Білім

Зейнетке шықса да зерікпейді

Шұбарқұдық кентінде тұратын  Жаңылша Әділгерееваның жасы жетпістен асса да,  әлі тың. «Қартайдым» деп қол қусырып қарап отырмайды. Тоқыма тоқу, іс  тігу тәрізді  қолөнермен айналысады.

Жаңылша апаның қолынан шыққан түрлі құрақпен безендірілген көрпе, көпшік, күнделікті тұрмысқа қолданылатын бұйымдары бүгінде аудан жұртшылығына біршама жақсы таныс. Өйткені ол қыз жасауын дайындайды, сондықтан оның көрпелеріне сұраныс көп. Бір әттеген-айы, кейде кейуананың осы ісін жетілдіре түсуге, қажетті бұйымдарды алуға қаржы жағы күрмеу болып жатады. Бұл тұрғыда аудан әкімі Жаңылша апаға  қаржылай көмек көрсетті.

— Мен көп балалы анамын. Ұлдарымды ұяға, қыздарымды қияға қондырдым. Қазір қолымдағы келінім мен тұрмыстағы бір қызым жұмыссыз отыр. Бар білгенімді осы екі балама үйретемін. Әйтеуір қолынан іс келсе, оны кәдеге жаратып сатса да пайда ғой. Өнерді үйрену керек, — дейді  кейуана.

1990 жылдардан бері қолөнерді серік етіп келе жатқан Жаңылша апа бұл тірлікпен жастайынан айналысыпты. Ол алты жасында анасынан жетім қалып, сол жылы тұрмысқа шығады. Үйленгеннен кейін жолдасы үш жыл әскер қатарына алынғанда Жаңылша апа қолында қалған енесі мен қайнысын бағу үшін тоқыма тоқып, іс тігіп, соларды сатып ақша қылады. Бұл 1959 жылдар болатын. Сол жылдардан бері көненің көзіндей болып келе жатқан іс машинасы өзінің жан серігіне айналды. Он жыл бойы Байғанинде мұнай саласында, одан кейін автокөлік базасында  қызмет етті. Бұл еңбегінде де нәтижесіз болған жоқ, талай рет Алғыс хаттармен марапатталды. Түзде жұмыс істесе де, ол үйде өзінің аналық борышын ұмытпады. Он баласын бағып-қағып өсіріп, «Алтын алқаның» иегері атанды. Енді, міне, зейнеткерлікке шықса да, бірыңғай демалуға ден қоймай, қол қусырып қарап отырмай, жастарға екі қолға бір жұмыс тауып беріп отырған жайы бар. «Өзімнің сүйікті ісіммен айналысудың өзі мен үшін үлкен демалыс», — дейді анамыз.

А.АХАБАЕВА,

Темір ауданы.

Адамдық борышың…

Кейде кейбір ісіңді реттей алмай жүргенде жаныңдағы жақсы адамдар қолтығыңнан демейді. Сондықтан жаны жайсаң, адамгершілігі жоғары азаматтардың жақсы істерін жұртқа үлгі еткен дұрыс.

­Өмір қуаныш пен реніштен құралған. Бірде жетістікке жетсең, бірде жеңіліске ұшырайсың. Қай сәтте де адам өзінің болмысын жоғалтпағаны жөн. Әсіресе, жастар, қандай кедергілер болса да мойымау керек. Алдымызда асқар таудай ел басқарған ағаларымыз бен облысымыздың көшін өрге жеткізетін басшыларымыз қашанда үлкені мен жасына көмек қолын созудан аянып қалмайды.

Айтайын дегенім, жақында көптен бері шеше алмай жүрген ісімнің түйінін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ізбақ Өмірзақов ретке келтіріп берді. Ол кісінің мейірімділігі мен байыптылығының арқасында төбем көкке жетті. Осындай білгір басшының қызметте отырғанына іштей тәубе етіп, ризашылығымды білдірдім. Сонымен қатар «Нұр Отан» ХДП мүшесі Самат Ормағанбетовке айтар алғысым шексіз.

