Басты жаңалықтарСпорт

Қазақстан әзірге — үздік отыздықта

Осы жексенбіде Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары аяқталады.

Жарыстардың он екінші күнінде Қазақстан қоржынына екі күміс жүлде түсті. Грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраев пен боксшы Нұрбек Оралбай финалда өнер көрсетіп, екеуі де күміс жүлде иеленді. Ал бір күн бұрын тағы бір боксшымыз Назым Қызайбай қола медаль иегері атанған еді.

Он екінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте 28-орында болды.

Құрметпен қарсы алды

Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына аттанған қазақстандық спортшылардың бір тобы жарысты аяқтап, елге оралды. Олардың ішінде Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен жүлдегерлер — Ғұсман Қырғызбаев, Нариман Құрбанов, Ислам Сәтбаев пен Александра Ле де бар.

Елге алдымен дзюдошылар келді. Оларды Алматы халықаралық әуежайында жанкүйерлер, журналистер, туған-туыстары қарсы алды. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, әуежайда ине шаншар жер болмаған.

Ел-жұрты 8 жыл күткен Олимпиада алтынын жеңіп алған Елдос Сметовті жерлестері көне Тараз қаласының шығыс қақпасынан құрметпен қарсы алды. Тараздың Жамбыл атындағы даңғылы мен Ыбырайым Сүлейменов көшелерінде шеру өтіп, соңы гала-концертке ұласты. Шеруге қатысқандардың арасында спортшылар мен бапкерлер, спорт ардагерлерімен қатар, белсенді жастар да болды. Сондай-ақ Олимпиада чемпионы мен оның жеке бапкеріне сый-сияпат көрсетілді.

Қола медаль жеңіп алған дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев  Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі, аға лейтенант еді. Олимпиададан келген бетте ол шенінің жоғарылап, капитан атанғанын есітті. Оған Алматы дзюдо федерациясының тарапынан да құрмет көрсетілді.

7 тамызда мергендер мен гимнастар да (көркем гимнастика шебері Эльжана Таниевадан басқасы) елге жетті. Ислам Сәтбаев пен Александра Ле Олимпиаданың бірінші күнінде пневматикалық винтовкамен 10 метр қашықтықта нысана көздеуден аралас жұптық сында қола жүлдені жеңіп алғаны белгілі. Бұл —Парижде өтіп жатқан Ойындарда ең алғаш сарапқа салынған жүлде. Әуежайда қарсы алған жанкүйерлердің алдында олар енді 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиадаға дайындықты бастап, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізгілері келетінін айтты. Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгуннің айтуынша, бұл спорт түрі бойынша әлемде қазір бәсекелестік өте жоғары. Париж Олимпиадасында нысана көздеуден 82 елдің спортшылары өнер көрсетіп, соның ішінде 19 елдің спортшыларына ғана жүлде бұйырған. Ал Қазақстан бұл спорт түрінен 1996 жылдан кейін, яғни 28 жыл бойы Олимпиада жүлдесін ала алмай келді. Айта кетсек, 2023 жылы өткен Азия Ойындарында мергендеріміз 3 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлде жеңіп алған болатын.

Қазақстандық гимнасшылар да Парижден олжалы оралды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Нариман Құрбанов тұтқалы ат жаттығуы бойынша күміс жүлде иеленді. Сондай-ақ Милад Карими еркін жаттығудан үздік бестікке енді. Алматы әуежайында гимнастарға да сый-құрмет көрсетіліп, әсіресе жанкүйерлер спорттың осы түрінен Олимпиада тарихындағы Қазақстанның алғашқы медалі үшін алғыс жаудырды.

Өкініштісі, Милад Карими іріктеу кезінде өзінің ең мықты нәтиже көрсетіп жүрген жаттығуы — кермедегі жаттығуда 12 700 ұпаймен 50-орыналып, финалдан тыс қалды. Ол 2023 жылы әлем чемпионатында еркін жаттығудан сәтті өнер көрсетіп, қола медаль алған болатын. Бұл жолы көпсайыстың финалына шығып, көп күш жұмсап жіберсе керек, еркін жаттығу бойынша ақтық сында жүлдегерлер қатарына іліге алмай, тек үздік бестікке енді.

