Тағзым

Парасат иесі еді…

2022 жыл мәреге жетті. Бұл жылы туған жылының соңы екі цифрымен аяқталатындардың мерейжастары аталды. Күндей күркіреп өткен соғыстың ішінен аман оралған 1922 жылғылар 100 жасқа толды. Буыны қатпай тыл мен еңбек майданының бейнетін арқалаған 1932 жылғылар 90-ға келді. Әкелерін майданға жіберіп, аналарының бауырында қалған1942 жылғылар 80 жасқа шықты. Осы соңғы мерейжас иелері ֫— көпшілігін өзіміз жақсы білетін замандас ағаларымыз күні кешеге дейін бір шоғыр еді. Солардың белортасында қырық үш жыл мемлекеттік қызметтің серкесі болған, есімін Ақтөбе, Маңғыстау өңірі жақсы білетін Ибрагим Ғабдолла жүретін. Кеңестік жылдарда да жауапты басшылық қызметтерде болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Респубикасының мнополияға қарсы саясаты жөніндегі Ақтөбе, Маңғыстау облыстық департаменттерінің директоры қызметтерін ұзақ жылдар бойы абыроймен  атқарды. Ел ішінде сыйлы, қатарларының арасында қадірлі, тарыққанға сүйеу, жабыққанға көңіл шуағын шашып жүретін ардақты аға көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Төмендегі естелік сол зор тұлға жайында сыр шертеді.

Күтпеген жолығысу

Жетпісінші жылдардың басы еді. ҚазМу де сырттай оқып жүргенмін. Алматыға бастапқыда жылына екі рет келетінмін. Екінші курстан өткесін жылына бір мәрте шақыратын болды. Енді бұрынғыдай жиырма күннен емес, қырық күн.Тапсыратын зачет, емтиханның есебі жоқ, мұрныңнан шаншылып жүргенің. Толып жатқан пәндерден дәріс беретін ұстаздар, мен сияқты сырттай оқитын студенттергекөбіне лекцияларын қаланың әр жеріндегі мектептерде оқиды. Себебі ҚазМУ-дың өзінде орын жоқ, аудитория ауыспайды. Емтихан, зачет алар жерге келгенде әлгі мектептер тағы өзгеріп кетеді. «Пәлен мектепке сағат пәленде жетіп болыңдар!»— дейді старстымыз. Ертесіне соны іздеп, алашапқын болып жүргеніміз.

Бұл жолы да сондай ретпен ертелетіп қаладағы қайдағы бір мектепті іздеп шыққан едім. Ауылдың қазағы қаланы қайбір дұрыс білеміз.Бір тұстан автобустан түсіп қалып, әрі қарай көше кезіп, жан-жағыма жалтақ-жұлтақ қарап келе жатқанмын. Бір кезде айналам қызға толды да кетті,«мұнша қыздар қайдан шығып жатыр?» деп, аң-таңмын. Бір жерде осынша қыздың басын қосқан үлкен форум не симпозиумөткен бе деймін. Бірақ маңда ондай салтанатты жиын өтетіндей орын байқалмайды. Сөйткенше қаптаған қыздың арасынан бір ер адам; «Әй, жас жігіт! Байқап тұрсын ба? ЖенПИ-дің тұсынан өтіп бара жатырсың», — дегенідауыстап. Солай деді де, өзі деқапталдаса берді.Сірә, менің манадан көшеде алақ-жұлақ етіп, ештеңенің парқына жете алмай келе жатқанымды соңымнан сырттай бақылағандай ма, қалай? Тосын кездессек те бірден таныдым,Ибрагим Ғабдуллин (Ол кезде тегі осылай жазылатын). Ойыл ауданының «Жетікөл» кеңшарының бас экономисі болып қызмет істейді. Әкем тіріліп келгендей қуанып кеттім. Сырт жерде адам бауырмал келеді,ол да мейлінше мейірленіп тұр. Бас салып құшақтап жатырмын.Бір жағынан, ерекше қуанатын ретім де бар. Жалғызілікті, қарасатын аға-іні жоқ жігітпін ғой, құр жанқалта қалып, қиналып та жүргенмін. Бейтаныс қалада кімнен ақша сұрайсың, кім басыңнан сипайды?! Енді, міне,Алла көктен сұраған тілегімді жерден беріп, өз ауылымның азаматы кездесіп отыр. Орайын келтіре алсам, соның сәті түсер дегенде бір үміт жылт ете қалды.

