Сайлау

Қос ананың тілегі

Байғанин ауданында 9 ауылдық округ бар. Сайлау учаскелерінің саны — 24. Ауданда жалпы 14 258 дауыс беруші тіркелген.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Қожағали Аққожаның айтуынша, халықтың көңіл күйі көтеріңкі, өз таңдауын жасауға ықыласты тұрғын көп болыпты.
— Қарауылкелді ауылындағы №193 сайлау учаскесіне ең бірінші болып Тұрсын Мәтекбаева келді. Былтыр қасиетті мекен — Меккеге қажылыққа барып келген әже тың, қуатты, — дейді Қожағали Аққожа.
Көпбалалы, ардақты ананың жасы 81-де екен.
— Біздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Ел басына күн туған ауыр кезеңнің зардабын көріп өстік. Бейбітшіліктен артық бақыт жоқ. Кейінгі ұрпақ тыныш заманның қадірін біліп, бағалауы қажет. Ұрпағымның осындай бақуатты, бейбіт елде тұрып жатқанын мақтан етемін, тәубе деймін.
Сайлау науқанынан қай кезде де қалған емеспін. Бүгін де ел бірлігі үшін өз таңдауымды жасадым, — дейді Тұрсын Мәтекбаева.

Аудан бойынша ең үлкен сайлаушы — Тұраш Құдайқұлова. 103 жастағы кейуана Жаңажол ауылдық округінің Оймауыт ауылында тұрады. Ол №213 сайлау учаскесіне келіп, таңдау жасап, ақ батасын берді.
Жалпы аудандағы барлық учаскеде мерекелік көңіл күй сезіліп тұрды. Әр учаскеде ән шырқалды. №195 сайлау учаскесі орналасқан аудандық Мәдениет үйі ғимаратының алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көпшілікке наурызкөже мен бауырсақ ұсынылды. Ал №193 сайлау учаскесінде қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button