«Медальдан гөрі елімнің қуанышы қымбат» — деген Нариман да, екі Олимпиада қатарынан бесінші орынды қанағат тұтқан Милад та алдағы Лос-Анджелес Ойындарына жолдама алу үшін дайындыққа кіріспек.

Гимнастиканың тағы бір түрі — батуттық гимнастикада өнер көрсеткен Данил Мұсабаев іріктеуде 9-орын алды. Оған финалға шығуға тек бір қадам ғана жетпеді. Финалға ең үздік нәтиже көрсеткен 8 спортшы өтті. Дегенмен бұл көрсеткіш Данилге өз мүмкіндігінің өзгелерден еш кем еместігін көрсетті. Ол да: «Енді Лос-Анджелеске тек медаль үшін барамын», — деп отыр.

Көп күттірген күміс

5 тамыздан бастап Париж Ойындарындағы жарысқа балуандар қосылды. Қазақстандықтар қатарынан бірінші болып бозкілемге грек-рим күресінің шеберлері шықты. 130 келі салмақта сынға түскен Әлімхан Сыздықов алғашқы қарсыласы Ален Алксусты 3-1 есебімен жеңіп, ширек финалға шығып қуантқан еді. Бірақ ширек финалдағы қарсыласы, 2016 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, әзірбайжандық балуан Сабах Салехоглына еш қауқары жетпей, 4-0 есебімен ұтылып қалды. Сабах Салехоглы да жартылай финалда жеңілгендіктен, Әлімханның қола медаль үшін бақ сынауына жол жабылды.

Осы күні 60 келі салмақта әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері, Азия чемпионы (2021 жыл) Айдос Сұлтанғали да жарыс жолына қосылды. Оның бірінші қарсыласы — екі мәрте әлем чемпионы, қырғызстандық балуан Жоламан Шәршенбеков. Екеуінің белдесуі 3-6 есебімен қырғыз балуанының пайдасына шешілді.

Естеріңізде болса, өткен Токио Олимпиадасында да біздің нақ осы салмақтағы балуанымыз, жерлесіміз Мейрамбек Айнағұлов бірінші белдесуінде Жоламан Шәршенбековтен жеңіліп қалған болатын.

Қазақ балуандарының тісі батпай қойған Шәршенбеков, өкінішке қарай, Парижде финалға дейін жете алмады. Жартылай финалда ол жапон балуаны Кеничиро Фумитодан ұтылды. Сөйтіп, Айдосқа да қола медаль үшін күресуге мүмкіндік тумады.

6 тамыз күні грек-рим күресінен 77 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2017 жыл), Азия чемпионатының 4 мәрте жүлдегері Демеу Жадыраев бозкілемге шықты. Ол алғашқы айналымда колумбиялық Алексис Муньесті 9-0 есебімен оңай жеңіп, ширек финалға өтті. Бұл кезеңдегі қарсыласы — тағы бір қырғыз балуаны, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, екі мәрте әлем чемпионы Ақжол Махмұдов болды. Демеу Олимпиаданың алдында: «Мен ешкімнің атақ-дәрежесін, рейтингтегі орнын мойындамаймын» — деп мәлімдеген болатын. Расында, Ақжолдың атақ-дәрежесіне қарамай, өз күшіне сеніп белдескен ол қарсыласын төрттағанда лақтырып, белдесуді өз пайдасына шеше білді. Есеп — 3-1.

Жартылай финалда Демеу Жадыраев әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, соның ішінде Ақжолмен бірге былтырғы әлем чемпионатының финалында белдескен әзірбайжандық балуан Санан Сүлейменовті жеңді.

Сөйтіп, финалға жолдама алды.

Өкініштісі, Демеу финалда былтырғы әлем чемпионатының тағы бір жүлдегері, қола медаль иегері, әлемдік рейтинг көшбасшысы, жапон балуаны Нао Кусаконы жеңе алмады. Белдесудің бірінші кезеңінде біздің балуан 2-0 есебімен жеңіп тұрған. Екінші кезеңді жапон балуаны 5-2 есебімен өз пайдасына шешті. Қорытындысында, алтын Кусакоға бұйырып, Демеу күмісті қанағат тұтты.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында грек-рим күресінен әзірге Юрий Мельниченкодан (1996 жыл, Атланта) кейін ешкімге чемпиондық атақ бұйырмай келеді. Соңғы Олимпиадаларда біздің балуандар күрестің бұл түрінен алтын түгіл, күміс те ала алмай, яғни финалға шығудың өзі мұң болып келген еді. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Нұрбақыт Теңізбаев қола жүлде алып, кейін допингтік тексерулер қорытындысы бойынша ғана күміс жүлдегер атанды.

