Мәдениет

Өнермен өрілген жарты ғасыр

Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің жарты ғасырлық тарихында осы өнер отауынан талай түлек биіктерге қанат қақты.

Бұған дейін қол жеткен асуларды зерделеу және рухани-мәдени бағыттағы жұмыс нәтижелерін насихаттау мақсатында «50 жыл — 50 іс-шара» жоспарына сәйкес көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Соның бірі — күйші-композитор, өнер зерттеуші, доцент Сәдуақас Балмағамбетов атындағы кабинеттің салтанатты ашылуы. Онда аталған мектептің домбыра класының оқытушысы, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті, домбырашы, күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазы сөз сөйлеп, саналы ғұмырын өзіне дейінгі күйшілерді насихаттаумен өткізген Сәдуақас Балмағамбетовтің өмір және еңбек жолына тоқталды. Оның кейінгі ұрпақ үшін Қазанғаптың мол мұрасын жинақтап, беріп кетуі — ұмытылмас үлгі.

Кабинеттің ашылу лентасы қиылғаннан кейін көпшілік Сәдуақас Балмағамбетов туралы жинақталған деректермен, күйшінің кейінгі буынға арналған бай мұрасы — кітаптарымен танысты.

Содан кейін Сары Батақұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы және Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің ұйымдастырумен «Қазанғап мұрасын насихаттау жолдары: музыкалық сауаттылық пен аспаптарда орындау ерекшеліктері» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

— Шалқар қаласында музыка мектебінің алғаш іргетасын қалаушы, жұртшылық жылы қабылдаған «Шалқар вальсінің» авторы Емберген Терековтің орны ерекше. Бүгінде Қазанғап Тілепбергенұлы есімін иеленген өнер отауы жас таланттарды тәрбиелеуде көп іс атқарып келеді, — деді конференцияда сөз алған аудан әкімі Жанболат Жидеханов.

Жиында саз мектебінің директоры Гүлбану Үмбетова «Музыка мектебі — рухани-эстетикалық тәрбиенің көзі», күйші-зерттеуші Мұрат Әбуғазы «Сыршыл күйші — Сәдуақас», қазанғаптанушы Жайлау Асылханов «Қазанғап және оның мұраларын жеткізуші Сәдуақас Балмағамбетовтің орындаушылық ерекшеліктері», қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов «Қазанғап Тілепбергенұлы — қазаққа ортақ дарын иесі», Талап Хамзин «Қазанғап күйлерін республика көлеміне алғаш насихаттаушы Жәлекеш Айпақов» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Сәдуақас Балмағамбетов атындағы «Күмбірлеген күміс күй» атты облыстық күй байқауына Ақтөбе қаласынан, Әйтеке би, Алға, Ырғыз, Мәртөк, Қобда, Байғанин аудандарынан және жергілікті саз мектебінен барлығы 17 адам қатысты.

Аталған байқауға қатысушылар өз таңдауларымен Қазанғаптың және Сәдуақас Балмағамбетовтің бір-бір күйлерін орындап, домбыра тарту шеберліктерін сынға салды.

Сайыс қорытындысында бас жүлдені Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінен Нұрдәулет Сұлтамұратов жеңіп алды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласынан келген Ақжол Елембаев, Дәулет Түсүлбаев, әйтекебилік Ислам Орынбасар, алғалық Алина Жұбаниязова, шалқарлық Нұрдәулет Ормағанбет, мәртөктік Айнұр Жақсығарина, қобдалық Нұрқадір Нұржанұлы, байғаниндік Бақдәулет Кітабаев жүлделі орындарды бөлісті.

Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің оқытушысы, қазанғаптанушы Нұрболат Жанаманов өзінің демеушілігімен барлық қатысушыға ақшалай сертификаттарды табыс етті.

Өнер ордасының 50 жылдық мерейтойымен құттықтауға арнайы келген облыс орталығындағы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов пен Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің директоры Жалғас Құдайбергенов ізгі тілектерін айтты.

Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің «Өнер ордасына — 50 жыл» атты шығармашылық концерті де көрермен көңілінен шықты.

«Мұрагер» оқушылар оркестрі, «Кербез қыз» жетігеншілер және сырнайшылар, қобызшылар, үшішекті аспаптар, «Самғау» домбырашылар мен фольклорлық ансамбльдер, вокал класының оқушылары, «Айналайын» балалар хоры, мектептің оқытушыларынан құралған Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрі, 50 жылдыққа — 50 домбырашы, сонымен  бірге №5 мектеп-лицейінің бишілер және аудандық оқушылар сарайының «Салтанат» бишілер тобы өнер көрсетті.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button