Бірақ еркінситін де ретім жоқ. Жасы үлкен. Ағайын-туыс емес, ауылымыздың байырғы тұрғыны деуге де келмейді. Біздің ауылға алғаш 1965 жылы бас маман болып келгенде мен мектептің жоғарғы сыныбында оқитынмын. Осының алдындағы «ақ қоян» атанған қыста біздің ауыл қатты жұтады.Шаруашылық бойынша 29 мың қой қырылып, шопан қауым таяқ ұстап қалды. Негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын кеңшарға бұл оңай тимеді. Жоғарғы басшылық қайта ашылған Ойыл ауданының түпкірдегі жұтаған ауылына айрықша назар аударып, төтенше шаралар алды. Тұралаған шаруашылықтың басшылығын түбегейлі жаңартты. Жаңа мамандармен нығайтты. Шаруашылықтың тізгінін соғыс пен еңбек майданында шыңдалған, халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын жетік меңгерген Отар Қлипанов ұстады.Бұл адамды сол кездің өзінде-ақ майдандас құрдасы Ойылдың халық ақыны Жалғасбай Есенғалиев «Высшийді бастауышпен алқымдаған» деп жырға қосты. Оның мәнісі былай еді: Отекең марқұм ағамыз соғысқа дейін бастауыш біліммен қызмет істеп, одан кейін мектепті экстерн бітіріп, Темірдің ауылшаруашылық  техникумының дипломымен бірнеше шаруашылықты басқарып, біздің ауылға ауысқанда институтта енді сырттай оқып жүрген екен.Ал жанындағы мамандары болса, өңшең жоғары білімді, дипломды, білім жағынан мен атайын, сен тұр.Бас инженер Қадіржан Жұмағалиев Мәскеудің К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын, бас зоотехник Тынышқали Әбдірешов, бас мал дәрігері Жұбан Баймұханов Алматының зооветинститутын, бас агроном Дәулетжан Доспамбетов ауылшаруашылық институтын бітірген.

Жігіттің сұлтаны

Ал осылардың алдыңғы легінде келген Ибрагим Ғаболлаұлы да Алматының малдәрігерлік-зоотехникалық институтын 1964 жылы бітіріп,ғалым-зоотехник мамандығын алып шыққан. Институттан кейін еңбек жолын Қобда ауданындағы Қазақстанның 15 жылдығы атындағы асылтұқымды мал совхозында зоотехник-селекционер болып бастаған. Ойыл Қобдадан ажырап, қайтадан аудан болғанда осы ауданның Тайсойған ауылында дүниеге келген азаматөзінің туған өңіріне қарай ауысуды оң көрген.

Осылайша біздің ауылдың топырағын басқанда ол салт бас, сабау қамшы 23-тегі жас жігіт еді. Орта бойлыдан жоғары,спорттық формадағы жігіт «кеңсе қызметкерімін, маманмын»деп шіренбей, ауыл жастарымен тез араласып, тіпті ауылдың қақ ортасындағы алаңда доп қуып қалып та жүрді. Сегізжылдық мектептің спортзалында да жиі кездесетін. Себебі ол кезде спорттық құрал- жабдықтарды тек сол жерден кездестіруге болатын. Ауылдың шаруа қуған жастары бұрынфутбол, волейбол ойнағанмен, күрес, белтемір көтеру сынды спорттың көптеген түрлерімен айналыса бермейтін. Ибрагимнің ауыл жастарын алғаш тартып,спорттың осындай түрлерін жандандырғанына куә болдым.Сірә, институт қабырғасында спорттың осы түрлерімен жақсы шұғылданған болуы керек.

Қараой ауылына бастапқыда салт бас, сабау қамшы, бойдақ боп келгенбас маманның қай үйде жатып жұмыс жасағаныесімде жоқ.Бірақ одан кейінгі отбасын құрғаны,қызметтегі қалыптасу, өсу жолдары ойымда берік сақталып қалыпты.

