Басты жаңалықтар

Ақтолағай алыстан шақырады

Бұқаралық-ақпараттық құралдары өкілдерінен құрылған туристер тобы бұл жолы Байғанин ауданына бет алды. Бұл өлкеде ауыз толтырып айтатын табиғи, тарихи  орындар жетерлік. Ақбота-Сәңкібай тауы, Кұлшардың шоқысы, Алатау, Үйтас секілді табиғат жаратылыстарын көретін көз керек. Ал көрген адамға ұмытылмас әсер қалдырады.

Сонымен, сапарымызды аудандық мұражайдан бастадық.

Мұражайға кіре берісте ілінген картадан аудан территориясының орасан үлкен, бір елді мекені мен екіншісінің арасы 200-300 шақырымға созылып жатқан байтақ дала екенін көруге болады. Ал әр жәдігер өлкенің тарихы мен табиғатынан сыр шертеді. Сақ жауынгерлерінің жебелерінің ұштары, неолит дәуіріндегі тас қашайтын құралдар, қыш құмыралар, Андронов мәдениетінен қалған заттардың тарихының өзі бір-бір әңгіменің өзегі. Мәселен, мына бір  тақияны Жібек жолы бойындағы саудагерлерден  Рахметолла есімді бай үш жасар қызына бір тайлаққа сатып әперген.

Белгілі Барақ батырдың найзасының ұшы, мыс табағы мен құманын, сол секілді оның ұрпағы Дәуіт батырдың тайқазанын да осы мұражайдан табасыз. Жергілікті шеберлердің қолынан жасалған зергерлік бұйымдар да жеткілікті.

Ал осы өлкеден табылған соңғы жәдігерлердің бірі — алтын сақа. Оны Жарқамыс ауылына жақын маңдағы Қаражар жайлауында мал бағып жүрген қойшы тауып алған. Анадайдан  күнге шағылысып жатқан затты көрген ол, алғашқыда әйнек болар деп мән бермеген. Кейін жақындап барып қараса,  асыққа ұқсас затты байқайды. Көң қатып жатқан кез болса керек, айналадан үшкір зат тауып алып, қазып келіп қалса, алтын сақа болып шығады. Содан оны ауылға алып келеді. Қазір бұл жәдігер Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында сақтаулы. Ал оның кішкентай  нұсқасы мен суретін осы жерден көруге болады.

— Халықтың әлеуметтік жағдайы қиындау кезде  мұражайларға аса мән берілген жоқ. Табылған алтын сақаны сол кездегі Мәдениет министрі Иманғали Тасмағамбетов өзіне алдырды. Кейін бізге  суреті мен көшірмесін  беріп жіберді. Бұл біздің даладан табылып отырған екінші алтын асық. Бұған дейін табылған біреуі жоғалып кетті, — дейді аудандық мұражай директоры Ләззат Жаулина.

Байғанин өңірінде табиғат туындыларынан бөлек, адамдардың қолымен жасалған 200-ден астам тарихи ескерткіштер және бар.

— Біздің өлке көп зерттеуді қажет етеді. Бұл жаққа археологтар аяқ басып көрген емес. Табиғаттың өзі жаратқан қаншама кереметтеріміз бар. Мәселен, Ақбота-Сәңкібай тауларының өзі неге тұрады. Ол туралы бірнеше аңыз бар…

Ақбота — Сәңкібай есімді сан мыңдаған жылқы айдаған байдың қызы. Ауыл азаматтары Әбілқайыр хан ауылына маңызды жиынға кеткен кезде, ауылды қалмақтар шауып, намысқой Ақбота серіктерімен бірге жаудың соңынан қуады. Сол ұрыста қаза табады. Кейін ата-анасы, елі батыр қызға мәңгілік мекен ретінде алыстан көзге шалынатын аппақ төбе басын таңдаған деседі, — деп әңгімесін түйіндеді мұражай директоры.

Ақтолағай — борлы үстірт

Мұражайдан шыққан соң аудан орталығынан 200 шақырымдай жерде орналасқан борлы тауларды бетке алдық. Халықаралық маңызы бар оңтүстік Ақтолағай үстірті — геологиялық және геоморфорлогиялық объект. Республикалық  табиғи қорықтар қоры қатарына енген Ақтолағайдың сұлулығы барлық зерттеушілерді таң қалдырған. Тіпті, бұл жерге АҚШ-тан, Германиядан  мамандар арнайы келіп зерттеу жүргізген.

