Тарих

Бауыржанның көзін көрген бөгетсайлық ақсақал

Бір сурет тарихы

«…1976 жылдың мамыр айы, шаруа тілімен айтқанда, мал төлдету науқаны. Көп жыл мал соңында жүрген әкемнің буын-буыны сырқырап, сырқаты сыр білдіріп, үлкендіктің де әсері білініп, аяғын шаққа басып жүрген кезі еді. Әке жағдайын әлдеқашан ойлағанмен, «ана шаруа, мына шаруа», деп жүріп, араға біраз уақыт түсіріп алдық. Әкем екі тізесін баса алмай, орнынан әзер дегенде тұрып жүретін халге келді. Дәрігерлер санаторийге, курортқа апарып емдеттіру керектігіне кеңес берді. Керекті құжаттарды дайындап алып, сол 1976 жылдың мамырында Сарыағаш курортына жүріп кеттік…». Бұл — 2005 жылы «Ақтөбе» газетінде шыққан қаламгер Қызмет Нұралиннің «Бауыржанның суреті» атты мақаласынан үзінді. Мақала кейіпкері — Серікбай Шәкейұлы қазір Хромтау ауданының Бөгетсай ауылында тұрады. Тоқсан жасқа таяған қарияның сол сапарда Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын өз көзімен көргенін, әкесі Шәкей Нұржауовтың батырмен әңгімелесіп, дидарласқанын, тіпті бірге суретке түскені жайында жазылған мақаланың кейіпкері әлі тың.

Кешегі және бүгінгі кейіпкер

Автордың мақаладағы бұл тақырыбына қайта оралуымызға Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылындағы музей экскурсоводы Зейнеп Айжарыққызының музейдің әлеуметтік парақшасына жүктеген мына бір жазбасы түрткі болды. «Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының көзін көрген Серікбай Шәкеевпен былтыр жолыққан болатынбыз. Қолымызға кездейсоқ түскен Қызмет Нұралиннің мақаласын көзіміз шалмағанда, батырдың көзін көрген тірі куәнің бар екенін мүлдем білмеген де болар едік. Жылдағы әдетіміз бойынша музей мұрағатындағы Ұлы Отан соғысына қатысты материалдарды әзірлеп, көрмеге іріктеп отырғанбыз. Олардың арасында газет бетіне басылған мақалалар да өте көп. Алайда оларың бәрін бір мезетте оқып шығу, танысу мүмкін емес. Мақалаларды реттеп отырғанымда «Қызмет Нұралин»  деген жазуды көзім шалып қалды. Бұл жазудың көзіме оттай басылатын себебі бар. Сол уақыттары осы қаламгердің мақалаларын зерттеп, бір бөлек жинап жүрген болатынмын. Себебі бұған дейін музей мұрағатында Қызмет Нұралиннің материалдары жоқтың қасы еді. Ал қазір біршама жинақталып қалды. Содан әлгі газеттегі материал автордың2005 жылы «Ақтөбе» газетінде жарық көрген «Бауыржанның суреті» атты тұтас бір беттік мақаласы екен. Мақаланың қақ ортасына маған бейтаныс ақсақал мен Бауыржан Момышұлының фотосуреті басылған.  Мақаланы сол бойы бір деммен оқып шықтым. Сөйтсем, бұл мақала Бөгетсай ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Серікбай Шәкеевтің әкесі Шәкейдің Бауыржан Момышұлымен түскен суреті туралы «сөйлеп» тұр екен. Олардың екеуара қалай кездескені, әңгімесі баяндалған.

Автор мақаласында «…Жарты ғасыр қой бағып, омырауына бір «медаль» тақпаған әкесінің бүкіл дүниежүзіне белгілі Бауыржан Момышұлымен суретке түсіп, ұзын орындықта иықтаса отыруы, екі батырдың атқа мініп, үзеңгі қағыстырып жүргендей әсер берді»деп суреттейді.

