Тарих

Елдікті ту еткен ерлік

Халқымыздың тарихындағы не бар болу, не біржола жойылу қаупі төніп, тағдыры қыл үстінде тұрған аса күрделі кезеңнің бірі — XVIII ғасырдың басы еді. Ел басына күн туған осы қиын кезеңде ат үстінен түспей, қол бастаған, өзінің асқан ерлігімен ұрпақтан ұрпаққа есімі аңыз болып жеткен даңқты бабаларымыздың бірі — Сәрке батыр Меңдібекұлы.

Сәрке Меңдібекұлының нақты өмір сүрген жылдары белгісіз, шамамен XVII ғасырдың соңында дүниеге келіп, XVIII ғасырдың екінші жартысында өмірден өткен. Оның есімі тек ауызша деректерде, яғни шежіре, аңыз, дастандарда ғана емес, сол тұстағы Ресей империясының құжаттарында да сақталған.

Деректер бойынша Сәрке батырдың үлкен ерлік көрсетіп, халық арасында зор беделге ие болған шағының бірі — Бұланты-Білеуті және Аңырақай шайқастары. Бұл шайқастарда Кіші жүз жасағын есімі В.Бартольд, И.Кастанье, Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, М.Тынышпаев сынды көрнекті ғалымдардың еңбегінде кездесетін Тайлақ батыр басқарған. Бұланты өзені бойындағы «Қара сиыр» деген жерде өткен шешуші ұрысқа Тайлақ батыр қолының құрамындағы жағалбайлы руының сарбаздарын бастап Сәрке Меңдібекұлы дақатысқан. Дәстүр бойынша шайқас екі батырдың жекпе-жегінен басталған. Бұл жекпе-жекке қазақтар жағынан Сәрке батыр шығып, асқан басымдықпен жеңіске жетіп, қазақ әскерінің рухын көтеріпті. Бұланты бойындағы шайқас бірнеше күнге созылып, қазақтардың жеңісімен аяқталғаны белгілі. Сәркенің жоңғар батырымен жекпе-жегі өткен төбе содан былай «Сәркетөбе» аталып кетсе, ал өзін халық «Алтын сапты алмас қылышты Сәрке батыр» деп қошеметтеген екен.

Қазақ халқы біржола жеңіске жеткен Аңырақай шайқасына да Сәрке батыр жағалбайлы қолын бастап барған. Сәрке батырдың XVIII ғасырдың 20-жылдарындағы жоңғарларға қарсы жорықтарда табын Бөкенбай, тама Есет, төртқара Жәлімбет сынды, басқа да көптеген қазақ батырларымен бірге ел қорғап, өз халқының даңқты перзентіне, мақтанышына айналғанына осы деректер дәлел.

Қазақтың өз аузымен айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен тарихы көбіне жыр-дастандарда сақталғаны белгілі. Сондай туындының бірі — «Асау-Барақ»  жыры. Жырда Барақ батыр өзін таныстырғанда:

«Кіші жүздің ішінде

Табын дейді затымды.

Сатыбалды баласы

Барақ дейді атымды.

Шешемнің аты Қарқара,

Жібермен жауға ақымды.

Алты алашқа белгілі

Нағашым Сәрке батыр-ды», — дейді.

Көнекөз қариялардың айтуы бойынша Сәрке батырдың қызы, Барақ батырдың анасы Қарқара да ту ұстап, шайқасқа кірген ержүрек қыз болған. «Сәрке батырдың балалары жауға шапқанда төрт ту ұстап шығады екен. Соның бірін жалғыз қызы Қарқара ұстаған» деген сөз ұмытылмай, бүгінгі ұрпаққа дейін жетіп отыр.

Сәрке батыр есімінің орыс құжаттарында да сақталғаны жөнінде жоғарыда айттық. Өкінішке қарай, көрші ел архивтеріндегі Сәрке батыр есімі кездесетін деректер толық жинақталып, зерттеліп, айналысқа енгізілген жоқ. Белгілісі 1731 жылы патшаның елшісі Тевкелев Әбілқайыр ханның ордасында келгенде, келіссөздерге қатысқан рубасылардың арасында Сәрке Меңдібекұлының да болғаны. Ал Тевкелевтің өзін Уфадан хан ордасына дейін алып келген Жетіру сарбаздарын Сәркенің інісі Рысбай басқарған. Бұл дерек елшінің жазбаларында айтылған.

Осы келіссөздерден кейін Ресей империясымен арада жасалған шартты құптап Кіші жүзден 29 рубасы қол қояды, солардың ішінде Сәрке Меңдібекұлының есімі бар. Сондай-ақ 1738 жылы Ералы сұлтанмен бірге, Орта жүз бен Кіші жүздің 60 рубасы Ресей патшасына ант берген, осы құжаттан да Сәрке Меңдібекұлының есімін көреміз. Сол замандағы ел тағдыры шешілген ең күрделі оқиғалардың басы-қасында халықтың ең беделді, қайраткер тұлғалары жүргені белгілі. Ендеше, осы аз құжаттың-ақ бізге Сәрке батыр туралы айтары, жеткізері көп деп тұжырымдаймыз. Жалпы, Кіші жүздің үш үлкен тайпасының бірі Жетірудың ақсақалы сол тұста алдымен табын Бөкенбай болған. Тама Есет, жағалбайлы Сәрке батырлар жорыққа шыққанда Бөкенбайдан бата алған. Бөкенбайдан кейін ақсақалдық — Есет батырға, ал ол дүниеден өткен соң Сәрке батырға көшкен деседі.

