Жаңалықтар

60-тан асырсаң, айыппұл арқалайсың

                                                                                                                                                                  Бақылау

АҚТӨБЕ КӨШЕЛЕРІНЕ ТАҒЫ 66 БЕЙНЕКАМЕРА ҚОЙЫЛДЫ

Жыл басынан бері облыс аумағында 382 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 80 адам қаза тауып, 535 адам түрлі дене жарақатын алған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апатқа көп жағдайда жүргізушілердің жылдамдықты асыруы себеп болып отыр. Бүгінде аймақта жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі биыл 16 тамыздан бастап Ақтөбе қаласы аумағында 66 бейнебақылау камерасы іске қосылады. Одан бөлек осындай 12 камера облыс аумағынан өтетін республикалық маңыздағы жолдардың бойына қойылады. Аталған департаменттің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтегеннен жақын аралықта іске қосылатын бейнекамералардың жұмысы мен ерекшелігі турасында сұрап білген едік…

— 66 бейнекамера қаланың қай аймақтарына және қандай аудандарға қойылады?

— Жаңа бейнебақылау қондырғысы Ақтөбе қаласының барлық аумағына орнатылды. Бұған дейін қала аумағында тіркелген жол-көлік оқиғаларына талдау жасалған болатын. Соның қорытындысы негізінде осындай жағдайлар жиі тіркелетін аумақтарға бейнебақылау қондырғысы орнатылды. Нақтырақ айтсақ, «Табыс» коммуналдық базарына барар тұста, әсіресе үлкен даңғылдарда көп кездесіп жатады. Өздеріңіз білесіздер, мұндай камераларды көбіне жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында орнатамыз. Жоғары трасса аталатын, Есет батыр тұрғын алабына апаратын Бауыржан Момышұлы атындағы даңғылда жол апаты жиітіркелді. Бұл тасжолдың бойында адам өлімі де болды, көптеген адам дене жарақатын алып, жақындарынан айырылды. Ақтөбе қаласының Кеңес Нокин атындағы даңғылда да көлік ағыны көпәрі жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін аймақтардың бірі. Бұл — осындай жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында жүзеге асырылып жатқан іс-шара.

— Жаңа камераларды жол бойына орнату ісі қандай мекеме арқылы жүзеге асырылды?

— Тапсырыс беруші — облыс әкімдігі. Мердігер мекеме — «Перспектива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

— Бейнебақылау қондырғыларының басты ерекшелігі неде?

—Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін бейнебақылау камералары бұған дейін тесттік режимде жұмыс істесе, 16 тамыздан бастап штаттық режимге ауысады. Ең бастысы, бұл қондырғылар жылдамдықты анықтайды. Көлік жүргізуші жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырса, бейнекамералар тіркеп алып, автоматты түрде айыппұл салынады. Яғни бұл қондырғылардың жылдамдықты өлшеу шегі — сағатына 60 шақырым. Себебі қазір көптеген жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің жылдамдықты асыруына байланысты болып тұр.

Сондай-ақ жылдамдықпен қоса бұл камералар іздеуде жүрген, айыппұлдары көп, төленбеген, бағдарда тұрған, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таққан автокөліктерді де анықтайды.

— Қазіргі қолданыстағы қондырғылардан  жаңа бейнебақылау камерасының айырмашылығы неде?

— Айырмашылығы — жаңа үлгіде жасалуында әрі оның заманауи құрылысында. Ең бастысы, жоғары сапада жасалған, айналасын жақсы шолады. Бұл қондырғылар көздеген нысанды 99 пайыз дұрыс түсіреді. Енді жүз автокөліктің арасында біреуін қате түсіруі мүмкін. Дегенмен бұл бейнебақылау камераларының артықшылығы — оның сапасында. Камералардың сапасы да, ерекшеліктері де өзге алыс-жақын шетелдерде пайдаланатын осындай қондырғылармен бірдей. Әзірге мұндай қондырғыларда «фейсконтроль», яғни адамның түрін анықтайтын мүмкіндік жоқ, бірақ қалғандарының бәрі бар. Алдағы уақытта бұл камераларға техникалық бақылаудан өтпеген көліктер, сақтандыру полюсі жоқтарды анықтау деректері бойынша функциялар қосылатын болады.