Аңызға бергісіз әңгімелерден Баукеңнің кез келгенмен суретке түсе кетуге құштар болмағандығын жақсы білеміз. Осындай тарихи тұлғамен жүздес болудың өзі үлкен тарихи оқиға ғой. Ал енді осы тарихи тұлғаның көзін көрген кісіні қайта көру, қайта ол кісімен жүздесу — біздің көкейімізді тескен арманымыз болды. Ол кісімен кездесуге құмартқанымыз соншалық — сол мезетте-ақ ол туралы іздестіре бастадық. Музейдің бөлім басшысы Рая Байзақова екеуіміз жан-жақтан сұрастыра келе, Қызмет Нұралиннің сұхбат құрған кейіпкері — Серікбай Шәкеевтің әлі де сол Бөгетсайда тұратындығын анықтадық. Шыны керек, халықтың Бауыржанымен жүздескен адамды көруге, әңгімесін өз аузынан естуге қатты құмарттық. «Үлкендіктен сөйлеуге шамасы келмесе де, мейлі, ештеңе етпес, тіпті болмаса, газетте жарияланған фотосуреттің түпнұсқасын өз көзімізбен көріп, өз қолымызбен ұстап, соны түсіріп алсақ деген ойымыз болды. Бағымызға орай, ақсақал тың екен. Жасы 87-ге келген. Өзін іздеп келгенімізді естігінде өте қатты қуанды. Ә дегеннен өзінің әңгімесін бастап кетті. Әкесі Шәкейдің Бауыржан Момышұлымен қалай кездескендігін, олардың кездесуіне қалай куә болғандығын, барлығын бастан-аяқ баяндап берді. Әңгіме арасында өзінің жинап қойған бір папка дүниесін ақтарып отырып, ескі фотосуретті қолымызға ұстатты» деп жазыпты.

Шәкейге қойылған шарт

Зейнеп Айжарыққызының айтуынша, бір өкініштісі, ауылда қағаз шығаратын техника болмағандықтан, әлгі суретті олар ұялы телефонға ғана түсіріп алған.

«Бауыржан Момышұлының 1910 жылы дүниеге келгенін ескерсек, бұл суретте батыр 66 жаста, ал Шәкей Нұржауұлының жасы ол кезде 74-те екен. Себебі сұхбатты қайта бағдарлап отырып, Серікбай Шәкеев әкесінің 1980 жылы, яғни 78 жасында дүниеден өткендігін айтады. Сондай-ақ осы мақалада Шәкей Нұржауұлы Бауыржанға екі сұрақ қояды. Оның бірі — немересіне батырдың есімін берсем деген ниеті. Мақалада «Менің есімімде мыңдаған бала Қазақстанның әр түкпірінен кездеседі. Олар менен жаңағы сізге ұқсап «Бауыржан деген есіміңізді балама қояйын ба?» деп сұраған жоқ. Ата-аналары батыр болсын деген үмітпен, тілекпен есімімді берген шығар. Атына ісі сай болса, сөз басқа. Ол Бауыржандар, бұл Бауыржандай болса, өкінішім жоқ. Ал қорқақ болса, есімдерін қағаздан сызып тастасын. Ұқтың ба?» деген шарт қоятынын автор кейіпкердің баяндауынша жазған. Міне, осындай шартқа келіскен Шәкей Нұржауұлы кейін бір немересіне батырдың есімін бергенін біз Серікбай ақсақалдың өз аузынан естідік», — дейді З.Айжарыққызы.

Бауыржан Момышұлы (сол жақта) және Бөгетсай ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкей Нұржауов. 1976 жыл. «Сарыағаш» санаторийінің алдында.

