Басты жаңалықтарСу тасқыны

Қобда, Ойыл аудандарында зардап шеккендерге жаңа тұрғын үйлер салынады

Облыс әкімі Асхат Шахаров су тасқыны болған Қобда және Ойыл аудандарына барды. Бұл аудандарда жуырда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған жаңа үйлердің құрылысы басталады.

69 жер учаскесі дайындалды

Алдымен өңір басшысы Қобда ауылындағы жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілетін аумақты қарап шықты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, қазір Қобда ауылында тұрғын үй салатын 69 жер учаскесі дайын тұр.

— Қобда ауылында 121 үй суға кеткен. Бүгінде 16 мердігер мекеме өз қаражаты есебінен жаңа үйлерді салуға ниет білдіріп отыр. Мердігер мекемелердің саны алдағы уақытта көбейеді. Жалпы облыстағы аудандарда 172 үйге құрылыс жұмыстарын бастауға дайынбыз. Оның 69-ы — осы Қобда ауылында. Тұрғын үйлерге келсек, аудан әкімдігі берген хаттамалардың шешімі бойынша типтік жобамен 80 және 100 шаршы метрлік үй салынады. Бұдан бөлек аудан тұрғындары тұрғын үйді сатып алу бойынша өз ниеттерін білдіріп жатыр,— деді ол.

Оның айтуынша, мердігер мекемелер көп ұзамай Ойыл ауданында —  40, Темір ауданында 10 үйдің құрылысын бастайды. Сондай-ақ Әйтеке би ауданында 3 мекеме жұмыстарын бастауға дайын отыр. Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылында да жаңа тұрғын үйлер тұрғызылады. Қазір барлық мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізуге өз қаражаттарын жұмсап жатыр.

Қобда ауылында жаңа тұрғын үйлердің құрылысын жүргізетін мердігер ұйымдардың бірі — «Самұрық-Құрылыс» компаниясы. Компания директоры Тәңірберген Назымның айтуынша, қазір ауданға құрылыс материалдары жеткізіліп жатыр. Ендігі мақсат — белгіленген жер учаскелерінде тездетіп құрылыс жұмыстарын бастау.

Әріптестермен бірге бізге де су тасқыны кезінде қиын жағдайға тап болған аудандарға қол ұшын беруге ниет білдірдік. Аз уақыттың ішінде қажетті құрылыс материалдарын сатып алып, бүгінде Қобда ауданына жеткізіп жатырмыз. Қолымызға сметалық-жобалық құжаттарды алған соң құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Бір айдың ішінде бастапқы жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біздің компания 20 шақты үй салады. Қазір 8 жер учаскесі берілді. Құрылыс жұмыстарына 15 жұмысшы жұмылдырылады, — дейді ол.

Мердігер ұйым өкілдерімен тілдескен облыс әкімі Асхат Шахаров оларға құрылыс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізуді тапсырды. Өз қаражаты есебінен жаңа үйлер тұрғызуға ниет білдірген компания басшыларына ризашылығын білдіріп, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

— Президенттің тапсырмасы бойынша бүгінде меценаттар, мүмкіндігі бар азаматтар қосылып, су тасқыны болған өңірлерге қол ұшын созып жатыр. Біздің облысқа да осындай азаматтар бекітілді. Олар жобаларды қаржыландыруға, құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруға атсалысады. Алдағы екі айда барлық құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Біз құрылыс материалдарының уақытында жеткізілуіне, сондай-ақ қолжетімді болуына жағдай жасаймыз. Ал сіздер тұрғын үйлерді сапалы әрі уақтылы тапсыруларыңыз керек. Баспанасы суға кеткен халыққа дер кезінде жағдай жасап, қолдау танытуымыз қажет, —деді Асхат Шахаров.

Көпір, жаңа мектеп және баспана

Бұдан кейін облыс әкімі Ойыл ауданына барды.Мұндағы Шиқұдық, Қаратал, Ойыл ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті. Тасқын кезінде су шайған Саралжын және Ойыл селосындағы кіреберіс көпірлердің жай-күйімен танысты.

Бүгінде Шиқұдық ауылында 174 адам тұрады. Көктемгі су тасқыны кезінде елді мекендегі жолды су бұзған. Тұрғындармен кездесу барысында ауылдың белсенді азаматтары облыс әкімінен жол мен көпірді қалыпқа келтіріп беруді сұрады. Жақын күндері елді мекенге жол саласының мамандары келіп, мәселені шешу жолдарын қарастырады.

Шиқұдық орта мектебіне барған өңір басшысы оқушылармен тілдесті. 9 жылдық мектепте қазір 48 бала оқып жатыр, оларға 18 мұғалім сабақ береді. Саманнан салынған мектеп 2000 жылы бой көтерген. Қазір мұнда жаңа мектеп салу қажеттілігі бар. Асхат Шахаров аудан әкіміне бұл мәселені облыс білім басқармасымен келісіп, жоспарға енгізуді тапсырды.

