Абат-Байтақ
Ақтөбе облысында сақтауға, қорғауға, насихаттауға тұратын аңыз, шежіреге толы тарихи ескеркіштер мол. Соның бірі — Абат-Байтақ кесенесі.
Сол кездегі заман ағымына сай бұл ескерткіштің алыстан келе жатқан жолаушыға жарқырап көрініп тұруы үшін төбесіне алтын жалатқан бояулармен өрнектер салынған болуы мүмкін деген болжам бар.
Халық аузындағы аңыздарға қарағанда кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың ұлы Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған Абат батырға арналып, бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада тұрғызылған. Сондықтан оның атына «Байтақ» деген сөз қосылған.
Абат-Байтақ кешені — аңызға айналған көненің көзі ғана емес, халықтың адал перзентіне деген сүйіспеншілігінің, ерлік пен мырзалықтың да белгісі.
Абат батыр кей деректерде желмаядан құлап кетіп, қапыда қаза тапты делінеді. Ал кей аңыздарда улы қарақұрт шағып жан тәсілім етті дейді. Желмаядан құлағаннан гөрі улы жәндіктің шағып, батырды мерт етуі шындыққа жанасатын секілді. Ауыр қайғы қабырғасын қайыстырған Асан қайғы халқына ұлының аты өшпес үшін жатқан жеріне кесене салу туралы ойын айтады. Содан әрбір үй бір кірпіштен әкеліп, жалпы жұрт біріге отырып, осы кесененің негізін қалапты деген әңгіме бар. Байтақ елдің арқасында тұрғызылған кесене болғандықтан, «Абат» сөзіне «байтақ» тіркесі қосылып кеткен екен. Десек те қарапайым халықтың сәулетті кесене тұрғызуы мүмкін емес екені белгілі, сол дәуірдегі атақты шеберлер қол ұшын созған болуы мүмкін деген де пікірлер кездеседі.
Абат батырдың өмірдегі бейнесі тұрғысында бірлі-екілі әңгімелер кездеседі. Асан қайғы жасы келіп, қартайған шағында елді көшірісіп, оны бастауға жағдайы келмегендіктен, ұлы Абат пен Қазтуған жырауға тапсырыпты. Батыр өзіне тапсырылған міндетті әрқашан ойдағыдай артқаратындығымен халықтың есінде қалады.
Ырғыз жерінің шығысына қарай үлкен тау болыпты. Жергілікті ханның боз биесінен туған құлынды жыл сайын алып бір қыран бүркіт іліп әкетіп, тау басындағы ұясына барып жейді екен. Әбден ызаға булыққан хан, сол құсты тірідей қолға түсірсем деп арман етеді. Бұл арманынан хабардар халықтың арасынан бірде-бір адамның тау басында тұрған сұңқардың ұясына шығуға батылы бармайды. Тек Абат батыр ханның айтқанын орындамақ болып, таудың ұшар шыңындағы ұяға жақын барып, сұңқарды көздеп құлатып, хан қолына тапсырады. Осы оқиғадан соң Абаттың аты ел арасына тарай бастайды.
«Қырымның қырық батыры» атты эпостық жырда Жәнібек хан Абат батырдың ерлігіне, ақылдылығына, көп ішінде топ бастайтын ерекше қасиетіне тамсанған екен. Бірде Ер Жәнібек үлкен кегі жатқан жауы барын айтқанда топ ішінен Абат сырылып шығып, ханның ала алмай жүрген өшін қайтарып берген екен. Абат батыр үш айлық жорыққа шығып, қалмақты қырып, ерекше батырлығымен көзге түседі. Сөйтіп, оның ерлігіне разы болған Жәнібек хан Абатты сарайдағы кеңесші қызметіне тағайындайды. Осылайша Абат өзінің өшпес ерлігімен жырдың керемет кейіпкерінің біріне айналады. Садағын беліне іліп, қылышы мен найзасын қолына алған батыр бейнесі жырда осылайша көрініс береді.
Кесене жайлы алғашқы деректі 1800 жылдары француз саяхатшысы Ж.Кастанье құрған экспедициялық топ қалдырды. Олар осы қорымда болып, оны зерттеп, қазақ жеріндегі бірегей сәулет туындысы жайлы көпке мәлім етті. Ж.Кастаньеден кейін 1970 жылдары қазақтан шыққан тарихшы, ғалым М.Меңдіқұлов, оның ізін ала 1979-80 жылдары мәдениет министрілгімен арнайы құрылған «Казреставрация» бірлестігін бастаған С.Әжіғалиев зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Абат-Байтақ кесенесі — еліміздегі сәулеті жағынан ерекше, киелі мекен. Абат-Байтақ — шамамен ХIV ғаcырдың аяғы мен ХV ғасыр басында тұрғызылған сәулет өнерінің туындысы. Ол бүгінде республикалық дәрежеде қорғауда тұр, сондай-ақ Қазақстанның киелі 100 нысанының қатарынан орын алды.
Алмагүл САРЫБАЙ,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану
музейінің қызметкері.