардың кілтін маңғыстаулық маман Н.Құлбаев ашып, Алтай батыр ауылынан 60 км шамасында, оңтүстік бағытта орналасқан Алтай қорымындағы 11 құлпытастың мәтінін оқыды. Оның төртеуі Шекті руының Шүрен бөліміне, екеуі Жекейге, біреуі Ожырай Мырзаға, үшеуі Адайдың Мұңал, Тобыш, Қараш тайпаларына, біреуі Кердері руына тиесілі. Ең көнесі Ожырай басындағы белгі екен. Онда:«Ожырай руы Мырза тайфасы Рысқұл Қалыбек Жылқыайдар … … …? молла уфат 25 жасында 1243 жылда … … … мырза» деп жазылған. Бұл молданың ата-бабалары ел істерінде көзге түсіп, жазба деректерге енген. 1743 жылы 7 шілдеде Орск бекінісінде өткен кездесуге кетенің атақты 14 старшынымен бірге ожырай Құдайсүгір аталық Рысқұлұлы мен Қайдос би Мырзаұлы келген. Сондай-ақ қазақ-орыс келіссөзіне Қалыбек Рысқұлұлы және оның баласы Қойсоймас Қалыбекұлы қатысып, ожырай таңбасын басқан.

Қалыбектің Жылқыайдарынан тарайтын молданың фәниден озған уақыты құлпыда һижра жыл санауымен берілген. Қазіргі күнтізбе бойынша 1827/1828 жылға сәйкес келеді. Олай болса 1802/1803 жылы дүниеге келген. Сондықтан қауымда оған дейін өмірден өткендер жерленуі кәдік. Өйткені XVIII ғасырда қайтыс болған қазақтардың басына қойған белгілерінің бүгінге жеткені соншалықты көп емес. Соған қарағанда құлпытас тұрғызу ісі кейінгі кезеңмен салыстырғанда сол заманда кеңінен таралмаған тәрізді. Алтай қорымында 40-тан астам көне бейіттердің орындары сақталған. Олардың біразында құлпытастың орнына ру таңбасы қашалған тақтатас орнатылған.  Құлпытас қоюға бәрінің бірдей әлеуеті жете бермеген секілді. Ал көне қауымдардың жеке адамның атымен аталуы сол жерге белгілі тұлғаны жерлеуге байланысты қалыптасқан. Мәселен, Оймауыт ауылынан 45 шақырым оңтүстік-батыста Асан қожа қорымы бар. Қауым XVIII ғасырда өмір сүрген Асан қожаның атымен аталғанымен, басына тұрғызған белгісі сақталмаған. Қорымдағы көне құлпытас 1846 жылы 70 жасында көз жұмған Адай руындағы Қараш немересі Қонысқа тиесілі (Құлбаев оқыған).Яғни сол уақытқа дейін осы жерге жамбасы тиген марқұмдардың басына орнатқан белгілері уақыт өте табиғат әсерінен бүлінуге ұшыраса, кейбірінің жазулары өшкендіктен мәтіндерін оқу мүмкін емес-ті.

