Мәдениет

Сыпырасы бардың ырысы бар

Соңғы жылдары ұмытылып бара жатқан тұрмыстық бұйымдардың кейбірі қайтадан жаңартылып, көпшілікке ұсынылып жүр. Бұл ретте қолөнер шеберлерінің еңбегі ерен. Алайда қолданыстан шыққан кейбір бұйымдардың этнографиялық атаулары да ұмытылады екен. Мәселен, сыпыра. Бұл бұйымның қыр-сыры туралы қолөнер шебері, жеке кәсіпкер Венера Жақсымбаева әңгімелеп берді.

Қамырға арналған ақ жайма

Интернеттегі ашық энциклопедия мәліметтеріне сүйенсек, сыпыра — ұннан түрлі тағам әзірлеген кезде пайдаланатын жайма. Оны бұрын әжелеріміз ұн елеп, қамыр илегенде қолданған.

Расында, қазақ дастарқанында ұннан жасалатын тағам түрі өте көп. Сондықтан да болар, халық түсінігінде сыпыра дастарқан тәрізді береке, молшылық әкелетін, отба­сының ынтымағын жарастыратын қасиетті бұйым саналған.

Венера Жақсымбаеваның айтуынша, қазақтың ұмытылып бара жатқан тұрмыстық бұйымы — сыпыраны қазір де қолданатындар болуы мүмкін, бірақ әрбір екінші үйде кездесе бермейді.

— Бір күні шеке бердік. Дастарқанға нан жайып қойдым, наным жұмсарып, біріне- бірі жабысып қалды. Қонақ келіп жатқанда нанымды қайта илеп, әуреге түстім. Келесі бір қонақ шақырғанымда жайған нанымды газетке жайып қойып едім, нанға газеттің бояуы жұғып, тағы әбігерге түстім. Одан кейін жаңа құрақ көрпенің астарына жайып едім, ештеңе бүлінбей, керісінше, наным кеуіп, күшті болды. Содан бірден төрт күлше сыятындай етіп, үлкен сыпыра жасадым. Бұрынғы уақытта сыпыраға ұн елеп, қамыр илеп, орап қоятын болған. Мен жасаған сыпыра оқтаумен ысып-жазылған нанды жайып, кептіруге арналған. Көп орын да алмайды, мата болғандықтан, бүктеп, жинап алып қоюға болады. Жайылған нанды пышақпен кескенде де бұл сыпыра тілінбейді. Ертеректе сыпыра қой-ешкінің терісінен жасалатын болған, — дейді заманауи сыпыраның авторы Венера Жақсымбаева.

Шынымен де, қазіргі уақытта келіншектер ет қайнатып, оның сорпасына салатын нанын қоярға жер таппай қиналып жатады. Венера да өз басында болған жайттан сабақ алып, қиялындағыны шығармашылықпен ұштастыра білген. Шебер іздене жүріп, бұрыннан біздің қазақ тұрмысында бар, бірақ ұмытыла бастаған асүй құралы — сыпыраны заманға сай етіп жасап шыққан. Венераның сыпырасы пышақ жүзіне төзімді әрі кітап секілді ашылады. Көлемі 4 жайма нан кептіруге болатындай үлкен. Қазіргі уақытта аналарымыз қыздың жасауын апарғанда осы бұйымды да қосып апарып жүр.

Сондай-ақ шебер тұрғындар арасында сыпыраға сұраныс жоғары екенін айтты.

— Қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесінде сыпыраның жиырмасын апарсам да, отызын апарсам да өтіп кетеді. Бастапқы жасаған сыпыраларда жазу болған жоқ. 2021 жылы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, 584 400 теңге көлемінде грант ұтып алдым. Оған сыпыраға неше түрлі тілектерді жазып беру үшін лазерлік құрылғы сатып алдым. Осының арқасында бүгінде сыпыраға тұтынушы қалауына қарай «Үйіңізден береке кетпесін!», «Берекелі ас болсын!», «Асыңыз дәмді болсын!» деген тілектер жазып беріп жүрмін. Сатып алушылардың дені жазу жаздырып алып жатады, — дейді Венера Маратқызы.

Отыз адамға тігін ісін үйреткен

Әңгіме барысында кейіпкерімнің басқа өнері туралы білдім.Венераның негізгі мамандығы — заңгер екен,оған қоса қолында хореографтың да дипломы бар. Ал қолөнерге бет бұрғанына үш-төрт жылдың жүзі болыпты. Бүгінде ол — Ақтөбе қаласының тігіншілер және дизайнерлер қауымдастығының мүшесі, Ақтөбе қаласы жас аналар ассамблеясының «Құрақ көрпе» клубының төрайымы.

Шебер келіншектің жасаған көрпе-көпшік, қоржын, қол сөмке, сыпыра секілді біраз бұйымдары көздің жауын алады. Құрақ көрпелерінің түстері де бірімен бірі үйлесімін тауып тұр.

— Бірден айтайын, мен киім тіккенді ұнатпаймын. Есесіне, құрақ құрағанды жақсы көремін. Қыз жасауына керекті дүниелердің бәрін тігемін. Қыздың жүгін жинап салу үшін фетрден жасалған сандықша тәрізді қапқа да сұраныс бар. Ол көрпелердің таза әрі жинақы тұруына ыңғайлы. Бірде қызын қазақ жігітіне бергелі отырған өзге ұлт өкілдері қоржынға тапсырыс берді. Қолөнерімізге өзге ұлт өкілдерінің де қызығып, дәстүрімізді құрметтеп жатқанына қуанып қалдым, — дейді өнерлі келіншек.

Венера өзіне көмектесетін екі тігіншісі барын айтады. Олар жалақыны жасаған жұмыстарына қарай алып отырады. Сондай-ақ шебер бар білгенін, әсіресе жанды жайландыратын тігіншілікті жастарға үйретіп жүр.

— Үш жыл ішінде 30 адамға құрақ құрауды, тігін ісін үйретіппін. Олардың 20-сы бүгінде тігін ісі арқылы табыс тауып отыр. Ықылас-ниеті бар адамға бар білетінімді үйретемін. Қолөнер әлеміне келгендегі мақсатым да — осы, ұлттық дәстүрді насихаттау, ұмытыла бастаған бұйымдарды қайта жаңғырту, — дейді қолөнер шебері.

Әңгіме арасында оның бала тәрбиесіне де қатты көңіл бөлетінін аңғардық. Венера — көпбалалы ана, қолы қалт еткенде балаларымен бірге сурет салады екен. Мәселен, бір бейнеге қарап отырып, әркім өз қиялына ерік беріп, басқаша етіп салып шығуы керек. Шебердің айтуынша, бұл бала қиялының ұшқырлығына оң әсер етеді.

Венера нарықта қазақтың ою-өрнектері, ұлттық бұйымдары, құрақ көрпелері трендте екенін айтады. Сондықтан алдағы уақытта ұлттық өнерімізді насихаттап, осы бағытта іздене бермек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button