Облысымызда осындай жаны таза, ел мүддесін қорғайтын, халыққа қалтқысыз қызмет ететін, жақсылық жасауды алғы орынға қоятын азаматтарды тәрбиелеп отырған облыс басшысы Елеусін Сағындықовқа айтар алғысым шексіз. Басшының адамгершілігін осындай адал қызметінен аңғаруға болады.

Нұрила ШЫҢҒАЛИЕВА,

көп балалы ана.

Ақтөбе қаласы.

Отбасы

Алтын тойдың әуені

Адам ғұмырындағы тойлардың мәнсізі болмаса керек. Ал биылғы жылы алтын тойын өткізіп отырған Дәулетжан және Зияда Қыдыровтар үшін  бұл елеулі белеске айналып отыр.

Дәулетжан аға ұзақ жылдар бойы Шалқар қаласындағы №1, 2 мектептерді басқарды, сандаған шәкірттері алтын ұядан түлеп ұшып, бүгінде байтақ республикамыздың сан қиырында еңбек етуде.

Ал Зияда апа бухгалтерия саласында еңбек етті. Олардың отбасында өсіп-өнген ұл-қыздар бүгінде заман ағымына сай өз қатарларының алды болып жүр. Үлгілі ұстаз шаңырағында берілген тәлім-тәрбие ұрпақтарға тереңдеп дарығаны қуантады.

Отбасының үлкені Клара Мәскеудің М. Ломоносов атындағы химия-технология институтын тәмамдап, Тула қаласында еңбек жолын бастаған. Қазір Ақтөбеде жеке кәсіпорын басшысы. Одан кейінгі Жолдас, Шынар, Олжас, Алмас, Анар, Жанар да өз мамандықтары бойынша әр салада жемісті жұмыстар атқаруда. Оларды халық іскер азаматтар, беделді басшы-қызметкерлер деп біледі.

Дәулетжан ағаның немерелерінің алды Жанболат бүгінде Астанада қаласында білім алып жатыр. Одан кейінгілер де әулет жалғастығын нығайтып, ата мен әжесін қуанышқа бөлеуде.

Алтын тойда Қыдыровтар әулеті толық құрамда жиналып, салтанат иелеріне лайықты құрметтерін көрсетті. Қазақтың «Жас шағымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» сөзінің мәнін көпшілік осы жолы көзбен көрді.

Жолдыбек АЙТҚҰЛОВ,

Ақтөбе қаласы.

Тарих

Тасада қалған үңгірлер

Әйтеке би ауданында көптеген табиғи үңгірлер бар. Олардың көбіне жүйелі зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Үңгірлерді тек қызықтап қарап кетушілер қатары көп. Елімізде 140-қа жуық үңгір тіркелген. Ал олардың зерттелмей, тасада қалғаны қаншама?!

Солардың бірі — Әйтеке би ауданындағы Ұлғайсын ауылынан 9 шақырым жерде орналасқан таулы Үңгіртас. Таудың биіктігі шамамен 100 метр. Үңгіртас өзен деңгейінен 2,5-3 метр жоғары, кіретін аузы солтүстік-батысқа бағытталған. Таудың қырқа  басынан қарағанда өзеннің арғы бетіндегі биік жарқабақтағы үңгірдің есігі бірден көрінеді. Оны өзен табанынан үш бөлек жалпақ тас  бөліп тұр. Тастардың жиегі тап-таза ақ қайыр құм жапқан кішкене арал сияқты. Үңгірдің ішіне он шақты кісі сияды. Ауыл адамдарының айтуынша,  бұл үңгірдің іші ертеде үлкен болыпты. Бүйіріндегі терезеден шығыс жақ жағалау  тегіс көрінеді, таудың үстіне шығатын есік тауға шығуға ыңғайлы. Сырт жағынан келу қауіпті. Екпіндеп келген адам терең құзды байқамай, тік жарлы терең сайға құлап түсіп кетуі ықтимал. Ал бер жағынан қарағанда  үңгірдің есігін бірден айыра қою қиын. Ертеден қалған әңгімелерге сүйенсек, Кенесары Қасымұлы 60 сарбазымен осы үңгірдің ішіне қарауыл құрған деседі. Талай жапа шеккен жандарға да пана болған деген қилы-қилы әңгімелер бар. Қазіргі таңда үңгіртастың іші шағындалып қалған. Осы үңгіртастың жоғарғы жағында Сандықтас деген жер бар. Бұл да бір өзіндік тарихы бар зерттелмей жатқан жер.

