Әдебиет

Кел, жақсы күн!

Гүлімай ҚУАНЫШЕВА 1970 жылы Шалқар ауданы Аяққұм елді мекенінде дүниеге келген. 1988 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін, 1997 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық университетінің филология факультетін тәмамдаған.

1984 жылдан бастап алғашқы өлеңдері «Пионер», «Жалын», «Қазақстан әйелдері» журналдарында жарияланды. 2011 жылы  «Ай қызы — арман», 2015 жылы «Жазушы» баспасынан «Дат, тақсыр тағдыр», 2019 жылы «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 31-томы, 2020 жылы «Фолиант» баспасынан  «Күрең мұң» атты жеке жыр жинақтары жарық көрді. Топтамалары «Ақтөбе өңірінің әдеби антологиясында» (2006 ж.), «Жадымдасың, Жаңаөзен» (2012 ж.), «Ақтөбе әуендері» («Дәстүр» баспасы 2013 ж,.), «Қазақ ақындарының антологиясы» (2014 ж.) жинақтарына, әлемнің 30 тілінде жарық көрген «Орталық Азияның алтын кітабына»,  қырғыз тіліндегі  «Азырқы қазақ поэзиясы» таңдамалыларына енген. Ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Шалқар ауданының құрметті азаматы.

Гүлімай ҚУАНЫШОВА

***

Нұр тамшылап қанатынан ақ таңның

Сайрауықтың көмейінен түртеді.

Мөлтең-мөлтең моншақтарын көкжиек

Кірпігіне іркеді.

 

Ай барады ақ сағымға оранып,

Әдеті ғой ілкіден.

Сұлық жатыр шашын жайып сайтан сай

Өліп кеткен күлкіден.

 

Үкісі үлпіл үйеңкіні сағалап,

Сыбырласса қос үміт.

Сынық сәуле үнсіз сезім тербеумен

Сыр күтеді тосылып.

 

Көбелектің қиялына күмп беріп,

Жаннан безген жалғыздық.

Күн астына сыймай тағы бір өксік

Көкірекке салғыздық.

 

Арайыңа еншілеспін, шұғыла.

Аспанға бір кетеріміз көрінді.

Малып алып көкжиектің мұңына

Таңдайыма бас мүбәрәк мөріңді!

***

Ей, керуен!

Шөгер нарың! Шеш қомды!

Арғымағымды алдырдым!

Балбалыңа бос сабылған көш қонды,

Ұйықта, адыра қалғыр мұң!

Сәуірің — мұз, дәуірің — мұз. Ес тоңды.

Зордан қайғы шалдырдың.

 

Бұ дүния дөңгеленбей қалған ба,

Не болды жер байғұсқа?

Аспантекті қанаттарың талған ба,

Құлпытаста нелерің бар?

Ұшсаңдаршы, әй, құстар!

Таңда жұлдыз жымқыратын жалғанға

Әлмисақтан неге күн мен ай құштар?

Өлең біткен бауыр төсеп өксиді,

Әшейінде өрге құлаш жайғыштар.

 

Пері қызы пенде қызға кектенген,

Екеуі де талансыз.

Бар періште төмен түсіп кеткенмен

Жұма… жұмақ та алаңсыз.

Шашын жайған мына есуас көктемнен

Көшкенде әлем қаламсыз

Қияметтің құрдымына байқамай

Құз құлатып алдыңыз ғой… Ғалам, сіз!

Қазанатым қарғып кетті тылсымға

Қазағы да, қағазы да бәрі аңсыз.

Бәрі аңсыз…

 

Айырылдық. Айырылдым. Білемін.

Апан жайлап, жасамадым бір емін.

Күркіреумен күзден іздер үлегің.

Көшер бұлтың кезіп тау-тас сілемін.

Күрпілдетіп көктен өлең сауса да

Ақын біткен жайып салып жүрегін.

Аш бүйірім таянғаннан

Қарысса да білегім

Ақиреттің бер жағында жүремін.

Білемін.

 

Жоқтау бар ма

жан өртіңді тиярдай,

Жарық бар ма жарияға  сиярдай.

Жерұйығы жатыр есін жия алмай.

Ақын кетті

Болғаны да, толғамы да қиялдай.

Ақын кетті…

Атты-ау таң да  ұялмай…

Үй, Алла-ай!

 

***

Ұштым ұждан жұмағынан

қанатымды сүйіп күн.

Қиялыңда дос көрдің бе,

қош келдім бе, сүйіктім?

 

Боздауық таң бауырында

безілдетіп ақ сырнай.

Бозаң қалам, жатырмысың

бағы қонған тақсырдай.

 

Өтіріктің өкшесіне

өрмегімді ілдім де,

тарқамайтын кемпірқосақ

тоқып қойдым, білдің бе?