Сол кезде біздің Қараой аталатын ауылда жігіт көп те, қыз аз сияқты көрінетін. Талай ағаларымыз отызға қадам басса да, үйленбей,сүр бойдақ болып жүрді. Мамандықтары механизатор, көлік жүргізуші — шаруашылыққа байлаулы,алысқа ұзап шыға алмайды. Болашақ қалыңдығын ауылдан іздейді.Ал олардың басы санаулы. Оның ішінде елдің аузында жүрген, ақылына көркі сай дейтін бойжеткен біреу-екеу ғана. Сол екеудің бірі — жеті жылдықты бітіріп, әке-шеше бағып отырған Салима сұлу еді. Әкесі Құсайын ауылдың қадірлі ақсақалы, кеңес өкіметінің қызыл саясатына қарамастан, талай жылдар алдынан Құраны түспей, бес уақыт намазын қаза етпей келе жатқан молда болатын.Сондай отбасында тәрбиеленіп, бойында иба мен имандылық ұйыған аруға сырттай қызығушы да, жүгіруші де көп еді. «Жүгірген алама, бұйырғаналама?» деген рас екенЖігіттің сұлтаны дерлік Ибрагимніңшарасы кең көзі түсті де, ауылға келгеніне екінші жылға аяқ басқанда үйленіп тынды. Үйленгесін анасын көшіріп әкеліп, қолына алды.

Алматының көшесінде көрген сәтте маған ирониямен тіл қатуының мәнісі осында болатын. Біздің ауылдан қыз алғаны, оның менен бір-екі жас үлкендігі, қарға тамырлы қазақ болғасын ағайын-туыс,жекжат-жұрағат шығатынымыз ойында тұрса керек. Туралап айтпағанмен, балдыз қылып өзіне жақын тартып тұрғанын түсіндім. Аман-саулық сұрасып, бұл жүрісімнің мән-жайын айтып жатырмын.Ол да иегімен кейінгі жақты меңзеп, сондай жерде Қазақ ССР ауылшаруашылығы министрлігінің жанындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларын дайындайтын арнаулы алты айлық па, үш айлық па курста оқып жатқанын айтты. Жатақханасы осы маңда сияқты. Министрлікке бет алған бағыты екен. «Жезденің жақсысы әкедей» деген, Алматының қақ төрінде жақсы кездестің», — деп жатырмын мен де шын қуанышымды жасырмай. «Олай болса кешке «Алматы» мейрамханасында кездеселік. Қонақ қылайын», — деді. «Рақмет ықыласыңа.Ол үйлеспес. Сенің ортаң министрлікпен байланысты. Мен аудандық газеттің әзір оқуын бітіре алмай жүрген жалаң аяқ журналисі. Оның үстіне мұршам да жоқ бұрылуға, күнде емтихан», — дедім. «Олай болса» деді де, қалтасына қол салып, тұтас жиырма бес сомдықты суырып алып, ұсынды. Бұл — ол кезде үнемшіл адам Алматыда тағы жарты ай жатуға жететін көп ақша. «Қожаң берсе, қойныңа сал» деген, қалтама салып, «басшылар даярлайтын курста оқығандар  қызмет бабында тез өседі!» — деп тілегімді де білдіріп жатырмын.

Ибрагим әлі де манағы әзілінен жазбай: «Әй, сен бұл жерге көп аялдамай, тез ұза!» — деп ілгеріозды.

Даладан — қалаға

Кезекті курсты аяқтап, елге оралып, жұмысыма кіріскесін Ибрагимнің Алматыда көрсеткен ықыласын ұмыта алмай жүрдім. «Еруліге — қарулы», мен де бір жауап беруім керек қой деп ойлап қоямын. Үйім ауылда тұрады, өзім ауданның орталығында салт жұмыс істеймін. Ауылға барған сайын сұраймын шешемнен. Өйткені шешем шешесімен дос, әңгімелесіп,хал-жағдайларын біліп тұратын. «Ол да мен сияқты жалғыз бала тәрбиелеп өсірген кемпір екен. Ері соғыстан оралмаған. Айтысына қарағанда, біраз қиындықты да көрген. Дегенмен дегеніне жеткен. Баласы да жақсы. Келінді де соқты», — деп отырады өзі мұратқа жеткендей қуанып қашанда.

Расында да, осындай иман ұйыған шаңырақтан жар тапқан Ибрагим біздің ауылға тез сіңісіп, аз жылда бауырласып кетті. Елге сыйымды болумен бірге, кәсібі бойынша да шаруашылықтың тұтқасын берік ұстап тұрғаны аңғарылатын. «Бәрін де кадр шешеді» деген рас қой. Істің қыбын білетін басшысы бар, білікті мамандары сайма-сай шаруашылық дұрыс жолға түсіп, бес жылдың ішінде гүрлеп шыға келді. Баяғы қой қырылған ұмытылып, мал түгелденді. Мал мен егін шаруашылығы қатар дамыды. Бір бүйір шалғай ауылға адамның түсіне кірмейтін құрылыстар салынды.Бір бесжылдықтың ішінде шаруашылық Мәскеуді таңғалдырғандай таза пайда тапты. Бесжылдықтың қорытындысымен шаруашылық Еңбек Қызыл Ту орденін алды.Озат кеңшардың директоры Отар Қлипанов Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылып еді, мұндайда арыз жазып, шалғайға жармасатындар біздің өңірден де табылып, Ленин орденіне түсірді.

