Спорт

Саңлақтар өсіп келеді

«Өскелең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет.Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

Баланың спортқа деген икемі 8-10 жасында байқалса, оны дамытудың қолайлы кезеңі 10-14 жас аралығы екен. Бұл — спорттың өзіндік қағидасы. Сол себептен болар Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі балаларды 7-сыныптан бастап қабылдайды. Білім мен спортты қатар алып жүрген оқу орнының тәрбиеленушілері республикалық жарыстарда ғана емес, әлемдік ареналарда да топ жарып жүр. Жылдамдық пен күшті үйлестіре білетін жастарымыз осы мектепте өсіп келеді.

Кез келген олимпиада ойындарында қазақтың жігіттерінен жеңіс күтетініміз рас. Сол додаларға балаларды даярлайтын, облысымызда өзіндік орны бар, балалар мен жасөспірімдер мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік…Мектепке басшылық ететін еркін күрестен спорт шебері Медет Атабаевтың айтуынша,Ақтөбе өңірінің балалары спорттың жекпе-жек, күрес түрінен мықты болып келеді.

Байқап қарасаңыз, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының балалары хоккей, жеңіл атлетика түріне икемді болса, Ақтөбенің жігіттері жекпе-жекке бейім. Палуандар мен боксшылар, негізінен, біздің аймақтан шығады. Жастарымыздың ішінде де жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшыларымыз бар.

Олимпиада резервін даярлайтын спорт мектебімізге облыстың әр түкпірінен балалар «Әлем чемпионы боламын» деп келеді. Қазір7-11 сынып аралығында барлығы 270 оқушы тәрбиеленіп жатыр.Олар сегіз түрлі спорт түріне қатысады: таэквондо, грек-рим, еркін күрес, дзюдо, бокс, үстел теннисі және футбол.Балаларды оқу орнына қабылдар алдында арнайы емтиханнан өткіземіз. Олар жалпы физикалық дайындықтан емтихан тапсырады. Міндетті түрде дәрігерлердің қабылдауынан өтеді. Баланың денсаулығының жақсы болуы маңызды. Бұрын біз ауылдық жерлерді аралап, спортқа икемі бар балаларды іріктеп, мектебімізге шақыратын едік. Енді бұрынғы тәсілді қолға алып, аудандарды аралауды осы жаз мезгілінен бастасақ деп отырмыз.

Мектеп-интернатта балалар екі мезгіл жаттығу жасап, бес мезгіл тамағын ішеді. Мектепті аяқтаған соң колледжге түсе алады. Ол жақта жаттықтырушы мамандығын алып шығады.

Оқу бітіргендердің 90 пайызы осы спорт саласында өз мансабын жалғастырады.Біреуі кәсіби спортпен айналысса, енді біреуі жаттықтырушы болады. Өз мектебімізге де жақсы мамандарды алып қалуға тырысамыз, — дейді Медет Атабаев.

Медеттің өзі еркін күрестен 10 жыл жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Оның сөзінше, он жыл бұрын спорттың жағдайы қазіргідей мәз емес еді. Ал қазіргі балаларға барлық жағдай жасалған. Әрі оларды тәжірибелі, өз ісінің мамандары жаттықтырады. Мектепте барлығы 22 жаттықтырушы бар.

Біздің өңірде ғана емес, еліміздің спорт саласында да әттеген-ай дейтін бір мәселе бар. Ол — спортта ғылыми-кәсіби тәсілдің жоқтығы. Оған медицина, жаттықтырушылар, психологтер, спорт комплекстері мәселелері кіреді. Мысалы, спортшылар көктем мен күз мезгілдерінің алдында, жылына екі рет медициналық тексерістен өтуі керек. Әр спортшы тек қағаз жүзінде ғана емес, шынайы тексеріліп, дер кезінде керекті дәрумендерін ішіп жүруі қажет. Жіті бақылауда болған балалардың салмақ қууына да, спортта белгілі бір жетістікке жетуі де жеңіл болады. Осы айтылғандардың ешқайсысы қадағаланбаса, уақтылы ем-шаралар жүргізілмесе, балалардан да үлкен нәтиже күту бос әурешілік.

