Денсаулық

Биылғы тұмау бұрынғыдан өзгерек

Күн суыта бастағаннан-ақ екі көзі жасаурап, түшкіріп-пысқырып, жөтеліп жүргендердің қатары көбейеді. Биыл әдеттегідей емес, аурудың беті қатты. Ауырып тұрғандардың айтуынша, ыстық сорпа мен лимон қосылған шай да бұл жолы көмектеспеген тіпті дәріге де әл бермейді екен. Короновирустың өкпе қысқанынан зәрезап болған жұрт аурудың алдын алуға барынша тырысып әлек. Сонда биылғы тұмаудың түрі бөлек пе? Өңірдегі ахуал қандай? Ауырғанда қайтеміз? Қайткенде ауырмаймыз? Осы тақырыпта саламамандарымен сөйлескен едік…

Балалар мен жүкті әйелдер жиі ауырады

Әдетте ЖРВИ мен тұмаудың мониторингі жыл сайын 1 қазаннан30 сәуірге дейін жүзеге асырылады. Бұл жолыоблыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өткен жылдың соңғы 10 айы мен жаңа жылдың бірінші аптасындағы есебіне жүгіндік:облыс бойынша31 мыңнан астам адам респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Оның 17 мыңға жуығы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр.

Ал облыста короновирус инфекциясының таралу қарқыны едәуір бәсеңдеген. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев апта басындағы брифингте айтты. Оның айтуынша, аталған инфекцияның төмендегені байқалады. Мәселен, жыл басынан бері 12 адам КВИ жұқтырса, былтыр барлығы 10260 жағдай тіркелген болатын.Жалпы қазіргі таңда Ақтөбе облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты, біздің өңір «жасыл» аймақта тұр. Сондықтан ешқандай шектеу шаралары енгізілген жоқ.

СЭС мамандары биыл өңірде В типті және шошқа тұмауының белең алып тұрғандығын да жеткізді. Сондай-ақ тұмау емес вирустарға, яғни парагрипп, аденовирус, риновирус, МС вирусына 291сынама алынып,нәтижесінде 7 МС вирусы, 12 риновирус және 35 аденовирус анықталып отыр.

ЖРВИ-мен ауырған 1620 адам ауруханаға жатқызылған, оның 337-сі — жүкті әйел, 320-сы — бір жасқа толмаған бала. Сонымен бірге тұмау жұқтырған 177 адам ауруханада ем қабылдап жатыр, оның 100-і — жүкті әйел, 22-сі — 1 жасқа дейінгі бала. Ал пневмониямен 159 адам ауруханада емделіп жатса, жансақтау бөлімінде 7 адам ем алған.

Ал жұқпалы ауруларды емдейтін облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасында былтыр он екі айдабарлығы 3549 адам ЖРВИ, тұмау инфекцияларынан ем қабылдап шыққан. Олардың 2636-сы — бала. Бұл туралы облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлия Нуртдинова айтып берді. Оның айтуынша, биыл тұмау ерте тіркелген.

— Қазан айында В типті тұмауы 36 жүкті әйелде анықталып, қараша айында тіркелім көбейе бастады. Бір адам А типті тұмау жұқтырды. Желтоқсан айында В типті тұмауының тіркелуі алдыңғы айларға қарағанда азайды, алайда 5-6 адамның шошқа тұмауын жұқтырғаны белгілі болды. Осы маусымда жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау аурулары әсіресе жүкті әйелдер  мен балалар арасында белең алып тұр. Мәселен, қазан айынан қазіргі күнге дейін 29 жүкті әйел мен 44 бала, сондай-ақ 16 ересек адам тұмаудан емделді. Олардың дені Втипті және шошқа тұмауымен ауырды, — дейді Әлия Нуртдинова.

Әртүрлі инфекциялар қосындысы күш алып тұр

Одан әрі біз науқастармен күн сайын бетпе-бет кездесіп, тікелей ем жүргізетін   осы аурухананың инфекционист дәрігері Айнұр Маханованы әңгімеге тарттық.

— Қазіргі инфекциялардың белгілері қандай болады?

