Көненің көзі, тарихтың өзі
Музей түні
18 мамыр — Халықаралық музей күні. Осы атаулы күнге орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде мерекелік іс-шара өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтілетін мерекеге ұжым қызметкерлері ерекше дайындалыпты. Көздің жауын алатын қазақы нақыштағы заманауи киім үлгілерінің сән көрсетілімі, облыстық шеберлер қауымдастығының «Sһeber ART Aktobe» атты көрмесі мен шеберлік сағаттары, «Жәдігер жерде қалмасын» және мүмкіндігі шектеулі жандар жасаған бұйымдар қойылған «Жан шуағы» көрмелері көрсетілді.
— «Музей түні» іс-шарасының басты мақсаты — ұлттық құндылықтарымызды насихаттау арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз бала тәрбиесінің бесіктен басталатынын меңзесе керек. Қазақ халқы өзінің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен ұрпағын тәрбиелеп отырған. Ата-бабаларымыздың тұтынған заттары мен өсиет сөздері жазылған жәдігерлердің бәрі музейде сақтаулы. Баланың қазақы болмысы қалыптасуы үшін музейге жиі әкелу керек, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің нұсқаушысы Алмагүл Сарыбай.
Іс-шара барысында көпшілік назарына балаларға арналған «Ертегілер елінде» фотозонасы, ғұн тайпаларының тұрмыс-тіршілігі, «Алаш туы астында…» тақырыбындағы тарихи қойылым мен көлеңкедегі би және батырлар киімдерінің көрмесі көрсетілді.
— Отбасымызбен музейге арнайы келдік. Көп дүниелерге қанықтық. Ата-аналар баласын, немересін ертіп музей аралатса, баланың ұлттық дүниелерге қызығушылығы оянып, өздері келетін болады, — дейді тарих ғылымдарының докторы, доцент Рахым Бекназаров.
Музей қызметкерлері «Жәдігер жерде қалмасын» акциясын ұйымдастырып, жыл бойы жинаған заттарынан көрме жасақтапты.
— Бір жыл ішінде музей қорына 1216 экспонат түсті. Олардың қатарында музей ардагері Рысжан Ілиясованың жеке заттары, Әбілқайыр ханның жары Бопай ханымның картинасы, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің орден-медальдары, каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ринат Сағындықовтың спорттық құралдары, т.б. бар. Құнды жәдігерлер қатарында екі жүз жылға жуық тарихы бар құман мен бір ғасыр бұрын қолданылған түбіт тарайтын ая да бар. Халық арасынан құнды дүиелер әлі де табылып жатса, қабылдауға дайынбыз, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Сағымбек Ұлықпанов.
Іс-шара барысында ағаш үй ішінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жайлау Асылхановтың күмбірлеген күйі мен «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі Әділбек Сариннің шәкірттерінің жырлары көпшіліктің көңілін көтеріп тастады. Сондай-ақ қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызының шеберлік сағаты, садақ ату сайысы, АК-74 автоматын шашып, жинау сайысы өткізілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі, қыш шебері Орынбасар Төлегенов саз балшықтан ыдыс жасалу тәсілдерін үйретті.
Музей түні — қала тұрғындары мен қонақтары үшін есігін айқара ашып, музей әлемімен танысуға, коллекциялары мен экспозициясын көруге және рухани демалып қайтуға зор мүмкіндік берілген күн болды.
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.