Сайлау

Хромтауда халықаралық байқаушылар жүр

Наурыз мейрамы қарсаңында өтіп жатқан бұл сайлауға хромтаулықтар да белсенді қатысып жатыр. Ауданда 28 сайлау учаскесі қызу жұмыс жасап жатыр. Барлық учаскеде төраға, хатшылардан бастап бәрі қазақтың ұлттық киімін киіп алыпты. Сондай-ақ дауыс беруге келген сайлаушыларды ұлттық тағамдармен және мерекелік наурызкөжемен қарсы алып тұр.
— Аудандағы 29501 сайлаушының 136-сы — мүгедектігі бар азаматтар. Көзі нашар көретіндерге брайл қарпімен жазылған ақпараттар, құлағы естімейтіндерге арнайы құлаққаптар дайындалды. Арбада отырған жандардың еркін жүріп-тұруына еріктілер көмектесіп жүр. Бүгінгі Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында саяси науқан процесін қазақстандық және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына кіретін Америка, Канада, Бельгия, Германия елдерінен келген тәуелсіз халықаралық байқаушылар қадағалап жүр, — дейді Хромтау ауданы бойынша сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Хасанов.
Халықаралық байқаушылардың қатарында Бельгия елінен келген Хэнс Лори және Ресейден келген Мария Вилкова бар. Олар сайлау учаскесіндегі саяси науқанның барысын бақылады.
Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекет те өз таңдауын жасады.

— Бүгін — еліміз үшін тарихи сәт. Алда көптеген оң өзгерістер күтіп тұр. Мен өзімнің азаматтық борышымды орындап, таңдауымды жасадым. Хромтаулықтарды еліміз үшін айрықша маңызға ие саяси науқанға белсене қатысуға шақырамын, — дейді Азамат Бекет.
Сайлау учаскесінде сайлаушылардың бірі Хромтау қаласының тұрғыны Ирина Мартынюктің бүгін туған күні екені белгілі болды. Учаске төрағасы туған күн иесіне кішігірім сыйлық табыстады.

— Бүгінгі сайлаудың ел болашағы үшін маңызы зор. Осындай айтулы күннің туған күніммен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. Сайлауға отбасыммен келіп, дауыс бердім. Мен өз таңдауымды жасадым. Жерлестерімді де маңызды шараға атсалысуға шақырамын, — дейді ол.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button