Осы секілді тарихынан мол мәлімет беретін  үңгірлерді жүйелі зерттеу  қажет. Олар туралы қанша аңыз-әңгімелер бар. Келешекте «Үңгіртану» ғылымы қалыптасып үңгірлерге жүйелі, ғылыми зерттеулер жүргізілсе дұрыс болар еді.

Гүлнара АЛДАБЕРГЕНОВА,

Б.Сейсекенов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі.

Ұлғайсын селосы.

Әйтеке би ауданы.

Ғұмыр

Бағыт апамды іздеймін

Мен Ақтөбе облысында тұратын Бағыт апамды іздеймін. Апамыздан бала кезімізде көз жазып қалғанбыз. «Бармысың, бауырым!» бағдарламасына хат жолдаған едік, әлі хабар жоқ. Бәлкім, апамның балалары облыстық «Ақтөбе» газеті арқылы бізге хат жолдар.

Бағыт апамызды бала кезімізде ғана көрдік. Түр-тұлғасы еміс-еміс есімізде. Ұлы Отан соғысы басталар алдында Орал қаласында 2 жылдық мұғалімдер даярлайтын институтта немере ағам Сұлташ Хусаинов оқыды. Кейін сол ағам соғыстан оралмады. Ал Бағыт апайым 1952-1953 жылдары Атырауға сол Сұлташ ағаның, Пангерей ағаның үйіне келіп тұратын-ды. Кейін оны Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына түсті деп естідік. Апамыз өте білімді жан еді. Кейде Ақтөбедегі жоғары оқу орындарында қызмет етті ме екен деп те ойлаймыз. Бәлкім, ол облыстық «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырмандарының бірі болар. Бұлай дейтінім, апамыздың газет-журналдарды қалт жібермей, оқып отыратыны есімде қалыпты. Егер апам Ақтөбеде болса, бізге хабарласса екен дейміз.

Менің мекен-жайым: Атырау қаласы Лебедов көшесі, №1. Ұялы байланыс: 8-702-826-00-59.

Ерсайын МЕҢЕШОВ,

Атырау қаласы.

Майдан

Жеңіс ауылға әкеммен бірге келген сияқты болды…

Жақында редакцияға Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан жерлесіміз Жаңабай Шәленовтің қыздары келді. Ақзия мен Салиха Жаңабайқыздары Жеңіс күні — олардың отбасының жыл сайын сағынып күтетін мерекесі екендігін айтты. Бұл күні олар бес қыздың соңынан ерген жалғыз інілерінің үйіне барып, әкелерін еске алады, аруағына тәу етеді.

— 1945 жылдың мамыр айы әлі есімде. Онда біз Қобда ауданының Әлия ауылы маңындағы Көксай деген кішкентай жерде тұрдық. Әдеттегідей әжемізге көмектесіп жүргенбіз, ауылға ат мінген кісі шаңдатып кірді. Менің нағашым бар еді, жасы жетпеген соң соғысқа бармай қалды, оның ауылдағылардың барлығының қызығып қарайтын құмай тазысы мен әдемі домбырасы бар еді. Ат мінген кісі тура нағашыма келіп: «Сүйінші, жеңдік! Соғыс бітті!» — деп айқайлады. «Домбырамды ал», — деді нағашым. «Жоқ, сүйіншіге құмайыңды бересің», — деді әлгі кісі. Сөйтіп, нағашым оған құмайды да, домбыраны да беріп жіберді, — дейді қызы Салиха.

