Жастар

Жастар саябақты тазалады

 

Ақтөбеде Халықаралық жастар күніне орай қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті. Оған «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары, экогвардия мүшелері және пробация есебінде тұрған жастар қатысып, Қаржыгерлер саябағын қоқыстан тазалады.

 

Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы басталғалы қала аумағында 16 акция өткізіліп, 5000 тоннаға жуық қоқыс полигонға жөнелтілген.

— Экологиялық акцияның мақсаты — қала жастарын табиғатты аялауға, қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақыру. Экологиялық акцияға қатысушылар құрал-жабдықтармен, футболка, арнайы кепкалармен қамтамасыз етілді,  — дейді орталық басшысы.

Тазалық акциясына пробация есебінде тұрған 10 шақты адам қатысты. Олар қаланы абаттандыру жұмыстарына жұмылдырылды.

— Пробация есебінде тұрған жастар осылайша қоғамға пайдасын тигізіп жатыр. Олар осы жылы экологиялық акцияға екі мәрте қатысып, қоғамдық орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, бау-бақшаларда жеміс ағаштарын отырғызумен айналысты. Алдағы уақытта да белгіленген кестеге сәйкес тазалық жұмыстарын жүргізеді. Қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлескен меморандумға сәйкес пробация есебінде тұрған жастар «Таза Қазақстан» акциясына да жұмылдырылады, — дейді Алматы аудандық пробоция қызметінің инспекторы, психолог Сәуле Сайманова.

«Атамекен» студенттік құрылыс отрядтары және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының маманы Артур Азиевтің айтуынша, Халықаралық жастар күніне орай «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында тимбилдинг ұйымдастырылып, белсенді жастар Алғыс хатпен марапатталады.

Жастардың көңілін көтеріп, уақытын тиімді өткізу мақсатында жұмыстан тыс кезде түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мұндай іс-шаралар жастардың құлшынысын арттырып, еңбекке баулиды. Халықаралық жастар күніне орай «Көңілді старт» атты спорттық жарыс түрлерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз жастарды ынталандыру үшін ай сайын «Жасыл ел» жасағында белсенді жұмыс істеген студенттерді «Ең үздік жауынгер», «Ең үздік командир», «Ең үздік жасақ», тағы басқа номинациялармен марапаттаймыз. Бұл жастарды еңбекке құлшындырады, олардың белсенділігін арттырады. Ал күзде жылдың қорытындысы кезінде ең үздік 100 жауынгер марапатталатын болады, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button