— Соңғы уақытта ауру белгілері араласып кетті. Алайда әр инфекция қоздырғышының өзіне тән клиникалық көріністері болады. Мәселен, тұмау вирусы кезінде науқаста интоксикация белгілері айқын байқалады,яғни науқастың басы ауырып, адам қалтырайды, дене температурасы 38-39градусқа дейін көтеріледі, тамаққа тәбеті болмайды. Ал ЖРВИ-де катаральды белгілер, яғни мұрыннан су ағып, тамақтың қышуы және ауруы, жөтел көбірек білінеді. Аденовирусте, жедел фаринготонзилитте температура көбіне субфебрильді болады. Мұрын бітеледі, тамақ қышиды, ауырады, бадамша бездерінде іріңді жабынды немесе іріңді фолликулалар байқалады, кейде нәжіс сұйық болады, коньюнктивит белгілері де кездеседі. Парагрипп кезінде ауру негізінен құрғақ жөтел, дауыстың қарлығуымен көрінеді. Бұл кезде жоғарыда аталған интоксикация белгілері айқын болмайды. Аурухана жағдайында аталған инфекциялар зертханалық әдістер арқылы айқындалады. Қазіргі уақытта әртүрлі инфекциялардың қосындысы аурудың неғұрлым ауыр өтуіне әсер етіп отыр.Аралас инфекциялардың суперинфекциялар екенін байқауға болады.

— Сонда вируспен, бактериямен қалай күресеміз?

— Қоздырғыштың әртүрлілігіне байланысты емдеу тактикасы да өзгеше болады. Жалпы тұмау және басқа да ЖРВИ кезінде антибиотиктер негізгі ем болып есептелмейді. Бұл кезде ең әуелі вирусқа қарсы препараттар және симптоматикалық ем, яғни көп мөлшерде сұйықтық ішу, қызу түсіретін препараттар тағайындалады. Антибиотиктер ауру бактериалды инфекцияның қосарлануымен асқынған жағдайда беріледі.Ағзаны улап, антибиотикті қалаған уақытта іше беруге болмайды. Ауырған жағдайда өз бетімен емделмей, міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгінген абзал. Әсіресе баланы үй жағдайында өзіңіз емдемеңіз, бұл оның денсаулығы мен өміріне қауіпті. Учаске дәрігерін үйге шақырыңыз, себебі тек білікті маман ғана дұрыс диагноз қойып, ем-шара тағайындай алады.

Тұмаудың алдын алудың тағы бір жолы — тұмауға қарсы вакцина алу. Өкінішке қарай, біздің ауруханаға ауырып түскендердің 3225-і екпе алмаған. Екпе алғандардың көпшілігі тұмауратпайды.

Басқа белгілері байқалмай, тек температура түспеген жағдайда не істейміз?

— Бұл жағдайда учаскелік дәрігермен байланысу керек. Егер стационарлық емге көрсеткіш болса, дәрігер жолдамасымен инфекциялық ауруханада ем алады.

Қазіргі күні ЖРВИ, тұмау диагноздарымен ауруханада 64 бала, 8 жүкті әйел ем қабылдап жатыр. Науқастар ауруханада 5-7 күн ем қабылдайды. Қазіргі уақытта әртүрлі инфекциялардың қосындысы ауруды күшейтіп тұр, емдеу де күрделі, сондықтан да алғашқы белгісі байқалғаннан-ақ учаскелік емханаға бару керек.

— Тағы қандай кеңес бересіз?

Өзіңізді және жақындарыңызды ойласаңыз, көпшілік орындарға баруды шектеңіз. Ыстық сорпа, жеміс-жидек қайнатпасы секілді сұйықтықты көп ішіңіз. Таза ауада көп жүріңіз. Балаларды да таза ауаға жиі шығарып тұру қажет. Жеке гигиенаға мән беріп, үй тазалығын сақтап, бөлмелерді желдетіп отырыңыз. Күнделікті ас мәзіріңізде көкөніс пен жеміс-жидек мол болсын.Мейлінше С дәрумені бар тағамдарды көбірек қолданған абзал.

Р.S.Мамандар жұқпалы аурудың тез таралуын тұрғындардың бейқамдығымен байланыстырады. Сондай-ақ олар қоғамдық орындардағы санитарлық талаптардың да бұрынғыдай қатаң сақталмауы жедел респираторлы вирустық инфекциясының күрт өсуіне жағдай жасап отыр деп есептейді. Әйтпесе, соңғы үш жылда коронавирус инфекциясынан қорғану үшін таққан медициналық маска мен зарарсыздандыру шаралары тұмаудың да кеңінен таралуына едәуір кедергі болған.

Ендеше, иммунитетті күшейтіп, денсаулықты сақтау — өз қолыңызда! Өзіңізге және жақындарыңызға осы сәттен қамқор болыңыз!

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button