Жаңабай Шаленов соғысқа 1941 жылдың шілдесінен аттанып, елге 1946 жылы ғана оралыпты. Ұрыс жылдары ол мергендер взводының командирі болған. Еуропаның екі астанасында — Варшава мен Берлинде соғысқан. Соғыс аяқталған соң бір жыл офицерлік құрамда қызмет етіп, ауылға оралған.

— Ол кезде Көксайға Әлия ауылы арқылы келетін. Әкем де жолда Әлияға соққан. Сонда тұратын Қартжан деген жолдасының үйіне түсіп, Көксайға көлік іздеген. Қартжанның кішкентай Барау деген қызы әкемнің бізге әкеле жатқан сыйлықтарының ішінде әдемі қол сағатқа көзі түсіп сұраған екен: «Мен мұны қызыма әкеле жатырмын», — деп әкем бермей қойыпты. Сол сағатты әкем маған әкеліп берді. Ал сол Бараумен мен кейін танысып, жақсы араласып кеттім. Әкем Қартжан ағаның ат арбасымен Көксайға кіріп келгенде ауылда шағын той болды ғой. Мен үшін Жеңіс ауылға әкеммен бірге келген сияқты болды…  — дейді мергеннің қызы Ақзия.

Ж.Шаленов соғыстан кейінгі жылдары Қобда, Шалқар аудандарында бірнеше рет халық судьясы болып сайланып, түрлі мекемелер басшылығында қызметтер атқарған.

М.ТАБЫН.

Пікір

«Ананың көңілі балада, баланың көңілі?..»

«Бұқара» бетінде қалың оқырман дін, хиджап мәселесі жөнінде жиі қалам тербейді. Дұрыс қой. Көпшілік жастарды өзге діни ағымдарға қосылып кетеді ме деп қауіптенеді. Бірақ баламызды үйде қанша бақылағанымызбен, түзде олар өзгеге еліктейді. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» екенін осыдан-ақ көруге болады…

Жақында «Бұқарада» (№52-53) «Салт-дәстүрді бұзбайық!» атты мақала жарияланды. Мақалада автор қыздардың хиджап киюіне қарсы ой айтып, Құран аяттарынан деректер келтіріпті. Сонымен қатар дінді ұстанған жамағатқа ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді бұзбау керектігін айтыпты. Осы мақалаға орай мен де бұқара қауымға өз ойымды білдіргенді жөн көрдім.

Қазіргі жастар екі топқа бөлінген. Соның ішінде хиджап киіп, намазға жығылғандары ғана «мұсылман» болып есептеледі. Сондықтан бет-аузын орамалмен бүркеген қыздарымыз өзге топтан оқшауланып, бөлек жүреді. Менің ойымша, имандылықты бет-ауызды бүркеуден емес, жүректің тазалығымен өлшегеніміз жөн. Қазақ қызы намазға жығылғанымен, хиджап киюге міндетті емес. Тізеден жоғары көйлек кимесе, омырау, етекті ашпаса болды емес пе?

Хиджап киген қыздарды көрген сайын ештеңенің байыбына бармай, түсінбей, біреудің жетегінде кетіп бара ма деп қорқамын. Өздерімен тілдесе қалсаңыз, көпшілігі ақирет күні, тозақтың азабы туралы жаныңды түршіктірер әңгімелер айтады. Ал кейбірі не себепті хиджаб киіп жүргенін түсінбейді де.

Жастарымыздың осылай өз бетімен кетуіне, біріншіден, өзіміз, ата-аналар, кінәліміз. Неге? Себебі біз үйден гөрі түзде көбірек жүреміз. Тіпті, кейбіреулеріміз балаларымыздың мұғаліміне жолығып, жиналыстарына да қатыса алмаймыз. Өйткені «қол тимейді», «жұмыс көп». Біз бір-екі баламызға дұрыс көңіл бөле алмаймыз, ал біздің аналарымыз 8-10 баланы бағып, еңбек етіп, әрқайсысын оқытып, қалай үйлі-баранды қылды? Және бір айта кететін жайт, бұрын біз ата-анамыздың қас-қабағына, көңіл күйіне қарап тілдесетінбіз. Ал бүгінгінің балалары өзіңнен «ақылды»! Сондықтан, құрметті ата-аналар, балаларымызға бір мезгіл көңіл бөліп, оларды жиі қадағалағанымыз жөн!

