Басты жаңалықтарСпорт

Ақтөбенің көкпары

Ұлттық спорт

Мәртөк ауданы Сарыжар ауылы облыс бойынша ұлттық спорт ойындарының орталығы болып бекітілді. Бұл туралы Сарыжар ауылында өткен салтанатты іс-шарада айтылған-ды. Бүгінде Сарыжар ауылының ұлттық спорт ойындары бойынша жеткен жетістіктері де баршылық. Сарыжар көкпар командасы мен облыстың мықты спортшыларынан жасақталған үш команда осы жылдың шілде айында Батыс Қазақстан облысының Сулыкөл ауылында өткен «Agrofest Batys-2024» фестивалінде жүлделі 2-орынға ие болды. Осы орайда жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін байқататын, батылдығы мен ептілігін қалыптастыратын көкпар спорты туралы Сарыжар көкпар құрама командасының жетекшісі Дастан Әйтімовпен сұхбаттасқан едік…

Ақтөбеде өткен жылдың қазан айында Сарыжар көкпар құрама командасының негізі қаланды. Бүгінде ауылда спортшылардың жас ерекшеліктеріне қарай жаппай көкпар мен тай жарысы ұйымдастырылып тұрады.

Облысымызда ұлттық спорттың дамуы жақсы деңгейде. Әсіресе ауылдық жерлерде өтетін жиын-тойларда көкпар өткізуді әдетке айналдырып жүрміз. Мен кішкентайымнан жылқыға әуес болып өстім. Сол қызығушылығым мені ұлттық спортқа жетеледі. Командамыздың көкпаршылары жас спортшылардан жасақталған. Биыл Ақтөбе облысының көкпар командасы «Agrofest Batys-2024» фестивалінде жүлделі 2-орынды еншіледі. Тартысты ойынға Сарыжар көкпар командасынан екі ойыншы қатысты. Ал қалған ойыншылар облысымызға белгілі «Әлім ата», «Қызылжар» командасынынан іріктеліп алынды. Фестивальдің ашылу салтанатында ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының көрмесі ұйымдастырылып, іс-шара қонақтары асылтұқымды жылқылардың түрлерімен танысуға мүмкіндік алды. Содан соң жаппай көкпар ойындары өткізілді. Жаппай көкпарда 50-ден астам көкпаршы мықтылығы мен шеберліктерін көрсетті. Серкені жерден іліп алып, Сарыжар көкпар командасының ойыншысы Ғалел Рамазан қатарынан үш салым салды. Финалдық ойында Атырау, Орал көкпар командасымен тең түсіп, нәтижелі ойын көрсеттік. Бұдан бөлек Сарыжар көкпар командасы Ақтөбеде өткен облыстық ашық турнирде де екінші орынды жеңіп алды. Бұл — жаңадан жасақталған команда үшін жақсы көрсеткіш. Осындай командалық жарысқа қатысуымызға демеушілік еткен аудандық спорт басқармасы мен аудан әкімдігіне алғысымыз шексіз. Келер жылы облысымызда «Көкпар арена» салынады деген ақжолтай жаңалықты естіп, қуанып отырмыз. Ел чемпионатына шығу үшін арнайы жаттығатын алаң мен жылқыларды баптайтын орының болуы құба-құп. Ал «Көкпар арена» осы олқылықтың орнын толтырары сөзсіз, — дейді Дастан Әйтімов.

Оның айтуынша, ат баптаудың өзі үлкен өнер. Көкпарға, негізінен, осы спортқа машықтанған аттың болғаны жақсы.

Жеке кәсіпкермін. Сарыжар ауылында жеке шаруа қожалығым бар. Өзім Хромтау ауданы Құдықсай ауылының тумасымын. 10 жасымда ата-анамызбен Сарыжар ауылына көшіп келдік. Ата-анам өмірден ерте өтті. Бүгінде сол әулеттің түтінін түтетіп, ұлттық спорт түрін дамытуға үлес қосу үшін қажырлы еңбектеніп келемін. Бала кезімнен ат құлағында ойнап өскендіктен, атқа мініп көкпар тарту маған қиын емес.