Тарихи суреттің сыры

«Сіз неге әкеңіздің жанында Бауыржанмен бірге суретке түспедіңіз?» деген музей қызметкерлерінің сауалына ақсақал: «Бауыржан мені түсірмей тастады», — деп күле жауап берді. Бөгетсайға барған сапарларында олар Серікбай Шәкеевтің өз көзімен көрген бұл тарихи оқиғаны баяндауын бейнежазбаға түсіріп алып, музейдің әлеуметтік парақшасына жүктепті. «Бауыржанмен кездескенде әкем сөйлесті. 8 май күні біз далада жүргенбіз. Осы санаторийде демалып жатқан Бауыржан Момышұлымен халық амандасып жатты. Халық аулаға сыймай кетті, шамамен 500-дей адам шығар, барлығы батырдың жанында тұр. Әкем есіктен шыға бергенде, Баукең оны анадайдан бірден көрді. Себебі әкем басына бөрік, үстіне шапан киген еді. Сол сәтте ұшып тұрып, өзін қаумалаған халықты екі  қолымен бірдей ысырып, жол ашуға мүмкіндік жасады. Халық та түсініп, қақ бөліне қалды. Әкем де қарсы жүріп, қасына жақындап, амандасты, шамалы сөйлесті. Бір сәтте Баукең әкемді шап етіп ұстап алды. Анадай жерден қарап тұрған маған: «Құдай-ау, бұл неге әкемнің белінен ұстап жатыр?» деген ой келді. Бір уақытта екеуі қарқылдап күліп, ана жерге барып отырды. Бақсам, әкем «Кіші жүзбін» дегенде, ол «батырдың тұқымы екенсің, мен сенімен күресемін» деп, әкеммен белдескен екен ғой. Сонымен, екеуі кездесіп, төрт рет сөйлесті.  Әкем онымен екінші кездескенінде: «Мен Бауыржан Момышұлымен курортта бірге болдым, әңгімелестім. Бір столда отырмасақ та, бір жерден тамақ іштік» дегенмен, ауылдағы шалдарды бұл сөзіме қалай нандырамын? Сондықтан сіз менімен суретке түсесіз бе, рұқсат етесіз бе?» деп сұраған ғой. Баукеңотырып-отырып: «Сенімен суретке түсемін. Бірақ сенің атыңды мен ұмытып қаламын. Сондықтан саған берген уәдемді де ұмытып қалуым мүмкін. «Кет, мен кім көрінгенмен суретке түспеймін» деп қуып жіберуім де мүмкін. Өйткені менімен бірге суретке түскендер фотоны бала-шағаға беріп,  жыртылып жатқанын талай рет көрдім. Оны соғыс уақытында да көргем. Егер менімен түскен суретіңді күтіп ұстайтын болсаң ғана келісемін» дегенде, әкем  «төріме іліп, немер-шөберелеріме аманат етемін» деп уәде берген.

Суретші жоқ, Ташкенттен келеді. Сарыағаш пен екі аралық — 18 шақырым. Содан суретші келіп, енді  суретке түсейік деп Баукеңді іздесек, Бауыржан жоқ. Арғы бетте кәуапхана бар еді, «Құдай-ау, біреулер соған ерітіп кетпеді ме екен» деген оймен сол жаққа жүгіріп бардым. Онда жоқ. Қайтып келе жатсам, оның шаштаразда отырғанын терезеден көрдім. Әкем далада отырған. Оған Баукеңнің шаштаразда отырғанын айтып, «шақырайын ба?» дедім. «Айт, өзі уәде берген. «Кіші жүздің ақсақалы сізбен суретке түскісі келеді» десең ғана мен есіне түсуім мүмкін», — деді әкем. Шаштаразға кіріп барғанымда, бір-бірімізді айнадан көрдік. Әкемнің айтқанын сол күйі жеткізгенімде, маған жалт қарады да, алдындағы жапқышын былай қойды. Даладағы орындыққа отырғасын әкем «балам да бірге түссін» дегені сол еді, көзі бадырайып, «тек қана сенімен дегенмін» деп қолын шошайтты. Сөйтіп, мені суретке түсірмей тастады. Мен әкемнің Баукеңмен суретке түскеніне ырза болып жүрмін. Содан Бауыржан мен әкемнің түскен суретінің түрлітүсті түрінен он данасын, ақ пен қара түстісінен жиырмасын шығартып, ауылға әкелдік. Қазір содан қолымызда бір-ақ сурет қалды», —дейді ақсақал.

Жуалыдағы жәдігер

Бүгінде осы бір тарихи суреттің бір данасы Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы мемориалды музейінде сақтаулы тұр. Аталған музейге бұл суретті Серікбай ата жолдапты. «Сіздің жазған естелік хатыңыз бен Бауыржан Момышұлының Шәкей Нұржауұлымен түскен суретін алып, қуанып қалдық. Әрине, атамыз құрметтеп, сыйлаған халық өте көп болғаны сөзсіз. Сіздің әкеңіз де, оның ұрпақтары — сіздер де солардың бірі екендіктеріңізді бүгін дәлелдеп отырсыздар.