 

Бүрме-бүрме бес күнімнің

қымтай-қымтай тақымын.

Сирағыма жетпей қалды

ырылдауық шақырым.

 

Жетім көңіл жылтың қағып

жұлығынан жалғанның.

Күнді əкеткен көкжиекке

кеште тағы алдандым.

 

Қарашаның құндағында

қалғығанда ызбай мұң,

кірпігімді кезек-кезек

күзеткен-ді жүз қайғым.

 

Жанарыма жасырынған

жарқылдан да жалықтым.

Бауырыңа енсем бе екен

менде сендей ғаріп, түн?

 

…Ұшсам ұждан жұмағынан

қайта айналып келем бе?

Қанатымды қайырып ап…

Құлап түссем!

ӨЛЕҢГЕ!!!

 

***

 

Көкжиек көлеңдейді қиялды арбап,

құс жолы жер бауырлап.

Мысырдан мен деп ұшса, қайда қонды

əпенді, перғауын-бақ?!

Өткенге емексітіп ақ сағымның

үкісі бұлғақтайды.

Жүйкемнің əр тінінен əуен сауып,

тербейді ырғақ-қайғы.

Түйсікке тəу еткенсіп етпеттесе

талайсыз ақыл-қаған,

жалт ойнап жайлауында зар сезімнің

тайраң от лапылдаған.

Қатпаған бұғанасы біздік үміт

ғайыпқа сүйеніп құр,

құрдымға құлайтындай табан тайса.

Хақ, өзің иелік қыл.

Көпсініп мені ғалам, алқынады,

кілкілдеп төсі лайдан.

Тылсымның тасасында көп отырдым

шекесі тасырайған.

Аспанға апарар жол табар екем,

анашым, осы қайдан?

Ноқтасын ақ ботаңның түресің бе,

тігерге қосын айдан?

Ғайыпқа ерейінші! Табылмай тұр

ғапылға тосын айлам.

Өзіңе оғым тиіп кетпесін деп

…жеңілдім осы майдан…

Ғазиз анашым!!!

***

Қара өлең құлайды кеудеме Қанатын жайып сап. Түн сайын жылайды. Беу, неге? Тек осы дерттен бір айықсақ. Уілдеп шақырған бір әннің Үзіліп кетердей сағағы. Сәбидей тәп-тәтті былдырлап, Санамда қоңырау қағады. Төсектің наласын арқалап, қиялды тербетіп отырмын. Қалғысам ішегін тартады Онсыз да сүйкімсіз қотыр мұң. Сөнсе үміт соңғы рет қарманып Сұлбасын сызылған әріптің. Таңсырап, өлердей қансырап Бауырымда боздайды ғаріп түн. Фәнидің тілегін тәрк етіп, Түссе өлең шер толы шараға, Жалаңаш жүрегі жарқ етіп Жоғалса… қапыда қалам, ә?

***

Қос өркеші дір-дір,

қоялығы үлбір,

жанары мөлтең-мөлтең,

жаратылысы көркем

бір бота

боздап барады, боздап барады.

Баянсыз əлем бүйірі

бүлк ете жаздап қалады.

Қасіреті тірсегінен қағып,

көз жасынан қасаң тұмар тағып.

Үлпілдегі үп еткенмен билеп,

үміт жалғап, үзік ноқта сүйреп,

тұмсығымен түнек түртіп, ойнайтынын-ай

Шаршамай ма,

шер шайнауын қоймайтынын-ай!

Жетердей Балқан тауына,

көнердей арқандауына

тапырақтайды-ай,

жолына өсесің-ау сен,

өзегін тесесің-ау сен,

жапырақ-қайғы-ай!

***

Ұлпаға үзіп-үзіп тастағалы Нәтімді қаңтар-ұлық. Болмай қап кезбе бұлттың басқа амалы Әлі тұр аңтарылып. Мұң аңқып құндағымнан тарағанда-ақ Қарқылдап қос қанаты сынық қарғам. Аңдаусыз аспанға алғаш қарағанда-ақ Көзіме көктем нұры тұнып қалған. Жадыма жаз әуенін тоқығасын Сыр төккем жөргегіме. Күзде кеп оқимысың, оқымасым, Сүрініп өрмегіме? Ұлы өртке тамызық боп ақтың бәрі Жалынға жұтылғасын. Таңдайға татымады хақтың дәмі, Кермек жас — ұтырлы асым. Өттім де өзегінен күйіп ардың Барымды ұмыттырып, Ажалдың маңдайынан сүйіп алдым Көзімді жұмып тұрып.

