Басты жаңалықтар

Ақтөбе-Қандыағаш: айналма жол пайдалануға берілді

Кеше Ақтөбе-Атырау бағытындағы республикалық маңызға ие тас жолдың  Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде (11-100 шақырым) төрт жолақты жолдың сол жақ бөлігі пайдалануға берілді. Автожолдың ресми ашылуына облыс әкімі Асхат Шахаров, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, сондай-ақ мердігер компаниялардың басшылары, ардагерлер мен жол бойында орналасқан елді мекеннің тұрғындары қатысты.

Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясы шекарасы (Астрахань) автожолының Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінің жалпы ұзындығы —  100 шақырым. Қазіргі таңда бұл учаскеде қайта жөндеу жұмыстарын екі мердігер компания жүзеге асырып жатыр.  Тасжолдың 11-52 шақырымын жөндеуге жауапты мекеме   түріктің «Сине Мидас Строй» компаниясы болса, 52-ші шақырымнан Қандыағашқа дейінгі аралықты жергілікті «АссанаДорСтрой» компаниясы салып жатыр.  Бұл көлік дәлізі елімізді Ресеймен байланыстыратын маңызды бағыт саналады. Кеше аталған учаскенің Алға қаласынан Қандыағаш қаласына дейінгі (11-100 шақырым) сол жақ айналма жолының ресми ашылуы болды.

Биыл ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылы республикалық жолдардағы, атап айтқанда, Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Қандыағаш, Талдықорған-Өскемен бағыттарында жол жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Ақтөбе облысында ұзындығы 96 шақырымды құрайтын Ақтөбе-Атырау-Астрахань республикалық маңызы бар тасжолдың Ақтөбе-Қандыағаш учаскесін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл — көлік дәлізі сұранысқа ие бағыт әрі елімізді Ресеймен байланыстыратын жол. Пайдалануға беріліп жатқан Алға айналма жолы тұрғындардың қатынасы мен тасымалына әлдеқайда жеңіл және ыңғайлы болады. Жаңа жол қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сай салынған. Бұл жол облысымыздың дамуына үлес қосып, серпін беретініне сенімдіміз. Аталған учаскеде құрылыс жұмыстары толық аяқталмаса да, жүргізушілердің бұл жолмен жүруіне мүмкіндік беріліп жатыр, — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Облыс басшысы өз сөзінде жол бойындағы елді мекендерде ауылішілік жолдарды аталған мердігер компаниялар жөндейтінін айтты.

Жол — экономикамыздың күретамыры. Оның үстіне сапалы, талапқа сай салынған жол бойында тауар айналымы да арта түсетіні белгілі. Бұл жобаның ашылуы өңір экономикасына серпіліс беретін болады. Бүгінде бұл учаскеде мердігер компаниялар күні-түні жақсы жұмыс істеп, жобаны уақытында тапсырып жатыр. Жалпы, бұл учаске биыл күзде толығымен пайдалануға берілетін болады, — деген Асхат Шахаров мердігер ұйым басшыларына алғысын білдіріп, аймақта өзге де бағыттардағы жол құрылысына тоқталды. Оның айтуынша, биыл облыста жол салуға және жөндеуге 65,9 миллиард теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен 544 шақырымдық автожол құрылысы басталған. Оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдар бойынша — 66 жоба, сондай-ақ 303 көшені қамтитын қалалық және ауылдық жолдар бойынша 115 жоба іске асырылады. Бұдан бөлек жалпы ұзындығы 322 шақырымдық республикалық маңызы бар жолдар бойынша 7 жобаны жүзеге асыруға 42,6 миллиард теңге бөлінді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің сөзінше, аталған автожолдың техникалық параметрлері ІІІ санаттан І және ІІ санатқа ауыстырылған. Бұл — автожолдың техникалық параметрлері арттырылды деген сөз.

Қазіргі уақытта автожол бойында жабынның төменгі қабатын орнату жұмыстары толығымен аяқталып, жоғары қабаттары төселіп жатыр. Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде  64 шақырым қиыршықтасты-мастикалық асфальтбетон төселді. Бұл — барлық жұмыстың 66 пайызы. Сонымен қатар трасса бойын абаттандыру жұмыстары да қолға алынды. Жолдың 77,8 шақырымына екі қабат асфальт  төселді, ал қалған бөлігінбиылүшінші тоқсанда пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, — деді Дархан Иманашев.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұловтың айтуынша, бұл жобаны іске асыруға 3 асфальтбетон зауыты, 254 бірлік жол-құрылыс техникасы және 574 адам жұмылдырылған.  Жобада барлығы 94 құрылыс көзделген . Олар — 15 көпір, 16 мал айдау, 3 көлік айрығы, сондай-ақ 60 су өткізу құбыры.

Алға қаласы тұрғындарының, жалпы жол пайдаланушылар тарапынан көптеген  өтініш, шағымдар болды. Себебі Алға қаласын кесіп өтетін Ақтөбе-Атырау бағытындағы жолдың сапасы сын көтермейді. Соның салдарынан шаң көтеріледі, қозғалысқа кедергілер көп. Осыған байланысты біз Алға қаласын айналып өтетін жолды пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл жолда көліктің барлық түріне қозғалыс ашылды. Бұл айналма жол Бестамақ ауылынан өткеннен кейін басталады. Айналма жолдың жалпы ұзындығы — 16 шақырым. Алайда осы жолдың сол жақ бөлігіне түскен жүргізушілер Қандыағаш қаласына дейін еш бұрылыссыз, кедергісіз жете алады. Айналма жолдан бастап Қандыағашқа дейінгі аралық — 54 шақырым.  Бұл аралықта жолдың барлық конструкциясы толықтай аяқталды. Жол жиектері төселіп, темір қалқандар орнатылды, жол жолақтары да салынып, белгілер орнатылды. Бұл орайда тиісті органдармен келісім жасалды, — деді Айбол Данағұлов.

Айбол Данағұловтың айтуынша, төрт жолақты Ақтөбе-Қандыағаш учаскесі жыл соңына дейін толықтай халық игілігіне берілмек.

Қазіргі таңда бұл учаскеде тәулігіне шамамен 7 мың көлік өтеді. Алдағы уақытта жол толық пайдалануға берілгеннен кейін көлік қозғалысының қарқыны да көбейеді. Сондықтан жол бойында тәулігіне 10 мыңнан аса көліктің кедергісіз жүруіне мүмкіндік туады, — деді филиал басшысы.

Айта кету керек, Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар А-27 Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань) автомобиль жолының жалпы ұзындығы — 326 шақырым.

Айналма жолдың ресми ашылуындаБестамақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Аманжол Ахмет батасын беріп, жолаушыларға сәттілік тіледі. Жиналғандар дәмнен ауыз тиді. Бұдан әрі көпшілік айналма жолдың ашылу рәсімін тамашалады. Патрулдік полиция көліктері бастап, бірыңғай «КамАЗ» жүк көліктері жалғаған бұл салтанатты сәт көпшіліктің көптен күткен қуанышы еді…

Арайлым НҰРБАЕВА.                                                                                                                                                     

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button