Сәрке батыр есімі құжаттарда 1755 жылғы башқұрт көтерілісімен байланысты да аталады. Сол заманғы қазақ тарихын кеңінен зерттеген ғалымдарымыздың бірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар бұл жөнінде: «Кіші жүз ханының ішкі-сыртқы саяси жағдайының бірқалыпты өрбуі барысында, оның болашақ көрші елдермен қарым-қатынасына түбегейлі өзгеріс әкелетін 1755 жылғы башқұрт ұлт-азаттық көтерілісі басталды. Оларды әскери күшпен басу барысында түбі бір туысқан халық қазақ ауылдарына үдере көшті. Алғашқы башқұрттар легі жағалбайлы Сәрке батыр ауылына қабылданды» деп жазды.

Орыс ғалымы А.Чулошниковтің 1755 жылғы башқұрттар көтерілісінің тарихын зерттеген еңбегі 1940 жылы жарыққа шыққан екен, мұнда да Сәрке батырдың есімі аталып, оның жағалбайлы руының басшысы екені айтылады.

Патша билігі көтерілісті басқаннан кейін, көтерілісшілердің бір легі қазақ арасынан пана тапқан. Олардың соңынан қуып келген казактар мен Еділ қалмақтарын қазақ сарбаздары күтіп алып, тойтарыс берген. Ал кейін амнистия жариялануына байланысты башқұрттар өз жеріне аман-есен оралыпты.Башқұрт халқы қазақтың бұл жақсылығын бүгінге дейін ұмытпай келеді. Бұл сөзімізге Башқұртстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, журналист Нияз Алсынбаевтың башқұрт-қазақ қатынастары туралы еңбегінде айтылған: «Сәрке Меңдібекұлы… башқұрт көтерілісшілеріне олардың патша билігіне қарсылықтары кезінде белсенді түрде көмек көрсетті. Екі халықтың арасындағы достықты нығайтуға зор үлес қосқан бұл ғажап тұлға, есімі мәңгі сақталуы үшін Башқұртстан мен Қазақстан қалаларында ескерткіш қоюға әбден лайық» деген пікірі дәлел.Осылайша Сәрке батыр — екі халық арасындағы бауырмалдыққа, достыққа дәнекер болған, ұмытылмас жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналған тұлға.

Сәрке батырдың ерлік істерін, қиын кезеңде халықтың азаттығы мен ынтымақ-бірлігі жолында ең ауыр жүкті қайыспай көтерген қайраткерлік тұлғасын зерттеу әсіресе көне құжаттар арқылы айшықтау — тарихшы ғалымдарымыздың еншісіндегі іс деп білеміз. Ал өз тарапымыздан оның есімін ұлықтау, ұрпаққа үлгі ету мақсатында облыс және қала басшылығына төмендегідей ұсыныстар айтқымыз келеді: республикалық ономастика комитетінің қорытындысына, облыс әкімдігінің қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес Ақтөбе қаласында Сәрке батыр Меңдібекұлына көше аты берілетін болды. Біздіңше, ел қорғаған батыр баба есімінің ұрпағының ортасына мәңгілікке оралуы — айрықша маңызды оқиға. Ендеше оны елеусіз өткізбей, салтанатты жиын, басқа да шаралар арқылы мазмұнын ашып, айшықтай түскен жөн болар еді деп ойлаймыз. Сондықтан, біріншіден, есімі берілетін көшедегі көп қабатты үйлердің қабырғасына оның портретін орнатуға рұқсат берілсе екен. Екіншіден, осы оқиғаға орай, Сәрке батырдың кезеңі, оның жорықтардағы жеңістерін еске алу үшін көпшілікке театрландырылған қойылым ұсынылып, көше бойымен атты жасақ, батырлар жүріп өтсе, сөйтіп өткен тарихымыздың көне парақтарына тағы бір көз тастасақ? Үшіншіден, сол кезеңнің әлі де болса кеңінен насихатталмай жатқан тұстарына көпшіліктің әсіресе жас зерттеушілердің назарын аудару үшін, ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылса, құба-құп болар еді. Төртіншіден, осы шаралар барысында жуырда баспадан шыққан Сәрке батыр туралы кітаптың таныстырылымын да өткізуге болады. Сондай-ақ бұрын Сәрке батыр туралы деректі фильмдер түсірілген еді. Енді жаңа табылған деректермен толықтырып, жаңа фильм түсіруге қолдау көрсетілуін сұраймыз.

Соңғы ұсыныс ретінде, ел қорғау жолында бүкіл саналы ғұмырын ат үстінде өткізген бабаның құрметіне қалалық ипподромға Сәрке батырдың есімі берілсе деген тілегімізді жеткізгіміз келеді.

Баянғали ҚҰЛТАЕВ,

еңбек ардагері, Қазақстанның үздік өлкетанушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button