***

Өмірзая! Мендіктің зая бəрі. Жек көргенім, сүйгенім… аяғаным. Сыямын деп сүннеттің қалыбына, қиямын бек құрметке сай ағаны. Зая бəрі.  Зая бəрі! Адалым, тазалығым, естігенім ұжмақтық ғазал үнін. Ай астында ашқанда аза бүрін сəулесі өшіп үр сезім ғажабының, мүрде аңқып, маңып кетті мазалы күн. Назалымын.  Өмірзая! Сені де тоса ма мұң? Əлі аңсаумен жүрмісің қосақ əнін? Жерден, көктен екеуміз телміргенмен жақтауына бір ғана босағаның; маған да жолықтырмас дос адалын, сен де өзгерт əпсанаңды боса амалың. Сені «зая» атаған Жасағаның. Мені зая матаған Жасағаным…  Өмірзая, біздіктің зая бəрі.

***

Көктем кетіп барады… аты көктем…

Қатыбас!

Мұздай суық тұмсығы,

даңқы шулы, заты мас.

Шыбық тірсек немені қайырмалап қайтейін

емексіткен емізбей,

жілігі де татымас.

 

Көктем өтіп барады қапталымнан

заулатып

жүрегімді жауратып,

өкпем өртін қаулатып.

Төскейіне жайып ем тілегімді лаулатып,

тақымына сап кетті

түнегіне аулатып!

 

Келді… кетті…

даңқына,

дақпыртына гүл өсіп,

гүл біткенді əкеткен

гүлсүйгендер үлесіп.

Жаз келеді дегенше…

ашылмай тұр бір есік.

Жаз келеді дегенге

жабылмай тұр бір есік…

***

Сәби үні сүйкімімен сауласа Санаңызға саф алтынын жұқтырып, Былдыр көштің бұла жолына аунаса Әр көкейде алуан елес тік тұрып.  Бал дәуренді қуалайды өкшелеп, Атып шығып алаңғасар мың дерек. Кел, ойнайық «Ақ серек пен көк серек» Айтшы, бізден сізге тағы кім керек?  Көше сайын құлдыр қаққан бұлақ жыр Қақпақылдап базарын, Жетегімде ағыл-тегіл жылап жүр Апам ғұрлы ажарым.  Жылатарға, жұбатарға қош айтып, Жұпарына жұтылсам ба жөргектің. Санайсың ба саусағыңды шошайтып Ит жылғыны ұмытпайтын сергек күн.  Ардың құны арзанқолдау тығырық Үлкен өмір үйін тіккен сарсаңға. Алақанның ар жағына жығылып, Шынымен-ақ жасырынып қалсам ба?

***

Басыбайлым батпан құйрық сағыныш

Жауыр жамбас, боздауық.

Қанатымен күн сипаған шағымыз

Қонып қалған сөзге ауып.

Кетті жылым… Келді жылым қаяулы

Менің алақайымсыз.

Жүрегімде жүз қасиет аяулы,

Сырты қарапайымбыз.

Шұнақ аяз мейірімге сараң ба

Неге мүрде санатты?

 

Қазағымды Құдайға айтып қалам ба

Ұшқан сайын қанатты.

Көктен созған көп елестің жетегі

Жер қойнында тұншығып,

Үмітімді үзіп-үзіп өтеді

Үрей тінді мың шыбық.

Тәңір берген түйсігіне сүйеніп

Обал, сауап үшін деп,

Сенген ұлтқа қылмай ма екен иелік

Құдіретпен мүсіндеп.

Ұзын арқан, кең тұсаулы ғұмырдың

Шешілер ме ноқтасы?

Бауырыңды жібітейін жұмыр күн

Жанарыма тоқташы.  Басалқаң кім?

Бұлай неге билейсің?

Есіңді жи! Дүние!

Неге мені маңдайымнан сүймейсің?

Сезіміңе кім ие?

 

***

 Аңсаулы төрім дуды, бесігім бақ,

Періштем іздеп жүр ме несібімді ап.

Үмітім қалғып отыр босағада,

Жақсы күн! Кел! Кел!

Менің есігім қақ!

 

Мына таң үні үрейлі, көзі мұңды,

Сыбырлап оятып жүр сезімімді.

Сен келсең, Қазаққа кел басыбайлы!

Сүйей гөр сыңарқолтық төзімімді.

 

Жаман күн әкеткелі бар жақсымды,

Айтынып әлі отырмын заржақ-сынды.

Ақиқат ақиретте жұбатар ма

Кіл бүрсең көтере алмай қалсақ шынды.

 

Баласы ек  «о қалай» мен  «бұ қалайдың»

Бар ма екен ақыры, біз шығар айдын?

Құрбансыз жақсы күнім келер ме деп

Жаһанның жабығынан сығалаймын.

Кел, жақсы күн!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button