Борлы үстіртке адам барып жарытпайтындығын жолдың жоқтығынан-ақ байқауға болады. Біз мінген автобус жыраларды жағалай отырып, түн ортасында таудың етегіне әрең жетті. Жолшыбай көлігіміз құмға батып, шақырымдап жаяу жүрген кездеріміз де болды. Бірақ аппақ болып созылып жатқан жоталарды көргенде жол бейнетін ұмытып кетесің. Әр таудың өзіне тән атаулары бар. Мәселен  арасындағы ең биігі Құлшардың шоқысы. Бұлай аталуының өз тарихы бар. Бізге келіп жеткен аңыз бойынша Адай руынан шыққан Құлшар есімді  жігіт әділетсіздікке, патшаның қанауына қарсы болған. Сол кезде  қуғын-сүргінге ұшырап, қамауға алынады. Кейін құрсаудан қашып шығып, осы борлы тауларды паналайды. Ол шыңның басына жасырынып, артынан келген қуғыншыларды атып өлтіріп отырған. Тауға шығатын бір ғана жол бар. Біздер де сол жалғыз аяқ сүрлеумен таудың басына шығуға тәуекел еттік. Жан-жағы тік жар болып келген таудың төбесінен қарағанда айналадағы көрініс тіпті керемет. Ал таудан түсу мінуден де  күрделірек болып шықты. Тік жартастан аяғың тайып кетсе, жерге түскенше  домалай беруің хақ…

Таудың екінші біреуін халық Алатау деп атап кеткен. Енді бірінің пішіні үлкен, қатпарлы тортқа ұқсаса, екіншісі түйеге, үшіншісі Хеопс пирамидасы секілді.

Ақ таулардың тізбегі ашық күні айналасына аппақ нұр шашып тұрғандай әсер қалдырады. Ал күн еңкейген сәтте кемпірқосақ тәрізді түрлі-түрлі түске боялады. Әсіресе, көктемде, айнала дала гүлдеріне толған шақта, бұл жердің әсемдігі көз тойғысыз. Таулардың етегінен басқа өңірлерде кездеспейтін  алуан түрлі өсімдіктерді көруге болады. Бір барған адам тағы көргісі келеді де тұрады.

Атырау және Ақтөбе облыстарының шекарасында орналасқан борлы үстірт бір кездері теңіздің түбі болған. Сондықтан да дәл осы жерлерде тасқа айналған ұлулардың, кораллдардың, теңіз кірпілерінің және басқа ондаған миллион жыл бұрын тіршілік еткен теңіз фаунасы өкілдерінің көптеген қалдықтарын табуға болады. Ежелгі акулалардың, ихтиозаврлар мен динозаврлардың сүйектері мен тістері, бүгінгі күні табиғатқа беймәлім өсімдіктердің қалдықтары, тасқа айналған ағаштар — бұл сан алуан түрлерді тізбектеп өту мүмкін емес. Бұл бір уақытта осы жерде қайнаған тіршіліктің болғандығын аңғартады. Ал қазір Ақтолағай даласы  адам аяғы сирек басатын мекен. Шөлді және сортаң топырақты ұшыра соққан жел мен күннен қорғайтын көлеңкелі орын табуға болатын таңданарлық тұрпаттағы аққарлы жартастар — қызықты оқиға іздеушілерге таптырмайтын орын.

Кең байтақ Ақтолағай бір кездері туристердің дамылсыз ағылатын ертегі әлеміне айналарына сенгіміз келеді.  Сол уақытта бұл жер Байғанин ауданының экономикасын көтеруге үлкен септігін тигізері сөзсіз.

 

Үйтас

Биіктігі үйдің көлеміндей болатын тастарды көргенде, жапан да жазық далада бұл тастар қайдан пайда болған деген сұрақтың мазалайтыны рас. Бірақ оның жауабын әлі ешкім нақты таба қойған жоқ. Тастар халық тұрып жатқан жер бедерінен 40 метр тереңдікке орналасқан. Көлемі жағынан әртүрлі алты тас әлі де ғылыми жағынан зерттелмеген. Біреулер құлаған метеорит десе, енді біреулер теңіз түбіндегі тастар деген болжам айтады. Не десе де, бұл тастарды ауыл адамдары ерекше құрметтейді. Жаңадан отбасын құрған жас жұбайлар осы жерге соғады. Бұл тасқа келгендер тез арада баспаналы болады деген сенім де қалыптасқан.

