Жастар

Ақтөбеліктер жастар күнін қалай атап өтеді?

12 тамыз — Халықаралық жастар күні. Осы атаулы күнге орай 7-12 тамыз аралығында облыста ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бүгінде өңірде 14 пен 35 жас аралығындағы 164341 жас бар. Бұл — облыс халқының 30 пайызы. Халықаралық жастар күні қарсаңыңда  өткізілетін іс-шаралар туралы қалалық жастар ресурстық орталығының мамандарынан білген едік…

 «Жастар — Елге!» кешенді іс-шаралары басталды

 Жастардың жат ағымдарға ермей, өзге елдің салт-дәстүріне еліктемей, өз халқымыздың дәстүрін қадірлей білуге үйрету, бағыт беру — аға буынның парызы. Осы орайда Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және оларды еңбекке баулу мақсатында кешенді іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Ресурстық орталықтың мамандары жастар мерекесіне қызу дайындық үстінде.

Орталыққа келіп жүгінген жастардың денін жұмыссыздық мәселесі алаңдатады. Мәселен, жыл басынан бері 23 жас қалалық жастар ресурстық орталықтары арқылы жұмысқа орналасты. Биыл 138 қоғамдық іс-шара ұйымдастырылып, оған белсенді жастар қатысты. Атаулы күнге арналған мереке қарсаңында ауқымды іс-шаралар қала әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.  Жастар күнін атап өтуге арналған тұжырымдамаға сәйкес, 7-9 тамыз аралығында «Жастар — Елге!» атты кешенді іс-шара аясында қайырымдылық акциялары өткізілді. Акция аясында 100 отбасына азық-түлік таратылып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсетілді. Аталған акцияға Астана, Алматы ауданының әкімдіктері, «Бақытты отбасы» орталығы және кәсіпкерлер қолдау көрсетті.

12 тамызда Есет батыр алабында, Орталық стадионда,Триатлон саябағында «Жастар — ел тірегі» квест ойыны, қала жастарының қатысумен караоке кеші, «Street dance» заманауи би жарысы өткізіледі. Жүлде қоры 300 мың теңге болатын би жарысына 200-ге жуық жас қатысады деп жоспарланып отыр. Ақтөбеліктер мерекелік думанды кешкі 18.00-20.00 аралығында тамашалай алады, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Қожабеков.

Оның айтуынша, қалалық жастар ресурстық орталығында 11 адам жұмыс жасайды. Орталықта жұмысты үйлестіретін екі бөлім бар: ақпараттық түсіндіру және жастармен жұмыс бөлімі, қоғаммен байланыс бөлімі. Орталық көптеген акциялар мен ауқымды шаралардың өтуіне мұрындық болып, қала жастарын еңбекке, ізденіске шақырады. Сондай экологиялық акцияның бірі мереке қарсаңында өткізіліп, жағалау маңы қоқыстан тазартылды. Денсаулық пен тазалықты, табиғатқа жанашырлықты дәріптейтін шараға 60-қа жуық ерікті жас қатысты.

Мереке қарсаңында жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Taza Qala» акциясы өткізілді. Іс-шара аясында қала жастары Ақтөбе су қоймасының жағалауын қоқыстан тазартты. Оған орталық мамандары, Астана және Алматы аудандарының Пробация қызметінің қызметкерлері, студенттер мен ерікті жас жұмылдырылды.

Халықаралық жастар күні қарсаңында ұйымдастырылған акцияға қатысушылар құрал-жабдықтармен, қолғаптар мен экологиялық акцияға арналған футболка, арнайы кепкалармен қамтамасыз етілді. Одан бөлек қаланың тазалық жұмысына атсалысқан жастарды тасымалдау мақсатында 3 автобус бөлінді. Осындай экологиялық акцияларды ұдайы ұйымдастыру жоспарымызда бар, — дейді орталық басшысы.

 Жастар жаңашылдыққа шақырады

 Қоғамдық іс-шараларға қатысып жүрген белсенді жастармен де әңгімелескен едік. Солардың бірі —  «Мұрагер» еріктілер тобының жетекшісі Айдарбек Саматұлы. Ол қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары қызметіне жақында ғана тағайындалыпты. Аз уақыттың ішінде іскерлігімен көзге түскен ол алдағы жоспарларымен бөлісті.

