Сайлау

Қос ұстаздың тілегі

Батыс-2 ауданындағы «Достық» спорт кешеніндегі №527 сайлау учаскесінде 2135 адам тіркелген. Түскі сағат 3-ке дейін сайлаушылардың тең жартысы өз таңдауын жасап үлгеріпті.
Бұл учаске сайлаушылары арасында өңірімізге белгілі 90-нан асқан қарттар да бар. Солардың қатарындағы бүкіл саналы өмірін Отанға қызмет етуге арнаған еңбек ардагерлері, талай ұрпақтың ұстазы 96 жастағы Ниетжан Беріков пен Камалхан Қуанов сынды ақсақалдар бар. Еліміз үшін маңызды саяси науқанға баруға кешіккеніміз болмас деп қос қария — қос ұстаз сайлау учаскесі ашылған кезде алғашқылардың бірі болып келіпті. Еліміздің жарқын болашағы, ертеңгі күнімізде орын алар нәтижелі реформалар үшін, ұрпақтың қамы үшін өз таңдауын жасаған қарт сайлаушылар өздері таңдаған үміткерлердің ел үмітін ақтайтынына сенетінін айтады.
— Біздің жасы үлкен қарияларымыздың, ата-әжелеріміздің белсенділігі жоғары. Жастарымыз да олардан қалысып тұрған жоқ. Бірінші рет дауыс беру құқығына ие болған 15 жас та өз таңдауын жасап үлгерді, — дейді учаске төрағасы С.Нұралин. Оның айтуынша, түске дейін ЕҚЫҰ-дан байқаушылар келген. Бірі Канададан, бірі Германиядан келген екі байқаушы — Полгар Петра Виктория мен Шнайдер Ганс-Генрих ешқандай құқықбұзушылық тіркелмегенін, сайлаудың әділ өтіп жатқанын айтып, жоғары бағасын беріп кеткен.
«Достық» спорт кешенінің қасындағы Шығармашылық академиясы ғимаратында орналасқан №557 сайлау учаскесінде 1500 сайлаушы тіркелген. Түскі сағат 15.00-ге дейін сайлаушылардың 500-ге жуығы өз таңдауын жасапты.
Учаске төрағасы Айгүл Каринаның айтуынша, сайлаушылар арасында 90-ға жақындаған ата-әжелер де бар. Бірінші рет дауыс беретін бес адам бар екен. Таңертең жетіде бірден бес адам дауыс беруге келіпті.
— Үйден дауыс беремін дейтін сайлаушыларымыз жоқ. Тоғыз байқаушы, төрт сенімді өкіл бар. Ешқандай тәртіп бұзушылық болған жоқ, — дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button