Осы ретте жаттықтырушы мамандардың да талаптарын қанағаттандыра алуымыз керек.Олардың басты мәселесі — жалақы. Егер жаттықтырушының қаражаты жеткіліксіз болса, ол басқа салалардан ақша табуды ойлап жүреді. Ондай жағдайда ол өз уақытын спортқа толық бөле алмайды. Сондай-ақ жаттығу залдары заманға сай болуы керек. Ішінде спортшыға керекті жабдықтардың болуы маңызды. Біз қазірден мектебіміздің кемшін тұстарын анықтап, жетіспейтін заттарды өзімізге түртіп алып жүрміз. Алдағы уақытта спорт мектебімізге ғылыми-кәсіби тәсілдерді енгізуге тырысамыз. Спорттық психологтер мен дәрігерлердің жұмысын күшейтіп, массаж, диетолог маманымен толықтырамыз. Осының барлығы бірлесе жұмыс істесе, біздің спорт та дамиды, — дейді ол.

Сондай-ақ Медет Атабаев қазір барлық жерге жаттықтырушылар жетіспейтінін айтады. Ауылдың мектептері, спорт клубтар әлі күнге дейін жаттықтырушы керек екенін айтып, оқу орнының басшысынан көмек сұрайтын көрінеді.

— Алдымен мектеп-интернатымызға керек деген мамандарды өзіміздің колледжді бітірген түлектеріміздің арасынан қарастырамыз. Мысалы, қазір мектепке үстел теннисінен жаттықтырушы керек. Ол орынға биыл оқуын аяқтайтын, жаттықтырушы болуға икемі бар бір жігітті алып қаламыз деп отырмыз. Одан кейін ауылдық жерлерге де мамандарды жібереміз. Қай ауданға қандай маман керек, қай бала қай ауылдан келгенін зерттеп алып, өз түлектерімізді ұсынамыз. Ауылдың спорты дамыса, қаланың спорты да дамиды, — дейді мектеп директоры.

Біздің мақтаныштарымыз

Олимпиада резервін даярлайтын мектептің тәрбиеленушілері еркін күрес, дзюдо, бокс, грек-рим күресінен жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Оның себебін Медет Атабаев мектеп жаңадан ашылғанда спорттың осы төрт түрі ғана болғандығынан деп түсіндірді.

25-27 наурыз аралығында Португалия елінің Коимбра қаласында дзюдодан өткен жастар арасындағы Еуропа кубогында Қазақстан Республикасының құрама командасындағымектептің спортшылары қатысып, Әділет Алмат 73 келі салмақта күресіп, бірінші орынға ие болды. Ал Нұржан Бисенов осы жарыста екінші орын алса, Аман Бақытжан мен Жанарыс Рахметқали үшінші орынды еншілеп қайтты. Бұл төрт жігіт — колледждің 2-3 курс оқушылары. Олар Португалиядан кейін сәуір айының 7-9 күндері аралығында Алматыда өткен Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогының екінші күнінде тағы да жеңіс олжалады. Он елдің палуандары бақ сынаған намысты додада жергілікті спортшыларымыз Әділет Алмат бірінші орын алып, алтын медаль иеленсе, Нұржан Бисенов күміс медальді қанағат тұтты. Бұл спортшыларымызды жарыстан күтіп алуға теміржол вокзалына біз де барған едік…

Дзюдо спортына барлығы 48 бала қатысады. Оның ішінде 4 бала — спорт шебері. Біз өзіміздің спортшыларымызбен қашанда мақтанамыз. Биіктен көрініп жүрген балаларымыз аз емес. Есет Қуанов деген шәкіртім самбодан әлем чемпионы. Аман Бақытжан самбодан, дзюдо мен қазақ күресінен спорт шебері. Осы шәкірттерімнің жеңісіне бірге қуанамын. Ендігі мақсатымыз — Испанияда өтетін әлем чемпионатына дайындалу, — дейдідзюдодан біліктілігі жоғары деңгейдегі бірінші санатты жаттықтырушы, самбодан ҚР спорт шебері Мәди Құсайынов.

