Тағзым

Елдіктің бір игі ісі

«Екінші дәрежелі Отан соғысы «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жуков» медальдарының, «Ленинградтың 205 жылдығы» белгісінің иегері, майдангер, халық емшісі Елтоқ Сәрсенбайұлының 100 жылдығына арналып Қарауылкелдіде өткен үлкен жиын алыс-жақындағы ағайынды, көзі тірісінде аңызға айналған абыз атаның шапағатын көрген, жүрек жылуын сезінген талай үлкенді-кішілі бірнеше буын ұрпақ өкілдерінің басын қосты.  

 Жиынды ашқан аудан әкімі Айбек Көпенов биылғы жылы Байғанин өңірінде бірқатар тарихи-тағылымдық шаралар жүзеге асып жатқанын айта келіп, өткеннің өнегесін бүгінге жеткізу ұрпақтар сабақтастығының айқын бір көрінісі екенін тілге тиек етті.

— Сондай игілікті істердің бірі — елдің танымал азаматы болған, майдангер, соғыстан кейінгі бейбіт жылдарда халық шаруашылығын қалпына келтіруге көп үлес қосқан, ұзақ жылдар аудандық өрт сөндіру мекемесіне жетекшілік еткен, бұдан басқа халықтың жанашырына айналған Елтоқ Сәрсенбайұлының 100 жылдығын атап өту болатын. Бүгін, міне, бәріміз осында жиналып отырмыз. Осы шара барысында көзі тірісінде аты аңызғаи айналған, өзінің емшілігімен ел құрметіне бөленген аруақты атаның мәңгілік мекені басына жаңадан түнемелік үйі салынып, оның алдына бюст орнатылды. Енді дертіне шипа, жанына жебеу іздеген адамдар осында келіп түнеп, аруаққа зиярат ете алады, — деді ол.

— Біз бүгін аруақты ата рухына тағзым етуге жиналып отырмыз. Елтоқ ата есімін біз сонау бала кезімізден, Оймауытта тұратын уақытымыздан білетінбіз. Үлкендер ол туралы ылғи да айтып отыратын, ауыздарынан тастамайтын. Көзі тірісінде аңызға айналды. Мұндай адамдар өмірде сирек кездеседі. Сондықтан ондай жандардың қадірін білу, бағалау, есімін жас ұрпақ жадында жаңғыртып, кейінгіге үлгі ету — біздің парызымыз.

Ең бастысы, ата салтымыз бен ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу, өткенімізді ұмытпау біздің түп-тамырымызды нығайта түседі. Бүгінгі шара — осындай игілікті істің бір көрінісі, — деді бас қосуда сөз алған елдің ардақты азаматы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Кенжебаев.

Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев Елтоқ ата есімін темірліктер де жақсы білетінін айтып, бүгінгі шараның халыққа рухани қуат, көңілге шуақ беретінін жеткізді.

Жиында сөз алған Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин Елтоқ атаның бойындағы ерекше қасиеттері, оның өмір белестеріндегі қиындықтары мен жігерлі іс-қимылдары, адамдарға жасаған жақсылықтары мен ұлағаты туралы айтып, облыстық басылымдарда осы бір тағдыры ерекше тұлға туралы көптеген мақалалар жарияланғанын еске салды.

Жиында сөз алған ел ақсақалы Ықылас Әбішев, Байғанин ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Ибрагим Ермекбаев, төтенше жағдайлар қызметі ардагері Бегендік Айтқұлов, еңбек ардагері Нұрлан Өскінов және басқалары Елтоқ Сәрсенбайұлының өмір жолы, халыққа қызметі туралы ойларын ортаға салды.

Елтоқ ата басындағы түнемелік үйді салу барысында іс басында жүрген арнайы қор жетекшісі Қымбат Мырзағалиеваның атына бұл күні көп алғыс айтылды.

«Мен 2018 жылы қатты науқастанып, химиялық ем қабылдауға мәжбүр болдым, тіпті ота жасатуға тура келді. Сондай қысталаң күндерде Елтоқ атаның аруағына сиындым. Оның баласы Бекарыс әкесінің қамшысымен ұшықтап, атаның тер иісі сіңген бас киімін қолыма ұстатты. Сол маған ем болды, жаныма жеңілдік берді. Содан кейін атаның түнемелік үйін тұрғызуға үлес қосуға белсене кірісіп кеттім. Бұл игілікті шараға қатысудан ешкім де құр қалған жоқ, бүкіл аудан тұрғындары, мекемелер бір кісідей үн қосты», — дейді Қымбат апайдың өзі.

Ескерткіш-бюсті орнатуға үлес қосқан іс басындағы азаматтар Берік Асанов, Дәурен Тауасаров, Қайырбек Таханов, сондай-ақ мүсінші Жеңіс Жұбанқосов еңбегіне жиналған жұртшылық алғыстарын айтып, үлкендер батасын берді.

Ата рухына тағзым етіп, ас беру барысында түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, мәдени-көпшілік бағдарламалар жүзеге асырылды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button