Басты жаңалықтар

Облыс әкімі Ақтөбе қаласын дамыту және абаттандыруға қатысты жұмыстарды күшейтуді тапсырды

Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласын дамыту және абаттандыру мәселелері жөніндегі жиында жергілікті тұрғындарға қолайсыздық тудыратын, әлі де болса, шешімін таппаған біраз мәселенің бетін ашты. Оның ішінде жолдар мен инженерлік желілердің жай-күйі, санитарлық тазалау және қаланы көгалдандыру бойынша сұрақтар бар. Олардың көпшілігінде мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу мерзімдері кешіктірілген, нәтижесінде жұмыстар қанағатанарлықсыз деңгейде.

«Жыл басында облыс орталығын дамыту бойынша жиын өткіздім. Сол кезде біз қала тұрғындарын толғандыратын және нақты басымдықтар берілуі тиіс өзекті мәселелерді анықтадық. Қазірдің өзінде тиімді шараларға көшу керек еді. Су тасқыны жоспарды өзгерткені рас. Ал қаржыландыруға қатысты сұрақтар жоқ. Облыс орталығын дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Бірақ мен соған сәйкес жұмыстарды көрмедім», – деді Асхат Шахаров қала әкімі Азамат Бекетке.

Жыл басынан бері қала әкімдігі жалпы сомасы 8,3 млрд. теңгеге 130 жоба бойынша конкурстық рәсімдер өткізген: 24 жоба – құрылыс-монтаж жұмыстары, 39 жоба – жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, 56 жоба – қаланы күтіп-ұстау және 11 жоба – Ақтөбені абаттандыру бойынша.

Бүгінгі таңда 130 жобаның тек 70-інде ғана шарт жасалған. Тағы 5 жоба бойынша шарт жасалуда, 22 жоба шағымдану және 33 жоба іске асыру сатысында. Мемлекеттік сатып алуды жариялау кезінде тапсырыс берушілер саналатын Астана және Алматы қалалары әкімдерінің аппараттары конкурстарды өткізуге уақытылы өтінімдер тапсырмаған.

Былтыр өңір басшысы Асхат Шахаров мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыруды жоспарлап отырған КТҚ қайта құру жобасын пысықтауды тапсырды, тіпті әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, жобаны конкурсқа шығару ғана қалған еді. Алайда Ақтөбе қаласының ТКШ бөлімі мерзімінен кешіккен, конкурс тек жақында ғана жарияланған.

«Жаз жақындап қалды, демек, кәріз-сорғы станциясынан таралатын жағымсыз иіспен жыл сайынғы проблема жалғасады. Ауадағы зиянды заттардың шоғырлануының шекті рұқсат етілген нормасынан асып кету фактілері тіркелді. Кәріз-тазарту құрылыстарын қайта құру үшін желілерді ауыстыру мәселесі өте баяу шешілуде. Бұл жұмыс – ағымдағы жылы басталуы тиіс негізгі және басым жобалардың бірі. Ал сіздер жұмысты бастайтын кез келгенде байқау енді ғана жарияланғанын айтып отырсыздар», – деп Асхат Шахаров қала әкіміне бұл мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды.

Осындай себеппен қалдықтарды шығару мәселесі де шешілмеген күйінде. Қалалық мәслихат сессиясында бұл қызметтерге былтырғы жылдың желтоқсан айында 1,7 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Алайда, тапсырыс берушілер – Астана және Алматы аудандары әкімдерінің аппараттары мердігерді анықтау бойынша конкурсқа қатысуға өтінімді биылғы сәуір айында ғана веб-порталда жариялаған. Қазір өтінім қарау сатысында тұр.

Сонымен қатар, мерзімінде орындалмаған жұмыс қоқыс шығару кестесінің де бұзылуына әкеп соғуда. Сенбіліктер өткізілгеннен кейін қапшықтарға жиналған қоқыс қала көшелерінде жатыр. Астана ауданының әкімі Алмас Жақсылықов өңір басшысына не себепті жұмыстар нашар ұйымдастырылғанын нақты түсіндіре алмады.