Көкпар — қауіпті спорттық ойындардың бірі. Дода кезінде аттан құлап немесе атпен бірге жығылатын жағдайлар да кездеседі. Тіпті жарақат алатын кезің болады. Осының барлығына шыдауың қажет. Аттың үстінде өзіңді еркін сезінуің керек. Жеке аттарымыз болса да, жарыстарға шыққанда командалық ойын болғандықтан, аттарымызды алмастырып тұрамыз. Жарыс кезінде көкпаршының астындағы аты үлкен рөл ойнайды. Көкпарға міну үшін  еті мығым, сүйегі мықты, екпіні қатты, жылдам, серкені жерден іліп алуға икемделгіш жылқы таңдап алынады. Жылқыны көкпар үшін арнайы баптап, үйретеді, — дейді көкпаршы.

Көкпаршы Дастан Әйтімовтің айтуынша, ұлттық спорт жанашырлары көкпар турнирлерінің өтуіне мұрындық болып жүр.
— Ұлттық спорт турнирлері жиірек өткізілсе, жастардың да қызығушылығы жақсы болар еді. Ұйымдастырылатын жарыстар барысында көрермен халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен де танысуға мүмкіндік алады. Ата-бабамыз ежелден Аударыспақ, Теңге ілу, Көкпар, Бәйге секілді ат спорты ойындарын ерекше құрметтеген. Солардың ішінде, әрине, жігітті батылдық пен өжеттілікке, ептілікке баулитын көкпардың орны бір бөлек. Бүгінде облыста жас жеткіншектерді ұлттық спортқа баулып жүрген азаматтар баршылық. Олардың арасынан аударыспақтан екі дүркін Қазақстан чемпионы, теңге ілуден спорт шебері Темірхан Иманғалиевті, аударыспақтан әлем чемпионы Ғалел Рамазанды айтуға болады. Көкпаршылардың ендігі мақсаты — ұлттық спортымызды насихаттап, халықаралық дәрежеде ел намысын қорғау, — дейді ол.

Дастан Әйтімов облыстық жарыстарда, батыс аймақтық додаларда сынға түсіп жүріп те көп нәрсені үйренгенін айтады. Бүгінде ол Адият есімді тұлпарын баптап, дүбірлі додаларға даярлап жатыр.

— Менің Адият таза қанды ағылшын тұқымды тұлпарым бар. Ол басқа жылқылардан шапшаң әрі ширақ қимылымен ерекшеленеді. Оны сатып алғысы келетіндер көп. Алайда мен өз сәйгүлігімді не берсе де, айырбастамас едім. Ол — сенің көңіл күйіңді бірден сезетін сезімтал жануар.

Ағылшын жылқысы өзінің мінезімен де танымал. Бойында бірбеткейлігі басым. Оны қолға үйрету және бағындыру үшін атбегілер біраз тер төгеді. Сырын білмеген адам, мінбегені дұрыс. Себебі күтпеген жерден секем алса, жылдам шауып, тулайтын әдеті бар. Бұдан бөлек олардың осал тұсы — ылғал мен суыққа төзмсіз келедіі. Иммун жүйесі де өте әлсіз. Сондықтан оны үнемі жылы әрі құрғақ жерде бағады. Сондай-ақ ат қораның жарық әрі желдеткішпен қамтылуы қатаң ескерілуге тиіс. Бұл тұқым тазалық жақсы көреді. Айналасы лас болса, тамақ пен жарысқа зауқы соқпай қалатын мінезі де бар. Олар тамаққа да аса талғаммен қарайтын қасиетке ие. Адамдар сияқты тәулігіне үш мезгіл қоректенеді.

Жүйрік атты баптаудың өзі — өнер. Атбегі әуелі жүйріктің —  жазбай тануға тиіс. Бабы келген тұлпар құндыздай құлпырып тұрады. Көлденең айғай-шуға елеңдеп тұрады. Мен Адиятымды уақтылы мал дәрігеріне қаратып, дәрумендерін беріп еркелетіп қоямын. Жануар да иесінің махаббатын ішкі түйсігімен түсінетінін ескерсек, тұлпарларыммен әлі талай белесті бағындыратыныма сенімдімін, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button