Ал қазақ баласы 1988 жылғы Олимпиададан кейін, араға 36 жыл салып, бірінші рет финалға жолдама алып тұр. 1988 жылы Сеул Олимпиадасында 74 келі салмақ дәрежесінде Дәулет Тұрлықанов финалда белдесіп, жарыс қожайыны, оңтүстіккореялық Ким Ен Намнан жеңілген болатын. Демеу Жадыраев — тәуелсіз Қазақстанның тарихында грек-рим күресінен Олимпиаданың финалына дейін жете алған тұңғыш қазақ баласы.

Күрестің бұл түрінен қазақстандықтар Париж Олимпиадасына төрт жолдама алған болатын. Төртінші балуанымыз Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) алғашқы қарсыласы, египеттік Мохаммед Метваллиді 10-1 есебімен, яғни айқын басымдықпен жеңгенімен, келесі қарсыласынан — Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының чемпионы, украиналық Жан Беленюктен жеңіліп қалды. Есеп 3-7. Жан Беленюк одан әрі финалға өте алмағандықтан, Нұрсұлтан жұбаныш белдесуінде сынға түсу мүмкіндігінен айырылды.

Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко бастап апарған грек-рим құрамасы Олимпиаданы осылайша бір күміс жүлдемен аяқтады.

Бір айта кетерлік жайт, спорттың осы түрі бойынша тәуелсіздік жылдарында қазақтан шыққан Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Демеу Жадыраевтың мектебі — бір, екеуі де Жетісу облысының Панфилов ауданында туған.

Тағы да алтынсыз қалды

Қазақстандық боксшылар үшін Париж Олимпиадасындағы жарыстар аяқталды. Франция астанасына елімізден 10 боксшы аттанған еді: ерлер құрамасы барлық 7 салмақ дәрежесі бойынша түгелдей жолдама алса, қыздардың еншісіне 3 жолдама бұйырған болатын. Бірақ жүлдеге таласа алатын боксшылар нақты анықталатын меже — жартылай финалға олардың тек екеуі ғана жетті: Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Назым Қызайбай (50 кг).

Алдымен Нұрбек Оралбайға тоқталсақ, ол — өткен жылғы әлем чемпионы. Әйткенмен былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатына 21 елдің байкот жариялағанын және оны ұйымдастырып-өткізген халықаралық әуесқой бокс қауымдастығын (АИБА) халықаралық Олимпиада комитеті өз қатарынан шығарғанын ескерсек, боксшылардың соңғы әлем чемпионатындағы атақ-дәрежесі бұл жолы оларға қандай да бір артықшылық бере қойған жоқ.

Нұрбек бастапқы жекпе-жегінде австралиялық Каллум Питерсті 3-2 есебімен жеңді. Айта кетейік, көптеген бокс сарапшылары бұл жекпе-жекті Олимпиададағы ең тартысты өткен жекпе-жектердің қатарына қосқан болатын. Екі раундтан кейін таразы басы теңесіп тұрды. Нұрбек үшінші раундты өз пайдасына шеше алып, келесі айналымға өтті.

Ширек финалда ол әзірбайжандық Мурад Аллахбердиевтен жеңісті жұлып алды. Ал жартылай финалда да Нұрбек өте тартысты жекпе-жек өткізді. Бұл жолы доминикандық Кристиан Пиналеспен кездесіп, 3-2 есебімен финалға өткен еді.

Жартылай финалдан кейінжурналистердің сауалына орай ол ақтық сындағы қарсыласы туралы: «Қарсыласым өте мықты. Бірінші айналымда Қытайдағы этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды жеңген… Енді мұнымен тоқтамаймыз. Алда финал, барымызды саламыз», — деп қысқа қайырған болатын.