— Маған жастармен жұмыс жасаған ұнайды. Есейе келе игі істерді көбірек ұйымдастырып, өзім секілді белсенді жастардың басын қосатын топ ашқым келді. Сөйтіп, 2020 жылы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жанынан «Мұрагер» еріктілер тобын аштым. Бүгінде жеткен жетістіктеріміз баршылық. Топ құрамында 20 шақты жас бар. Көптеген ауқымды іс-шараларды қалалық жастар ресурстық орталығының қолдауымен өткізіп келеміз. Пандемия өршіп тұрған уақытта мұқтаж отбасыларға көмектесіп, бір отбасына ұялы телефон сыйлаған кезіміз де болған. Соңғы 3-4 жылда жастар арасында Ғашықтар күнін тойлау дәстүрге айналып келеді. Жастар жағы бастаңғы ұйымдастырып, көңілді кештердің ұйытқысы болып жүр. «Мұрагер» еріктілер тобы қаламызда алғашқылардың бірі болып осы күнге орай байқау ұйымдастырған еді. Алдағы уақытта  жастармен бірлесіп, көптеген ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарымызда бар. Студенттерім қайырымдылық акцияларынан бөлек, басқа да кешенді шараларды өткізу арқылы жауапкершілікке, табандылыққа үйренді. Ендігі мақсатымыз үздік волонтерлер анықталатын облыстық байқауда «Жыл үздігі» номинациясын жеңіп алып, республикалық додаға жолдама алу. Білімді де білікті, парасатты, адал, шыншыл ұрпақ тектілігіміздің айнасы. Тәуелсіздігіміздің іргетасының берік болуы ұлтжанды азаматтарымыздың қолында екенін әсте естен шығармайық, — дейді ол.

 Қала жастарын әңгімеге тарта келе арасынан жаңашыл мамандықтарды игерген жастарды да кезіктірдік. Солардың бірі 16 жастағы қала тұрғыны — Тамирлан Жарасбай. Ол 14 жасынан бері ұялы телефонмен монтаж жасауды кәсіби түрде игерген. Белгілі мобилографтардан білімін жетілдерген ол жеке мектеп ашып, жастарды мобилографияға оқытқысы келеді.

— Жастар арасында өткізілетін іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Мобилографиямен айналысқаныма 3 жыл болды. Биыл облыстық байқауда 1-орын иеленіп, «Үздік мобилограф» атандым. Қазірдің өзінде қаламыздағы белгілі блогерлермен жұмыс жасаймын. Айына 500-600 мыңдай табыс табамын. Бос уақытымда жастарды мобилографияға үйретемін. Осы орайда менің мобилография курсымды өткізуге қолдау көрсетіп отырған жастар ресурстық орталығына алғысымды білдіремін. Жастар үнемі ізденісте болуы тиіс деп санаймын. Мен еліміздегі мықты деген мамандардан сабақ алып, курстарына қатысып тұрамын, — дейді ол.

Жас спортшы — Әли Абзалұлы көптеген облыстық, республикалық турнирлерде жеңімпаз атанып жүр. Биылғы жазғы демалысын қайырымды істерге арнап, қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кешенді іс-шараларға қатысуды жоспарлап отырғанын айтады.

Қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған тазалық акциясына алғаш рет қатысып отырмын. Барша қала тұрғындарын экологиялық акцияға қатысып, тазалыққа немқұрайды қарамауға шақырамын.

Спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Бос уақытымды  спорт кешендерінде жаттығумен өткіземін. Ережесіз жекпе-жекпен айналысқаныма үш жылға жуықтады. Жуырда өткен Қазақстан чемпионатында 1-орынды жеңіп алып, спорт шеберіне үміткер атандым. Болашақта ел мерейін асқақтатып, халықаралық сайыстарға жолдама алғым келеді, — дейді ол.

Ақмарал МҰҚАШЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button