Ақмарал СЕРІКҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Масқара

Оқулықтағы олқылықтар

Жақында қалада мектепте оқитын жиенімнің сабағын тексеріп, оқулық кітаптарын қараған едім. Көп оқулықтың ішінен «Қазақстанның физикалық географиясына арналған атлас» кітабын алып, оқып отырып, мынадай масқара жайлардың куәсі болдым.

Аталмыш кітаптың сыртқы мұқабасында «Кескін карталармен бірге» деп жазылыпты. Оқулықтың аты кітап демесеңіз, ішіндегі қателерден көз сүрінеді. Картаның үшінші бетінде «Қазақстанның әкімшілік территориялық картасы» бөлімінде Ақтөбе облысының аумағын көрсеткен жер-атауларын қарасам, грамматикалық қателер самсап тұр. Айталық, Батамшы, Ырғыс, Шелқар, Тоғыс, Сағыс озені, Байғаны, Жаңалкеевқа… Бәлкім, кітапты терген кезде «з» әрпі болмаған шығар деп ойладым. Себебі көп жерлерде «техникалық ақауларға» байланысты деп сытылып кетеміз ғой. Бірақ бұл жолы ондай «қулық» жасауға келмейді. Себебі Қазақстанның деген сөзде «з» әрпі қатесіз, анық жазылған. Оқулықтың басқа беттерінде де елді мекендердің, орман-тоғандардың, жер- сулардың атаулары қып-қызыл қате. Бәлкім, жазулар өте кіші шрифтімен жазылған болар, әріп түрлі-түсті түспен көмкерілгендіктен, түнде көзді шағылыстырып тұрған болар деп ойлап, таңертең кітапты қайта тексердім. Бақсам, кітапта әріп қателері өте көп. Осындай кітапқа тапсырыс берген мекеменің мекен-жайына көз салдым. Мұнда «Атлас изготовлен ООО «Роскартография», Новосибирским Институтом Географии и Геодезии» по заказу ЧП ГОРША. Отпечатано В КИР. Тираж 1000 экз.» деп жазылыпты. Сонда тапсырыс беруші қайда қараған? Неге біздің балаларымыз ішінде қателері көп оқулықтан дәріс алуы тиіс? Мұны тексеретін құзырлы органның мамандары қайда қарап отыр?

Және бір айтарым, көбіне біз балаларымызға қажетті оқулықтарды, мектеп құрал-жабдықтарын «Орталық базардан» аламыз. Рас, базар сөрелерінде жаныңа қажетті заттардың бәрі бар. Оқулықтың түрлері де көп. Тіпті, кітап көшірмесін де таба аласыз. Айтайын дегенім, қазіргі тауарлардың дені қытайлық. Көп ақшаға алғаныңмен, қажетіңше тұтына алмайсың. Сондықтан базардағы бұйымдарға жөнді тексеру жұмыстары жүргізіліп, құзырлы органның мамандары шектеу қойса екен. Халық тұтынатын тауардың саны ғана емес, сапасының да жоғары болғаны дұрыс.

Ахметжан ДӘУЛЕТОВ,

Құмтоғай орта мектебінің биология

пәнінің мұғалімі.

Ырғыз ауданы.

Тұрмыс

Алғысқа бөленген «Ақнұр»

Біздің ауылда бірнеше дүкен бар. Бірақ дүкеншілер әртүрлі. Ал біз сөз еткелі отырған «Ақнұрдың» жөні бөлек.