— Айыппұл салу мәселесі қалай жүзеге асырылады?  Камераға түскен көліктер және оның жүргізушісіне айыппұл бірден жазыла ма, әлде әуелі ескерту беріле ме?

— Камера жол ережесін бұзған көлікті және сол маңды бар болғаны 3 секунд түсіреді. Ал бұл қондырғының жанында қосымша шолу камералары болады. Сол арқылы жағдай толық қаралады. Енді бұдан әрі ескерту берілмейді, бірден айыппұл салынады. Себебі бұл камералар іске қосылғанға дейін жүргізушілерге жеткілікті деңгейде ескертілді. Мұндай камералардың тесттік режимде жұмыс істеп тұрғанын жыл басынан бері ескертіп те келеміз.  Ал енді 16 тамыздан бастап бұл қондырғылар штаттық режимде жұмыс істеуге көшеді. Бақылау камерасына түскен автокөлік иесіне айыппұл автоматты жағдайда есептеліп, жолданады. Бұл жерде адами фактор деген мүлдем жоқ. Анықталған жол ережесін бұзу дерегі бірден базаға түсіп, автоматты түрде қол қойылып, жүргізушіге айыппұл жолданатын болады.

Көлікте белдік тақпаған жолаушыға қандай шара қолданылады?

— Камера белдік тақпаған жолаушыларды түсірмейді.

Республикалық, облыстық маңыздағы трассаларға бейнебақылау қондырғылары орнатыла ма?

— Бұл камералар республикалық, облыстық маңыздағы жолдарға қойылмайды. Тек Ақтөбе қаласы аумағына ғана орнатылды. Ал облыс аумағынан өтетін республикалық маңыздағы жолдарда апатты жағдай тудыратын аймақтарға бұдан басқа 12 бейнебақылау камерасын орнатуды жоспарлап отырмыз.

Сонда ол қай аймақтар?

— Негізінен,жол-көлік оқиғасы жиі тіркелетін Самара-Шымкент тасжолының бойына камералар көп қойылады. Нақтырақ айтсақ, аталған жолдың 778-ші шақырымына, Өлке ауылы тұсына осындай қондырғы қоюды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ осы жолдың 822-ші шақырымы — Хромтау бағытына, 926-шы шақырымы — Белқопа ауылы маңына, 985-ші шақырымы — Қызылорда облысы бағытындағы «Салтанат» кемпингі, 1033-ші шақырымы — Талдық ауылы тұсына, 1078-ші шақырымы Қалыбай ауылы маңына орнатылатын болады. Сонымен қатар Самара-Шымкент тасжолының 700-ші шақырымы — Маржанбұлақ және 654-ші шақырымыҚобда ауданының Әлия ауылы маңдарына камера қоюды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек Қарабұтақ-Денисовка-Рудный-Қостанай тасжолының 126-шы шақырымына да бейнебақылау камерасы орнатылады. Республикалық маңыздағы Ақтөбе-Астрахань тасжолының 131-ші шақырымы — Шұбарқұдық, 247-ші шақырымы — Қарауылкелді ауылдары тұсына және 308-ші шақырымына алдағы уақытта бейнебақылау орнатылады. Бұл бағыттағы іс-шараларға қаражат қарастырылды, енді тендердің өтуін күтіп отырмыз.

Осындай камералардың күшімен қанша жол ережесін бұзу дерегі анықталды?

— Жыл басынан бері облыс бойынша бейнебақылау камераларының арқасында 54 мың құқықбұзушылық тіркелді. Одан басқа 15 жылжымалы «Автоураган» камерамыз бар. Солардың көмегімен де жолда көптеген құқықбұзушылықтар анықталады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button