Мереке

Мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

Ақтөбеде мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған  ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Оған облыс әкімі Ералы Тоғжанов, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, зиялы қауым қатысты.
Өңір басшысы мәдениет саласында қажырлы еңбек ететін мамандардың халқымыздың бай мәдени мұрасын жаңғырту, халық арасында кеңінен таратып, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау ісіне елеулі үлес қосып жүргеніне ерекше тоқталды:
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі — мәдениет қызметкерлерін қолдау. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Еліміздің атын шығаратын да мәдениет пен өнер», — деген еді. Өңірімізде мәдениет саласы жақсы дамып келеді. Көп жылдар бойы көтеріліп келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі жаңа қазақ драма театрының құрылысы болды. Биыл қаламыздағы Бөкенбай көшесі бойында жаңа театр ғимараты, планетарий мен кітапхана үшін үш қабатты үш бөліктен тұратын ғимарат бой түзейді. Сондай-ақ ақын-жазушылардың, жыршы-күйшілердің бас қосатын орнына айналатын «Рух» аллеясын салу да жоспарда бар,— деді облыс әкімі.

Ақтөбе өңірінде креативті индустрияны дамыту, жастар көп шоғырланатын орталықтар құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңарту жұмыстары аяқталуда. Кітапхана жанынан «Art&Science» креативті орталығын ашу жоспарланып отыр. Орталық базасында жастар сұранысына ие дыбыс жазу орталығы, IT резиденция, контент room, Art Space, Movie холл,  дизайнерлер мен суретшілер шеберханасы сынды қызмет түрлері ұсынылады. Дәл осындай орталық «Өнер орталығы» ғимаратында да болады. Сонымен бірге тарихи жәрмеңкелерді жаңғырту, көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінің мұрасын насихаттау жұмыстары жалғасады.

Биыл Хромтау ауданында Мәдениет үйінің құрылысын бастаймыз. Бұл — осы күнге дейін Мәдениет үйі болмаған облыстағы жалғыз аудан орталығы. Темір аудандық музейінің жаңа ғимараты салынады. Сондай-ақ Әйтеке би ауданындағы Мәдениет үйі, Алға, Байғанин, Қобда, Ырғыз, Мәртөк аудандарындағы тоғыз ауылдық клубтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, — деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Кәсіби мерекеге орай облыстың бірқатар мәдениет қызметкері «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды.

Мереке күні марапат алғандар арасында «Алақай» қуыршақ театрының актрисасы Гауһар Оралбай да бар.

— 19 жылдан бері қуыршақ театрында жұмыс жасаймын. Ең алғаш Ақтөбедегі мәдени ағарту училищесін, одан соң Қырғызстандағы жоғарғы оқу орнын театр және кино мамандығы бойынша аяқтадым. Кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау мен үшін зор бақыт. Мамандығымды жақсы көремін.

Қазақ режиссерлерінің тапшылығына байланысты қойылымдарымыз, ең алдымен, орыс тілінде сахналанады. Режиссердің сынағынан өткен қойылымды ғана қазақ тіліне тәржімалаймыз. Қазіргі таңда театрға қуыршақ режиссерлері жетіспейді. Өнер жолын таңдаған талапкерлеріміз осы мамандықты таңдаса, қатарымыз қазақтілді мамандармен әсіресе режиссерлермен толықса жақсы болар еді, — деді мәдениет саласының үздігі Гауһар Оралбай.

Қазіргі таңда өңірімізде 480 мәдениет ұйымы қызмет көрсетеді. Оның ішінде 236 кітапхана, 197 клубтық мекеме, 19 музей, 1 планетарий, 2 театр, филармония және тағы басқа мекемелер бар.

Марапатталғандардың қатарында жас мамандар да бар.

— Мен кітап оқитын оқырмандардың қатарын көбейткім келеді. Осы мақсатта «Көп оқыған қария», «Сөз сыры» сынды әдеби жобаларды іске асырып жатырмын. Зағип жандардың мәдени демалысын тиімді пайдалану мақсатында түрлі тақырыптағы кездесулер, bookdating, акциялар,  әдеби аукцион, оқырман бенефисі, онлайн семинарлар, дауыстап оқулар және басқа да көпшілік шаралардың жаңаша және дәстүрлі түрлерінің өтуіне кітапханашылар жауапты. Білімді, парасатты адамдар бас қосатын кітапханада әлеуметтік серіктестермен іскерлік және шығармашылық қатынастар жолға қойылған. Барлық ауданда стационардан тыс қызмет көрсету және «Үй абонементі» қызметі жұмыс жасайды, — дейді Ақтөбе облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының кітапханашысы Құндыз Нұрланқызы.

Мерекелік іс-шара Ғ.Жұбанова атындағы  облыстық филармониясы солистерінің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button