Басты жаңалықтар

Жүрек жылуы

Облыс әкімінің қабылдауы

Облыс әкімінің кезекті қабылдауына келгендер арасында екі баланың анасы Татьяна Тамбовцеваның жүзі жарқын көрінді. Ол қасына он бір жасар ұлы Олегті ала кірді. Сәлемдескеннен кейін-ақ тебіреністі көңіл-күйін жасыра алмай:

— Құрметті Елеусін Наурызбайұлы, біз өте қиын жағдайға душар болып, тұйықтан шығар жол таппай қиналғанда сіз ғана көмек көрсете алдыңыз. Бір рет емес, екінші жолы да қамқорлық жасадыңыз. Отбасымыздың атынан сізге алғысымыз шексіз,— деді ол.

Өз қатарынан әлжуаздау көрінетін жұқалтаң бала өзіне қойылған сұрақтарға байыппен жауап берді. Өзінің бесінші сыныпқа көшкенін, үйден білім алатынын, бос уақытында сурет салатынын айтқан ол, облыс басшысына өзі салған туындыны ұсынды.

— Мен де бала кезімде сен сияқты сурет салуға құштар едім,— деп оны әңгімеге тарта түсті Елеусін Наурызбайұлы,— шығармашылықпен айналысу адамды өмірге басқаша қарауға үйретеді. Сенің талабыңды құптаймын. Олег Кошевой секілді батыл болуыңа тілектеспін.

Содан кейін ол Олегке үйде ойнау үшін арнайы жасалған гольф ойыны құралдары жиынтығын берді: «Әзірге үйде ойнап жаттығатын бол, кейін үлкен спортпен шұғылданатын боласың».

Татьяна Васильевна қабылдаудан соң журналистермен сұхбатында өзінің негізгі мамандығы бастауыш мектеп мұғалімі екендігін айтты. Балаларына білім берумен де өзі тікелей шұғылданады екен. Оның жолдасы Дмитрий «Панорама» фирмасында жұмыс істейді.

Медицина тілінде муковисцидоз деп аталатын сырқаттың ерекшелігі тыныс жолдарының, ішек бездерінің, ұйқы безінің жылауықтанып, өсінділер басып кететін, тұқым қуалайтын ауру екендігінде. Олегтің сирек кездесетін нақ осы дертпен сырқаттанатыны туралы тұжырымдаманы бірер жылдықта ғана Мәскеудегі дәрігерлер беріпті. Оның бауыры Денистің де сырқаты осыған ұқсас. Ауру балалардың анасының айтуынша, дәрі-дәрмекке ғана айына үш жүз мың теңге жұмсалады екен.

Қабылдау кезіндегі әңгіме барысында облыс басшысы сырқат балаларға алда да көмектесетінін айтып, оларды жігерлендіре сөйледі. Сондай-ақ мүмкіндігінше білімдерін көтеру, өмір көшінен қалмау қажеттігін ұғындырды. Әкімнің «балалар қазақ тілін үйреніп жүр ме?» деген сауалына Татьяна оңды жауап берді.

Келесі болып қабылдауға енген екі жігіт ағайынды Жеңісбек және Әлібек Молдин болып шықты.

Таяуда ғана облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратында болған жарылыс кезінде зардап шеккен Жеңісбектің бүгінгі көңіл-күйі жоғары. Оқиға болған уақытта дене жарақаттарын алған ол ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Сол жерде дәрігерлердің жан-жақты медиициналық көмегі арқасында денсаулығын түзеп, өмірге қайта оралды. Сол уақыттарда ол облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей қамқорлығын сезінгенін айтады.

Мұнай өнімдерін өткізумен шұғылданатын серіктестікте менеджер болып еңбек ететін Жеңісбек Молдин де бүгінгі қабылдауға әкімге алғыс сезімін білдіру үшін келіпті. «Сол бір қиын сәттерде сіздің сөзіңіз маған демеу болды, қамқорлығыңызға рахмет»,— деді ол.

Жеңісбек биылғы 7 мамыр күні отыз екі жасқа толыпты. Ол енді бұдан былай сол қатерлі күннен аман қалған кезі —17 мамырды екінші туған күні деп есептейтіндігін айтты.

Негізінде ол 28 мамырда үйлену тойын өткізбек екен. Мынадай жағдайдан кейін ол туралы ойлаудың өзі қиын болып қалды. Дегенмен, өмірге құштарлық оны алға ұмтылдырды. Сөйтіп, келісілген мерзімнен тура бір ай өткенде шаңырақ көтерді. Қазір Гүлжан атты арумен жаңа өмірді бастады.

Жеңісбек әкімге осы қуанышын жеткізді, денсаулығының күн сайын түзеліп келе жатқанын білдірді.

Елеусін Наурызбайұлы жас отбасына жарқын болашақ тілеп, отау иесіне «Нұр Ғасыр» мешітінің макеті салынған сыйлықты ұсынды.

— Осының бәрі өмір деп аталады,— деді сөзінің қорытындысында Елеусін Сағындықов,— Ол адамға ылғи жеңілдіктер әкеле бермейді. Кейде ойламаған қиындықтарға тап боламыз. Сондайда бір-бірімізге демеу көрсетіп, қолдау жасау — адамгершілік парызымыз. Біз бәріміз біріккенде ғана жеңіске жетеміз.

Қабылдауға келгендер бұл пікірге қосылатындықтарын айтып, жүрек жылуын сезінетін осындай жақсы жағдайда жолыға беруге тілектерін білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button