Қарсыласы — мықтылығын бүкіл әлем мойындаған украиналық боксшы Александр Хижняк. Ол өткен Олимпиадада жарқын өнер көрсетіп, тек ақтық сында күтпеген жерден нокаутқа түсіп қалған болатын. Сөйтіп, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Хижняктың енді екінші мүмкіндігін жібермеуге тырысатыны, барынша мұқият болатыны түсінікті еді. Оның үстіне төрешілердің әдетте неғұрлым танымал спортшығабүйрегі бұратыны тағы бар. Осының бәрі біздің боксшыға психологиялық тұрғыдан оңайға соқпағаны анық.

Соған қарамастан, ақтық сында Нұрбек қарсыласымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Украиналық бокс мамандары да оны өте лайықты қарсылас болды деп мойындап отыр. Финалдағы тартысты жекпе-жек 3-2 есебімен Хижняктың пайдасына шешілді. Осылайша Нұрбек Оралбай Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

Қазақстанның ерлер құрамасы осымен екінші Олимпиададан алтынсыз қайтпақ. Тәуелсіз еліміздің тарихында қазақстандық жанкүйерлер барлық Олимпиадаларда боксшылардан алтын күтетін еді. 1996 жылғы Атланта мен 2016 жылғы Рио-де-Жанейро аралығында өткен алты Олимпиадада қазақ боксшылары елімізге 7 алтын жүлде әперді. 2016 жылғы Данияр Елеусіновтің (69 келі) жеңісінен кейін, өкінішке қарай, бұл дәстүр жалғаспай тұр.

Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Нұрбектің финалдағы жекпе-жегінен кейінгі сұхбатында: «Бұл Олимпиадада біз күтпеген сенсациялар көп болды. Әлемнің бес дүркін, Олимпиаданың екі дүркін чемпиондары да жүлдеге іліге алмай қалды. Париждегі ойындарда бізге алтын бұйырмады. Бірақ жігіттерге еш реніш жоқ. Көпшілік сынағандай шаршамады, барын салды. Ешкім де жеңісті қолдан бермеді. Бұл Олимпиада бәрімізге сабақ болатыны анық. Осымен екінші Олимпиадада алтынсыз қалып отырмыз. Бірақ мен қазақ боксының жеңісті дәстүрге қайта оралып, аяғынан нық тұрарына сенемін», — деді.

Назым — қола жүлдегер

Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы (2014 жыл), әлем чемпионатының екі мәрте жеңімпазы, 7 мәрте Қазақстан чемпионы Назым Қызайбай Олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғауды алдына мақсат етіп қойғанымен, өкінішке қарай, түрлі себептерменРио-де-Жанейро және Токио Олимпиадаларына жолы түспеді. Кейде құрамадан шеттетілген кезі де болды. Басынан осындай қиындықтарды өткерсе де, ол өз арман-мақсатынан бас тартпады.

Төртжылдықтың басты спорттық додасы саналатын Олимпиада ойындарының жолдамасын Назым маусым айында Тайланд астанасы Бангкокте өткен іріктеу турнирінде жеңіп алған еді. Жалпы, Олимпиадаға бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасынан үш спортшы барғанымен, жартылай финалға дейін тек Назым Қызайбай жетті.

Назым Париждегі алғашқы жекпе-жегінде италиялық Джордана Соррентиномен кездесті. Бұл боксшы өткен Олимпиадаға да қатысқан, одан кейін Еуропа чемпионатында күміс жүлдегер атанып, Еуропа Ойындарында қола жүлде алыпты. Жекпе-жек барысында Назым жеңіліп жатып, әсіресе соңғы раундта бар күшін салып, жеңіске жетті. Одан кейін Назым бразилиялық Каролин Барбоз де Алмейданы 5-0 есебімен жеңді.

ШирекфиналдаНазым Колумбия спортшысыИнгритВаленсияменкездесті.Ингрит 2022 жылғы әлем чемпионатында Назымды жеңіп кеткен болатын. Сонымен бірге ол өткен Олимпиадада қола медаль алған, яғни қауіпті қарсылас еді. Назым оны 4-1 есебімен жеңіп шықты.

Шешуші саналған жартылай финалда ол қазіргі әлем чемпионы, қытайлық Ю Вумен кездесіп, 4-1 есебімен жеңіліс тапты. Ю Ву әрі қарай алтынға таласатын болса, ал Назым Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button