Мектеп оқушылары спорттың басқа түрлерінен де жетістіктерге жетіп жүр. Жас футболшылар жақында футзалдан ел чемпионатында екінші орын алған.

Мектеп мақтаныштарының қатарынагрек-рим күресіненжүлделерге ие болып жүрген Жұма Арсенді айтуға болады. Ол— жасөспірімдер арасында ел чемпионатының жеңімпазы, Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатының және Италияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ал Әсет Ізіғалиев —таэквондодан жастар арасындағы ел чемпионатының жеңімпазы, Болгарияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Медет Атабаевтың шәкірті Мейрамбек Қартбай еркін күрестен 57 келі салмақта әлем чемпионы екен. Қазір ол жігіт Сербия астанасы Белградта Әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Олимпиадалық ойындарына баруға үміткер. Олимпиада тағдырын Әлем чемпионаты мен алда болатын 3 лицензиялық турнир көрсетеді.

Сондай-ақ мектеп оқушылары грек-рим күресінен жыл сайын өтетін Азия және әлем чемпионатынаіріктеу кезеңінде командалық есеппен бірінші немесе екінші орын алады.Осындай шәкірттер тәрбиелеп отырған мектептен болашақта олимпиада ойыншылары шығады деп үміттенеміз.

Ауыр атлетикадан облыс чемпионы Нұржан Пахытов колледжде 2-курста оқиды. Оның тоғыз жасынан бастап зіл темірлерді көтеруге қызығушылығы артқан. Оған түрткі болған — әкесі.

Отбасымызбен спортшылармыз деп айтуыма болады.ӘкемБауыржан Қаздаев — ауыр атлетикадан спорт шебері әрі осында жаттықтырушы. Кішкентайымнан әкемнің жаттығу залдарына барып, темір көтергенін көріп өстім. Кейін өздігімнен осы спортты таңдауға бел будым. Артымнан ерген інім де ауыр атлетші болуды қалайды, — дейді жас спортшы.

Нұржан облыстық чемпионатта 145 келі көтеріп, бірінші орынды иеленген. Сөйтіп, ел чемпионатына жолдама алған ол Қазақстан бойынша серпе көтеруден екінші орынға жайғасқан. Ол кезде 149 келіні еңсеріпті.

Спортшылар, негізінен, өзрекордтарын жарыстардажаңартып жатады. Себебі жарыстағы атмосфера бөлек болады. Намысқа тырысып, күшің артып кететін секілді. Соның арқасында зіл темірді көтеріп, жаңа рекорд орнатуың мүмкін.

Біреу серпе көтеруден жақсы болса, енді біреуі жұлқа көтеруден мықтырақ болуы мүмкін. Әр спортшыны бақылап, олардың тек жақсы жақтарын ғана алуға тырысамын,— дейді Нұржан Пахытов.

Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі Қазақстан бойынша алғашқы бестікке кіреді. Қаланың шет жағында орналасқан оқу орнының жатақханасы да, мектебі де үлкен. Тек спорт комплекстерін жаңарту керек. Бокс, ауыр атлетика, үстел теннисі, дзюдо спортының залдары көнерген. Жаңа құрал-жабдықты қажет етеді. Мектеп басшысының айтуынша, жақын арада мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мектептің алға қойып отырған ендігі мақсаты — 2028 жылы өтетін жазғы олимпиада ойындарына олимпиада резервін даярлау. «Үміт артып отырған жастарымыз бар», — дейді Медет Атабаев.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button