Жаңалықтар

Қолдау мен қорғау

Жастар күні

Ақтөбеде жұмыссыз жастардың қатары өткен жылмен салыстырғанда азайыпты. Бұл — жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан жәрмеңкелер мен түрлі жобалардың нәтижесі. Алдағы уақытта аймақ жастары үшін біршама жоба қолға алынбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетов айтты.

Бүгінде облыста 14 пен 35 жас аралығындағы 266 мың 789 жас бар. Бұл — облыс тұрғындарының үштен бір бөлігі.

Бүгінде өңірде 3350 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Жыл басталғалы 13 291 жас жұмыспен қамтылды. Соның ішінде бос жұмыс орындарына — 4732, әлеуметтік жұмыс орындарына — 502, жастар практикасына — 801, ал қоғамдық жұмыстарға — 1926, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына — 157, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына  51 жас тартылды. Елімізде жұмыссыз жүрген жастарды қолдау мақсатында көптеген жобалар, бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ NEET санатындағы қыз-жігіттерді жұмысқа орналастыру және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған жобаның арқасында 14 ақтөбелік әрқайсысы 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттың иесі атанды. Биыл аталған жобаға облыс бойынша 289 адам қатысуға ниет білдірген. «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы да жанданып келеді. «Жасыл ел» жобасы аясында биылғы еңбек маусымында 1960 жасты уақытша жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты арқылы 30 жеңімпазға 300 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант табысталды. Бұл грант жаңа жетістіктер мен жаңалықтарға жол ашып, шығармашылық, ғылыми, іскерлік идеялар еліміздің дамуына елеулі үлес қосады. Шалғай елді мекендерде де «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіп бастағандар саны артып келеді. Мәселен, Ырғыз ауданының тұрғыны Әйгерім Құрманбаева «Қыз жасауы» тігін шеберханасын ашып, ауыл тұрғындарына ұлттық нақыштағы бұйымдарын ұсынып жатыр, — дейді М.Ермағанбетов.

Оның айтуынша, биыл жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 30 мыңнан астам жас қатысқан.

«Жас сақшы» жастар ұйымы мен жастар ресурстық орталығының мамандары және ювеналды полиция инспекторлары құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Құқықтық тәртіп», «Жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шараларын жиі ұйымдастырады. Іс-шара кезінде адам көп шоғырланатын теміржол вокзалы, Орталық базар маңы, түнгі клубтар мен мейрамханаларда 30-дан астам рейдтік іс-шара жүргізілді. Одан бөлек  «Жастар рухы» жастар қанаты, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының мамандарынан құралған мониторингтік топ жоғары оқу орындары мен колледж жатақханаларында рейд жұмыстарын жүргізіп, жастармен кездесу өткізді, — дейді басқарма басшысы.

Өңірде баспана мәселесі де өзекті. Оның айтуынша, биыл «Ақтөбе жастары» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін 1 миллиард теңге бөлінген.

Аталған бағдарлама арқылы жыл соңына дейін 70-тен астам жас отбасының үйлі болуына мүмкіндік жасағымыз келіп отыр. Бұл жерде негізгі басымдық ауыл жастарына және баспанасыз жүрген жұмыссыз жастарға беріледі, — деп атап өтті ол.

Ақтөбелік жастардың арасында волонтерлік қызмет жақсы дамыған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазіргі таңда облыс бойынша құрамында 3 мыңнан астам мүшесі бар 164 еріктілер тобының жұмыс істейтіні айтылды. Олардың барлығы QazVolunteer.kz бірыңғай платформасының тіркеуінде тұр.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button