Тарихы 40 жылға жуық сурет Бауыржан Момышұлының мұражайына келді. Суретпен бірге атамыздың ғұмырының жалт еткен бір сәтін көрдік. Ал сіздің әкеңіздің әңгімесі Бауыржан атамыздың ел біле бермейтін тағы да бір қырын көрсете білді. Ол кісіні «қатал, дөрекі, өзін жоғары ұстайтын, менмен» адам ретінде көрген кейбір бауырларымыз қайта қасына барғысы келмейді, оның себебін де білгісі келмейді. Алайда «қарапайым малшы Шәкей Нұржауұлымен неге жөн сұрасып, өзінің ескі танысындай әңгімелесті екен?»деген сұрақ әркімді де мазалаған шығар сол уақытта. Әрине, сіздің әкеңіздің сол қарапайымдылығын, өзінің шыққан тегін, тарихын, тілін, салт-дәстүрін білетіндігін Бауыржан Момышұлы көре білген. Адам жанының психологі деп осыны айтар едім. Баукеңе сіздің әкеңіздің осы қасиеттері ұнаса керек. Себебі Бауыржан — халқының қалаулы ұлы. Ол өз халқын, ұлтын, елін, жерін өз жеке басынан жоғары қойған. Сондықтан да оған Кеңес Одағының Батыры атағы дер кезінде берілген жоқ. Алайда Бауыржан атамыз — атақтан да, байлықтан да халқын, салтын, тарихын, ұлтын, Отанын жоғары қойып, аса қадірлей білген азамат. Ұнаған адамынан ештеңесін аямайтын — кең пейілді, көмекке мұқтаж, жағдайы төмен, қарапайым адамдарға қолынан келгенше көмегін аямаған, мол мейірін төккен, ұлтымыздың тарихи шежірелерін білетін адамдарды қастерлей білген жан.

Адам жанының психологі, көреген Бауыржан Момышұлы Шәкей Нұржауұлының жан дүниесін тани білген, сенген. Міне, Баукеңнің сол сенімін ақтап, өздеріңіздегі ұзақ жылдар сақталған тарихи суретті атамыздың музейіне жібергендеріңіз үшін көп рақмет. Біз суретті акті бойынша қабылдап, музейдің жәдігерлеріне қостық. Оны музейге келген қонақтар көріп, тарихымен танысатын болады. Атамыздың қаншама суреттері, заттары сіз сияқты азаматтардың, халықтың қолында жүр. Сол кісілер де сіздер сияқты қолындағы осындай жәдігерлерді Баукеңнің музейіне тапсырса ғой, шіркін! Ол заттың, суреттің, құжаттың тарихын тек сол адамның айналасындағы аз адам ғана біліп қоймай, бүкіл қазақстандық білер еді. Бауыржан — халықтың адамы, халық батыры. Олай болса, бір кездерде сол кісінің өз қолымен берген заттарына, келісімімен түскен суреттеріне қоса сол заттың, суреттің, құжаттың тарихын жазып, музейге жіберсе, келер ұрпаққа қалдырған мұра, тарих болар еді», — деген Алғыс хатпен қоса, батыр атындағы музейдің сыртқы, ішкі түрі және музей меңгерушісі мен техникалық қызметкерлердің фотосын Бауыржан Момышұлы мемориалды музейінің меңгерушісі Ғалия АуғанбаеваСерікбай атаның атына жолдапты.

P.S.Бүгінде сегіз баладан немере, шөбере сүйіп отырған Шәкеевтер әулетінің қос бәйтерегі — Серікбай ақсақал мен Жәмиға әжейдің жарасымды тірлігі көпке үлгі. Айтпақшы, әзілге жақын Серікбай ата өзімен суретке түсуге оқталған музей қызметкерлеріне «әжелеріңсіз түспеймін» деп бір күлдіріп алыпты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button