Сайлау

Үміткер де, бақылаушы да көп болды

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Жарық ауылының тұрғындары бұл күні 103 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Аталған ауылдағы Ақтөбе орта мектебінің ғимаратында орналасқан учаске бойынша тіркелген сайлаушылардың саны — 2560 адам. Сайлаушылар әсіресе учаске есігі ашылған сәттен, яғни таңертеңгі 7.00.-ден бастап, күндізгі 11.00-ге дейінгі аралықта белсенді болды. Бұл уақытта сайлаушылардың төрттен біріне жуығы, яғни 628 адам дауыс берді. Олардың қатарында ҚР ІІМ-нің М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының тыңдаушылары бар.
Өз таңдауын жасағандардың ішінде «Ауыл» ХДПП-ның облыстық филиалының төрағасы Әділкерей Әуелбаев та болды.
— Біздің партияның облыстық филиалының мүшелері арасынан бір мандаттық округтерден облыстық мәслихат сайлауына — 3 адам, қалалық мәслихатқа 4 адам қатысып жатыр. Сондай-ақ, әрине, аудандық мәслихат сайлауына қатысып жатқандар да бар. «Ауыл» партиясының басты мақсаты — ауыл халқының әл-ауқатын, ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеру. Бұл сала елімізде халық шаруашылығының ең маңызды саласының бірі екенін білесіздер. Сондықтан біз бұл сайлауға үлкен жауапкершілікпен қарадық, барынша дайындықпен келдік. Сайлауалды науқан, үгіт-насихат жұмыстары кезінде, менің пікірімше, демократиялық принциптер сақталды. Енді бәрі де халқымыздың таңдауына байланысты болады. Біздің басты тілегіміз — еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы жолында түсіністікпен, сыйластықпен, бірлесе еңбек етсек дейміз, — деді ол.
Бұл күні біз Жарық ауылына жалғас жатқан 41-разъездің тұрғындары дауыс берген 20 сайлау учаскесінде де болдық. Сайлау учаскесі Жарық ауылындағы Ф.Оңғарсынова атындағы 41 мектеп-гимназияның ғимаратында орналасқан. Дауыс берушілерді осы мектептің өнерпаздар оқушылары ән-күймен қарсы алды.
Учаске бойынша тізімге 2685 сайлаушы тіркелген. Түске дейін, яғни сағат 13.00-ге дейінгі уақытта солардың үштен біріне жуығы дауыс беріп үлгерді.
Дауыс берушілер қатарында Қазақстанның құрметті теміржолшысы, еңбек ардагері Қадырбай Аймұқанов та болды. Өзінің ой-пікірін ол:
— Мен сайлауға 18 жасымнан бастап, міне, 58 жыл бойы үзбей қатысып келеді екенмін. Сайлауға қатысу азаматтық борышым деп білгендіктен, одан тыс қалып көрмеппін. Соның ішінде еліміз тәуелсіздік алғалы бері өткен сайлауларға үлкен жауапкершілікпен қарадым. Тәуелсіздік алып, өз шекарамыздың төрт тараптан нақты айқындалуы, шегенделуі, менің ойымша, біздің бүгінгі ең үлкен жетістігіміз, ең үлкен бақытымыз. Соны қорғау жолында әрқайсысымыз қолымыздан келген істен аянбауға тиіспіз. Халқымыз бүгін Парламент Мәжілісіне, мәслихаттарға өз үміткерлерін сайлады. Енді олар халықтың үмітін ақтауды қасиетті борыш деп білсе дейміз. Біздің жеріміздің байлығы халқымыздың жақсы өмір сүруіне жеткілікті, бірақ соған қол жеткізу үшін әділ мемлекет, әділ қоғам керек. Жаңа депутаттар сол жолда тер төгуі керек, — деп жеткізді.
Биылғы сайлаудың ерекшелігі — сайлауға қатысқан партиялар және бір мандаттық тізім бойынша үміткерлердің саны ғана емес, бақылаушылар да әдеттегіден көбірек болды. 103 сайлау учаскесінде — 16, ал 20 сайлау учаскесінде 18 бақылаушы дауыс беру заңдылықтарының сақталуын, жалпы сайлау барысын қадағалап отырды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button