Үшіншіден, Ақтөбе облысының географиялық атаулары берілген мемлекеттік каталогқа Байғанин ауданындағы «Алтай батыр» ауылы (антропойконим),  «Алтай зиратымен» қатар, Қоқанай тауының оңтүстік-шығысы мен Ақбота тауының солтүстік-батысындағы «Алтай мекені» және Аспантай-Матай сорының солтүстік-батысы мен Дөңгелек сордың оңтүстік-батысындағы «Алтайсор» деген жер атаулары тіркелген. Осы мәліметке иек артқан тарихшы И.В.Ерофеева Бөкенбай батырға арналған зерттеуінде «…старшин алимулинца Алтая Ебескиулы увековечено в названии одноименных урочища и солончака, расположенных также в Байганинском районе» деп анықтады. Ғалым сүйенген  Қоқанай тауының оңтүстік-шығысы мен Ақбота тауының солтүстік-батыс бағытындағы Алтай мекені Терісаққан сайы бойындағы Алтай қорымына сәйкес келеді. Ол жер 1932 жылғы «Орал-Ембі мұнайлы ауданының картасында» Алтай атауымен триангуляция нүктесі ретінде белгіленген. Олай болса, бұл аймақ бұрыннан «Алтай мекені» аталған. Ал Алтайсор сол тұстан шалғайда орналасқан. Оған «Алтай руының атымен аталған сор»деген сипаттама берілген. Сор маңындағы қауымға қатысты мәлімет Құлсары қаласының (Атырау облысы) тұрғыны Түйеші Қорғанбайұлынан жетті. Оған Алтайдың Есейінен тарайтын ағайыны Қуан Мұқтаров (1942 ж.) 2011 жылы Ақтөбе облысы Темір ауданы Сарыкөл ауылынан келген Сабыр Мәжиевтен (1937 ж.) батырдың зираты жайында әңгіме естігенін айтқан. Осыдан кейін Түйеші 2013 жылы Темір өзенінің сол жағалауындағы Сарыкөлге ат басын тіреген. Сабыр ақсақал өзінің көрген-білгенін баяндаған. Кеңес кезінде 8 колхозды біріктіріп, Кеңқияқ совхозы құрылған. Кеңшарды Сақи Мәуесев деген директор 18 жыл басқарған. Солардың бірі — 25 жылдық атындағы колхоз 1950-1960 жылдары қойдың қысқы азығына шөп шаба алмағасын Матай құмдары арасына барып қыстап шығады екен. Бұл өңір — Кеңқияқтан 300-350 шақырым шамасында. Сабыр сол жерде Қайырбай деген аға шопанда көмекші болып істеген. Қайырбай қарт — өзі молда, арабша, жәдидше оқи алатын діни сауаты бар адам. Сол кісінің мал бағып тұрған жерінде ескі екі төртқұлақты бейіт болған. Аралары — 5-6 шақырым. Соның бірі Алтай батырдың бейіті деген. Төртқұлақты қара балшықтан соғылған. Белгісі қаратас, арабша жазылған. Оған баратын жолдың сұлбасы былай екен: «Көлтабаннан 22-ге, күншығысқа Егізқара бағытына, оң жағында екі там бейіт орналасқан. Одан Төлебай көне қорымына жетеді. Құдығы шыңырау, төртқұлаш мосағашы бар. Әрі қарай Балға, Түлкілі, Тәпекей мекендері жалғасады. Түлкіліде Арқардың моласы бар. Бұлар жаугершілікте қаза болған. Алтай батыр бейіті Балға мен Тәпекей арасында. Олардың аралары қозыкөш жер. Алтай батыр мен Арқардың арасы да сондай».

Дегенмен бұл бағыт бойынша жүргізілген іздестіру жұмыстары да нәтижесіз аяқталған. Кейін жаңадан іске қосылған Шалқар-Бейнеу теміржол желісінде Алтай разъезі бой көтерді.

Төртінші болжамға сай,Ж.Мұратбаев: «Тұран елінің ардақты перзенті Алтай биді өзінің айтып кеткен өсиеті бойынша қызмет істеп, Әлмәмбет қырындағы ата-бабаларының әулиесіне жерледі» — деп анықтайды. Ол мекеннің нақты қай жерде екендігі белгісіз, картаға тіркелмеген. Өлкетанушы И.Ермекбаевтың айтуынша, Терісаққан сайы бойындағы Алтай қауымының солтүстік-батыс беткейіндегі кең жазықты «Әлмәмбеттің жазығы» деп атаған.

Бесіншіден, Алтықарасу мен Ойылдың аралығындағы Келбатыр қырында Алтай қауымы бар. Кеңестік әскери топографиялық картаға «кладб. Алтай» болып түскен. Ақтөбе облысының географиялық атауларында Ойыл ауданындағы «Алтай бейіті» (генонекроним) деп тіркелген. Қорымға аяқтай барған И.Ермекбаевтың пікірінше, ол жерде белгі түгіл, молалардың ізі де қалмаған. Жергілікті тұрғындардан да осы маңда молалардың болғанын білетін адамдар болмаған. Десек те бұл қоныста заманында көне бейіттің болғаны анық. Ол уақыт тезіне төзе алмай бұзылып, шөгіндіге айналып, кейін жермен-жексен болып тегістеліп кеткен сыңайлы. Олай болмаса топографиялық картаға белгіленбес еді. Сондықтан XVIII-XIX ғасырда осы өлкеде өмір сүрген адамның зираты деуге келеді.

Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе, Алтай батырдың жерленген жеріне қатысты келтірілген нұсқалардың барлығы тек болжам сипатында екенін мойындау қажет. Өйткені аталған орындардың ешбіреуіне тарихшы, археолог және антрополог мамандардың қатысуымен мақсатты түрде қандай да бір ғылыми зерттеулер жүргізілмеген. Сондықтан атақты батырдың бейіті нақты қай жерде орналасқан деген мәселені сенімді түрде шешу әзірше мүмкін емес. Алтаймен замандас әйгілі Бөкенбай батырдың бейітіне қатысты ғалым И.В.Ерофеева да  өз пікірін осылай білдірген еді.

Жәнібек ИСМУРЗИН,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button