Басты жаңалықтар

ҚАҺАРМАНДАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Бүгін Ақтөбедегі «Азаттықтың ақ таңы» мемориалдық кешенінде Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Асхат Шахаров, қала әкімі Азамат Бекет, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, сондай-ақ жастар қатысты.
Салтанатты рәсім бір минут үнсіздікпен басталды.
Іс-шарада облыс әкімі Асхат Шахаров сөз сөйлеп, бұл күннің маңыздылығына тоқталды.
— Бұл күн — жерлестеріміздің бірлігінің, мемлекет қолдауы мен ортақ мақсатқа жұмылған күш-жігердің нәтижесі. Қол жеткізген жетістіктеріміз ел бірлігінің, тынымсыз еңбектің және Тәуелсіздігіміздің арқасында болды. Азаттық жолында күрескен ұлт перзенттерін жадымызда сақтау — қасиетті парызымыз. Олардың тағылымды жолы жастар үшін рухани бағдар болып, ел болашағына деген сенімді нығайтады, —деді өңір басшысы.
Салтанатты шара барысында мемориалға гүл шоқтары қойылып, қатысушылар ел тағдыры үшін күрескен қаһармандардың рухына тағзым етті.
Желтоқсан оқиғасына қатысушы Берік Медетов сол бір тарихи кезеңді еске алып, бейбітшіліктің қадірін ерекше атап өтті.
— Желтоқсан оқиғасының куәгерімін. Ол күн де дәл осындай ызғарлы еді. Өзім Алматы қаласында Теміржол институтында оқып жүрген едім. Жасым небәрі 23-те болатын. Наразылыққа шыққаннан кейін оқиғаның осылай өрбитінін ешкім білген жоқ.
Бүгінде облысымызда 200-ден астам Желтоқсан оқиғасының куәгері мен қатысушысы бар. Осы шараға шамамен 20 шақты адам жиналдық. Сол кезден құрылған ұйымымыз әлі де белсенді. Келіншегім де сол Желтоқсан оқиғасының куәгері. Біздің бар тілегіміз – бейбітшілік пен ел амандығы. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, – деді ол.

А.Нағашыбайқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button