Дегенмен шаруашылықтың осы өсуі мұндағы мамандарды жоғарыға танытып, жолын ашты.Кеңес өкіметінің тәжірибесі қатты өркендеген шаруашылықты бөлетін еді. «Далиған» кеңшардың бауырынан «Жекенді» деп аталған жаңа кеңшар бөлініп шықты. Жоғарыда аталған бірсыпыра бас мамандар ауданның өзге шаруашылықтарына директор болып жоғарылатылды. Озат шаруашылық экономикасының ұйытқысы, білікті де тәжірибелі маман, Алматының басшылар даярлайтын курсын үздік бітірген Ибрагим 1974 жылы шалғайдағы кеңшардан Ақтөбе облыстық атқару комитетіне қызметке шақырылып, облыстық жоспарлау комиссиясы ауыл шаруашылылығы бөлімінің бастығы қызметіне жоғарлатылды. Екі жылдан кейін облыстық халықтық бақылау комитетінің бөлім бастығы болды. Одан 11 жыл бойы осы комитетте төрағаның орынбасары қызметіне жоғарылап, басшылық қызмет атқарды. 1991 жылдан бастап үш жыл Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Ақтөбе облысы бойынша аумақтық комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.Еңбек жолының соңы монополияға қарсы саясат жөніндегі екі облыстың департаментімен байланысты болғанын жоғарыда айттық.

Иекең осы қызметтің қай-қайсысын атқарғанда да жаратылысында қарапайым азамат «Ұлық болсаң, кішік бол» принципін ұстанды. Әркез ақырын жүріп, анық басты, әділдікті, тазалықты ту етті.Облыстық газеттің журналисі ретінде мағандепартамент басшысынан талай мәрте сұхбат алудың сәті түсті.Әлі есімде, бірде сұхбатымыз Кеңес Одағының ыдырауы, жекеменшік, жекешелендіру туралы әңгімеге ойысқанда:

—Қызмет бабында көп нәрсеге қолым жетіп тұрды. Бірақ, әй, көптің маңдай терімен келген еді,бүлінді ғой,бабаларымыз «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейтін еді деп, ештеңе алмадым. Қазір мына қызметте жүрміз, «Атқа шапқанда бай баласысың, тоқтағанда кедейлігің есіңе түседі», — дегені бар.

«Атқа мінгеннің бес қап желі болады» деген мақалды да сол жолы аузынан естіп едім. Бірақ бұл басшы ол «сырқатпен» ауырған жоқ. Мұны біраз жұрт басқалардай емес, «ол өмір көрді, таршылық пен жоқшылықты басынан өткерді, бір кемпірдің тәрбиесінде өсті» деп түйеді. Меніңше, олай емес, басқаларда сондай тағдыр кешті ғой, бірақ сабақ жоқ. Өйткені парасат жетпейді.Ибрагим айрықша парасат иесі еді, ақын адам еді.

Ақын жүрек

Ақын дегенде, ағамыздың өлең жазатынын мен кейінірек білдім. Ойылдық  ағамыз марқұм Сәрсен Жұмағалиевтің «Бір жолда өлең жазбайтын ақын жүректі адамдар болады. Ешкімге көрсетпей, тек өзі үшін өлең жазатын да адамдар болады» дегені есімде жүретін. Соның бір куәсі осы Ибрагим болды. Ол өлең жазатынын дабырлатпай, өмірінің соңғы жылдарында ақын Нұрлыбек Қалауовтың алғы сөзімен «Саралап сөзді сөйлейін» деген атпен баспадан кітабын шығарып, бір-ақ білдірді.Кітаптың бастапқы бетінде: «Осы еңбегімді Отан соғысында қаза тапқан әкем Ғабдоллаға, марқұм болған аяулы анам Түймешке, дүниеден ерте өткен інім Жәнібекке, ұлым Айбекке арнаймын» дейді. Өлең кітабын бастан-аяқ оқып шыққан адам, шынында да, өз әулетіне, ұрпақтарына өшпес ескерткіш соққанына, өмірлік өсиет қалдырғанына көз жеткізер еді.