Табиғи апаттан Саралжын ауылдық округі аумағындағы көпір де іске аспай қалған. Қазір халық айналма жолмен қатынап жүр. 2008 жыл салынған көпірдің жалпы ұзындығы — 100 метр. Нысанның тіреуіш бағаналары ауыстырылады. Облыс әкімі құрылысты асықпай салуды, оған сапалы материалдар пайдалануды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына міндеттеді.

Бұдан бөлек бүгінде аудандағы Ойыл ауылына кіреберіс көпір де жөндеуді қажет етеді. Мұнда су ағысы қатты болып, көпірдің тірегі істен шыққан. Қазір уақытша жол салатын мердігер анықталды. Құрылыс жұмыстары техникалық тексеру қорытындысы шыққан соң басталады. Мұнда «ТенгизСтройСервисГрупп» мекемесі тірек бағаналарының жағдайын тексеріп, жер қыртысын зерттеп жатыр.

Ойыл ауданында биылғы су тасқынынан қатты зардап шеккен елді мекен — Қаратал ауылы. Мұнда 236 үйді су басқан. Материалдық шығынды есептейтін комиссия шешімімен 19 үй қайта жөнделетін болды. 178 үйдің іргетасы жаңадан қаланады. 34 қараталдық отбасы аудан орталығына көшу туралы шешім қабылдаған. Өңір басшысымен кездесуде тұрғындарды тұрғын үйлердің «тағдыры» мен ауыл маңындағы бөгеттің құрылысы қызықтырды.

Өздеріңізге белгілі, су тасқынының салдарын жою — Мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Президент айтқандай, табиғи апаттың зардабын көрген әрбір жанға көмек қолын созамыз. Құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр, бағасын береді. Соның негізінде біржолғы әлеуметтік төлемді төлеп жатырмыз. Мүлік жарамсыз болса, жаңадан үй саламыз. Малдың шығыны үш түрлі жолмен есептелуде. Бастысы – ресми ақпарат көздеріне сену, алыпқашпа әңгімелерге сенбеу. Біршама жұмыс істеліп жатыр. Сіздерден де қолдау күтеміз,— деп атап өтті Асхат Шахаров.

Қаратал ауылында үйі құлағандардың бірі — 70 жастағы Күләш Рүстенова. Әжей үйіне барған өңір басшысына туған жерінен көшпейтінін жеткізді.

—Судың қарқыны қатты болды. Қалай келгенін байқамай қалдық. Басымыз аман. Жаңадан үй салып береміз деді. Ауылда қаламыз. Ешқайда көшкіміз келмейді. Қорадағы малдың да өтеуі төленеді екен. 369 мың теңге көлемінде бірреттік төлем алдық, жалпы барынша көмек көрсетіліп жатыр,— деді Күләш Рүстенова.

Қазіргі уақытта Ойыл ауданы бойынша 100 айлық есептік көрсеткішті құрайтын әлеуметтік төлем 270 отбасына берілді. Ал бүлінген мүлікке берілген қаржы көлемі— 54 млн теңге. Бұл қаржыныаудандағы 17 отбасы алған.

Жұмыс сапарының соңында Асхат Шахаров Ойыл ауылында бой көтеретін жаңа үйлерге бөлінген аумаққа барды. Алдын ала есеп бойынша барлық инфрақұрылымы тартылған бұл жерге Екпетал, Жаңабаз және Қаратал ауылының тұрғындары үшін 100-ден аса үй салынады.

Мал шығыны төленіп жатыр

Облыс басшысы бастаған топ аудандағы мал өлекселерінің утилизациялау барысымен танысты.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, бүгінде су тасқыны салдарынан суға кетіп өлген малдың шығыны 3200-ден асады. Қазірге дейін мал шығыны тіркелген 6 ауданның бесеуінде өлекселерді өртеу жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл шараларға республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың 19 қызметкері мен облыстағы мамандар тартылған.

— Бүгінде 1120 малды утилизациялау жасалды. Яғни республикадан келген инсенератор құрылғысымен өлекселер өртеп, жойылды. Осы құрылғымен 2 мыңнан астам мал өлексесі өртелді. Кешеден бері мал иелеріне өтеу шығындары бастадық. 165 бас малға  25 миллион теңге қаражат бөлінді. Өтінімдерге сәйкес барлығы өтеледі. Шығынның дені— Ойыл ауданында, — дейді басқарма басшысы.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, көмілген өлекселердің ауаға еш зияны жоқ. Өртенген мал өлекселерінің күлін ор-шұңқырларға топырақпен көмеді. Мұнда дезинфекция жұмыстары жүргізіледі.

                                                     Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button