«Біз қоқысты шығару бойынша жұмысты енді ғана жолға қойып, тұрғындардан түсетін шағымдарды азайтқан едік. Сіз қоқыс шығаратын компаниямен келісімшарт жасамағаныңызды мәлімдейсіз. Сіз қандай статистиканы айтып тұрсыз? Ол кімге керек? Егер қоқыс шығарылмаса, бұл пайыздар кімге керек. Сіздің салғырт жұмысыңыздың нәтижесін мен қала тұрғындарына қалай айтуым керек? Сенбілік кезінде адамдар аумақты қоқыстардан тазартып, оны қаптарға салған. Қоқыс толы қаптар өткен сенбіден бастап жиналмай жатыр. Неліктен жұмыс бір аптаға созылу керек? Біз қалаға қаражат бөлдік. Аудан әкімі жұмысын ұйымдастыра алмай отырғаны үшін сөгіс жариялаймын», – деп қорытындылады өңір басшысы.

2023 жылдан бастап мамандандырылған техниканы сатып алуға бөлінген қаражат әлі игерілмеген. Қала қажеттіліктері үшін жалпы сомасы 390 млн. теңгеге 20 ассенизатор сатып алу жоспарланған болатын. Алайда, бүгінгі күні байқау өтпеді деп танылды. Қалалық әкімдік өтінімді 10 бірлікке қайта береді.

Осы уақытқа дейін ТКШ бөлімі Ақтөбені абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін шешетін мердігерді анықтамаған. Алтын орда шағын ауданының жылу желілері бойынша ұсыныстар енгізілмеген.

Ақтөбедегі жолдардың жай-күйі мәселесі де өте өзекті. Екі-үш жыл бұрын жөнделген шаһардағы 13 жол жарамсыз болып қалған. Басым бөлігі қайта жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер ұйымдармен жұмысты жандандыруды және олар бойынша кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін кемшіліктерді жоюға тартуды тапсырды.

Бұл мәселені талқылау барысында ТКШ бөлімі Автожолдар комитетіне қарасты Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының өтініштерін елемей, жолдарға көктемгі тексеру жүргізбейтіні және ақаулы актілер жасамайтыны анықталды.

Белгілі болғандай, тұрғын алаптарға кірме жолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша жобаларға сараптама әлі дайын емес. Сметалық құжаттаманы қайта есептеу талап етілетін жобалар да бар. Мысалы, Оңтүстік-батыс-1 шағын аудандағы және Локомотив көшесіндегі жолдарды күрделі жөндеу жобалары бойынша.

Облыс әкімі аудан әкімдіктері мен ТКШ бөлімінің жұмысындағы басқа да кемшіліктерді атап өтті. Олар – иесіз электрмен жабдықтау желілерін қала балансына беру, субұрқақтарды жөндеу және қосу, қоқыс алаңдарындағы бейнебақылау камераларын, бағдаршамдарды қосу. Бұл қордаланған мәселелер бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді.

Тапсырмалар мен қойылған міндеттерді орындамағаны үшін бірқатар лауазымды тұлғаға сөгіс жарияланды.
Жиын барысында өңір басшысы өтінімдерді уақытында және сапалы ұсынуды бақылауға алуды, техникаға деген қажеттілікті ескере отырып, конкурс өткізуді, инвесторлар тарту мәселесін шешуді және оларға кедергі келтірмеуді тапсырды.

«Біздің алдымызда облыс орталығын дамыту бойынша маңызды міндеттер тұр. Ол үшін біз өзекті мәселелерді жадымыздан шығармай, күн сайын, тіпті сағат сайын тұрғындар мен қала қонақтары үшін ең қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға назар аударуымыз керек. Баршаңызға жүктелген міндеттерге барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – деп атап өтті облыс әкімі.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button