Ұлы Ойыл, Жарыпшыққан, Тайсойған құм —

Анама болған едің көп жылдар мұң.

Жап-жақын жерде тұрып сен іздетпей,

Қиянат қылған бізге қай уақыт сұм, — деп келетін өлеңінен бір тайпа елге атақонысының топырағын бастырмай, ұзақ жылдар қиянат, зәбір көрсеткен кеңес өкіметінің әрекетін аңғарсақ,мына шумақотбасы, әулеті жайлы хабар береді:

Алтын,Бану,Гүлмира, Айбек, Гүлзия,

Анадан Сәлимадай ақ сүт емген,

Ар, иман әрқайсысына сүтпен енген.

Адал жан, ақ ниетті, ақ тілеулі

Ар-намыс майданында күнде жеңген.

Ағаның қаламынан туған бұл жолдардың бізге қымбаттығы,меніңше,оның шынайылығында.Біраз жылдар аралас-құралас, сыйлас болып жүргендіктен біз бұл отбасын, әрине, жақсы білеміз. Өлеңде есімдері аталған балаларының бір кезде мектепті үздік бітіргені, жоғары білім алғаны, өнерлі болып өскені есімізде қалды. Өмірден өз орындарын тауып отбасын құрғанда тойларында болдық, ақ тілегімізді айттық.

Қазақ «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ, бауыры бүтін пенде жоқ» деп мақамдайды. Ибрагимнің де ең ауыр қайғысы — егде тартып еңкейгенде жалғыз ұлының өмірден өтуі болды. Ол қайғыны да ағаның өлең жолдарынан артық ешкім жеткізіп айта алмас еді:

Жалғызым арманымның жалғасы еді,

Үмітсіз арман бойда қалмас енді.

Әкеңді сен арулап жөнелткенде,

Тағдырға ешкім кінә салмас еді.

Әмина, Абылайханды сен жеткізсең,

Арманы олардың да болмас еді.

Армансыз пенде жоқ. Заманында бір адамдай дәуірлеген ақжүрек азаматтың да бір арманы ішінде кетіп, жетпісін тойлағасын көп ұзамай өмірден озды. Жаратылысында мығым, қажырлы азаматтың сексеннің көжесіне жете алмағаны қартайғанда көрген қайғыдан емеспе екен деген де күдік қалды көңілде. Дегенмен бәріне уақыт емші. Қазір ағаның немерелері Әмина да, асылдың тұяғы Абылайхан да есейіп, азамат болды. Қыздарынан жиендері, шөберелері өсіп жатыр. Ағадан қалған әулеттің қызығын көріп, тілегін тілеп  Салима апамыз отыр. Бұл кісінің кеңес заманында молдалығынан жазбаған әке жолын ұстанып, бес уақыт намазын қаза қылмай, Алланың ақ жолына түскеніне талай жылдардың жүзі болды.

Шәкірт тәрбиелегеннің, адамдарға қамқорлық жасағанның ғұмыры ұзақ болады, өмірден өтседе ұмытылмайды» дейтін де халық. Себебі ондай жандар сол адамдардың жүрегінде жүреді. Ағаның қырық бес жыл өмірі қалада өтті, беделі де, билігі де, дастарқаны да болды. Зайыбы сауда саласында жасады, оқып мамандық алып, кеңес саудасының үздігі дәрежесіне дейін көтерілді. Біздің  ауылдың, тек біздің ауыл емес, күллі Ойылдың қалаға сапарлағандары ол кезде «Ибрагимге бардық, Ибрагимнен келеміз» дейтін. Түрлі шаруамен қалаға келген қыр қазағына жол сілтейді, қолынан келген жәрдемін көрсетеді. Алдына кім келсе де, үйіне қай қонақ төрлесе де қарсылық жоқ. Тәлімгер ретінде бір кезде елде бірге қызмет істегенталай жас мамандар оның жәрдемімен, тікелей қолдауымен қызметке тұрғанында білеміз. «Жақсыдан — шарапат» деген осы ғой. Біз білетін Ибрагим ағамыздың ғұмыры осылай көпке шарапатпен, халықтан алғыс алумен өтіп еді. Бізде ел айтатын сөзді айтамыз — нұры жұмақта шалқығай!

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button