Осы жолдың бойында Күлдірдің тақыры атты жер де бар. Туристерді туған өлкенің тау-тасымен таныстырып келе жатқан облыстық өлкетану мұражайының бөлім меңгерушісі Күнзия Үмбетова бұл жерге байланысты халық арасында айтылып жүрген аңыздардың көп екендігін айтты.

Сапарлар әлі де жалғасады

Тауға жеткенше дегбірсізденген жолаушылар кері қарай жүргенде соқпақты жолдың қиыншылығын қаперіне де ілген жоқ. Таудан керемет күш-қуат алған туристер әсерлерінен айығар емес.

Мұндай сапарлар әлі де үш ауданда жалғасатын болады.

— Екі жылдан бері өлкеміздегі ішкі туризмді дамыту мақсатында  жарнамалық сипаттағы туристік саяхаттар ұйымдастырылып келеді. Биыл жоспарға сәйкес Мәртөк ауданы, Мұғалжар таулары мен Қарғалының әсем табиғатын тамашалайтын боламыз. Біздің мақсатымыз, жергілікті туристік өнімдерді қалыптастырып, бағыттарды белгілеп, қаржы көздерін табу. Туризм дамыса,  жергілікті тұрғындарға көмегі тиері анық. Халыққа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік жағдайлары түзеледі. Өлкемізде халқымыздың салт-дәстүрін насихаттайтын тарихы мен табиғатынан сыр шертетін орындар өте көп. Тіпті сырттан келмей-ақ қойсын, қаланың қауырт тірлігінен шаршаған жұрт ауылға барып қымыз, шұбат ішіп, қазы-қарта жеп, жылқыға, түйеге мініп серуендеуден бас тартпасы анық. Сол секілді ұлттық қолөнер бұйымдарын жасайтындар кәдесый сатумен де айналысуына болады, —  дейді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожин.
Туризм саласын дамыту еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енген. Экономикамыздың басым секторы қатарынан саналады. Жыл сайын қаражат көздері қарастырылып отыр. Мәселен, биыл бюджеттен 17 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Ал бір бағыттағы туристік саяхат ұйымдастыруға 450 мың теңге беріледі екен.

— Біздің мақсат — ақпараттық құралдар арқылы өлкеміздің көркем жерлерін халыққа жарнамалау. Осындай табиғаты әсем жерлерге барамын деушілерге саяхат ұйымдастырамыз. Бірақ көп жерлерде инфрақұрылым  әлі де дұрыс дамымаған. Сол кедергі болады, — дейді туристік саяхатты ұйымдастырушы «Эпоха» туристік фирмасы директорының орынбасары Жанна Назарбаева.

 

Жолдар әзір жөнделмейді

Байғаниннің жолы десе, елең етпейтін жолаушы жоқтың қасы. Аудан әкімі Бердіхан Кемешовтің айтуынша, аудан жолдары республикалық маңызға ие.

— Сондықтан да бұл жолдардың қашан жөнделетіні жөнінде кесіп айта алмаймыз.  2008 жылы  біраз бөлігіне жөндеу басталып еді, кейін қаражаттың жоқтығынан тоқтатылды. Артынан «Батыс- Еуропа — Батыс Қытай» транзиттік дәлізі  салынатын болған соң мүлдем тұрып қалды. Жолға өз бетімізше жөндеу жасауға біздің құзырымыз жетпейді. Бұл республикалық деңгейде шешілетін мәселе. Ал өлкемізде бір кездері туризм дамиды дегенге сеніммен қараймын. Облыста жасыл желек жамылған өзен-көлді орындар жеткілікті. Ал біздің өлке секілді жазира дала мен табиғаттың ғажайып мүсіндері бар  мекендер көп кездеспейді, — дейді Б. Кемешов.

Р. S.Тек қана мал бағумен күнелтетін халық мекендеген өлке бір кездері  инфрақұрылымы дамыған,  жолдары сайрап жатқан, туристерден толастамайтын  мекенге айналарына біздің де сенгіміз келеді.

 

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button