Жаңалықтар

Оқушылар мінген көлік жол апатына ұшырады

Хромтау ауданы Бөгетсай ауылының тұсында  жантүршігерлік жол апаты болды. Самара-Шымкент тасжолында «Toyota-Ipsum» автокөлі мен «Ман» жүк көлігі соқтығысып, жеңіл көліктегі бес бала мен екі ересек адам және жүргізуші көз жұмды.

— Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша,  көлікте балалардың ата-аналары да болған. Олар басқа облысқа футбол жарысына бара жатқан.  Бұл іс-шара бойынша ата-аналар құзырлы органдарғаполиция, білім, спорт басқармаларына хабарламаған, — деді осы оқиғаға байланысты түсінік берген жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.

Балалар  Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылындағы мектептің  6-7 сыныптарында оқиды екен. Ал облыстық білім басқармасындағылар жұртшылықтан ресми тізімде жоқ іс-шараларға оқушыларды қатыстырмауды сұрады.

Егер ресми тізімдегі іс-шара болса, біз сапарды міндетті түрде полицияның сүйемелдеуімен, бақылауымен ұйымдастырамыз. Бұл жағдай сай сүйекті сырқыратады. Сондықтан  ата-аналардан балаларды ресми емес, білім басқармасының тізіміне, жоспарына енбеген іс-шараларға қатыстырудан  бас тартуды  сұраймыз. Бұл балалар жеке қайырымдылық қоры ұйымдастырған футбол турниріне сапарға шыққан. Бізге жеткен мәлімет бойынша Маңғыстау облысына бет алған, — деді облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Қайғылы оқиға облыс әкімі Асхат Шахаровтың тікелей қадағалауында. Өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм болған жандардың отбасына көңіл айтты.

Марқұм болған жандардың жақындарына, ағайын-туыстарына өзімнің және Ақтөбе облысы әкімдігінің атынан көңіл айтамын. Оларға қажетті материалдық және моральдық көмек көрсетіледі. Бұл оқиға білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік шараларының маңыздылығын тағы бір рет еске салды. Әрбір оқушының өмірі бағалы және кез келген іс-шарада олардың қауіпсіздігі бірінші орында болу тиіс.Орынбасарым Жолдас Батырхан жетекшілік ететін облыстық жұмыс тобы құрылды, қазір олар — оқиға орнында. Облыстық жұмыс тобы, құзырлы органдар заң аясында бұл жағдайды мұқият тексеріп, тиісті шаралар қабылдайды.Оқушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында мектептерде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау міндетті. Жарыстар мен басқа да іс-шараларды ұйымдастыру кезінде белгіленген алгоритмге сәйкес, қауіпсіздік талаптары толықтай орындалуға тиіс.Бұл жағдай — жеке бақылауымда, — деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жүк көлігінің жүргізушісі уақытша қамауға алынған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button