Қай кезде болмасын, «Ақнұрдың» қызметшілері келушілерді жарқын көңілімен қарсы алады. Сұраған затыңды беріп, жайдары жүзімен шығарып салады. Кейде дүкен жабылып қалған кезде тығыз шаруаға қажетті затты алғың келеді. Сонда Ақнұрдың үйіне барсаң, ерінбей дүкенді ашып, қажетіңді бере қояды. Дүкендегі сатушылар тұрғындардың барлығына адал қызмет көрсетеді. Әсіресе, қарттарға  деген ілтипаты ерекше.

Осындай көпке үлгі боларлық ұрпақтың өсіп келе жатқандығы мені қуантады. Жастардың арасында жақсылыққа жаны құштар азаматтар көп болса екен деймін.

Ы. ҚОНАҚБАЕВ,

Бөгетсай ауылы,

Хромтау ауданы.

Айтарым бар

Менің келінім

Жақында «Бұқара» бетінде жарияланған (21.04.2011 ж.) Қарлығаш Керейқызының «Ойылдың алғыс алған келіндері-ай» мақаласын оқығаннан кейін мен де келінім туралы сыр шертуді жөн көрдім.

Біз зайыбым Әсима екеуміз отбасында жеті қыз, бір ер бала тәрбиелеп өсірген ардақты ата-анамыз. Бүгінде ұл-қыздарымыздан тараған он екі немере, төрт шөберенің ата-әжесі атандық.

Балам Бекзат Қобда аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Ал келінім Сағадат өте мейірімді, кішіпейіл, үлкеннің алдын кесе өтпейтін ибалы жан. Көп балалы отбасында тәрбиеленгендіктен әрі ата-ана тәлімін көрген келінім қазір отбасымыздың шамшырағы. Келінімнің қас-қабағымызға қарап, айтқанымызды екі етпейтіндігіне разымын. Сағадат қазір менің отбасымның ғана емес, күллі ауылымыздың үлгілі келіні атанды. Осындай инабатты қыз тәрбиелегені үшін құдам Мұхитхан мен құдағайым Ақсұлуға айтар алғысым ұшан-теңіз.

Әрбір қазақтың шаңырағына Сағадаттай үлгілі, инабатты келін келсін деп тілеймін. «Жақсы келін — келін, жаман келін — келсап» деген емес пе қазағым!

Талас МАХАМБЕТОВ,

зейнеткер.

Ақырап ауылы.

Қобда ауданы.

Үлгі

Тиімді тәрбие апталығы

Қурайлыдағы санаторий типтес мектеп-интернатының ішкі жағдайында тәрбие жұмысының құрылымдық моделіне өзгеріс енгізілді. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қызығушылығын арттыру мақсатындағы іс-шаралар тәрбие апталығы шеңберінде жүргізіледі. Таратып айтсақ…

Дүйсенбі — білім күнінде сынып оқушыларының апталық оқу үлгерімін тексеріп, күнделіктерінің тазалығын бақылап, қорытынды шығарып отырамыз. «Ең таза күнделік», «Ең үздік оқушы» номинациясы бойынша оқушылар мадақталады.

Осы күні «Интернат білгірі», «Білімді мыңды жығар», «ХХІ ғасыр көшбасшысы», өнер білім сайыстарын өткізіп, баспасөз беттерінен алынған саяси хабарлармен таныстырып отырамыз.

Сейсенбі — ойын күнінде бала қоршаған ортаны өз бетінше зерделейді. Бұл орайда тәрбиешілер өз сыныптарында қазақтың ұлттық ойындарынан бастап «Алтын сақа», «Түсін мені», «Тапшы кімнің дауысы?», «Ақ серек, көк серек» секілді ойындар ойнатылады.

Сәрсенбі — музыка күні. Жеткіншектің санасын қалыптастыруда музыканың алатын орны ерекше. Жас ұрпаққа өнер түрін дарыту, музыкаға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында интернатта «Домбыра», «Жас талант»,  би үйірмелері жұмыс істейді.

Бейсенбі — спорт күні. Тәрбиеленушілер күнде таңертеңгілік жаттығулар жасауға дағдыланған. Оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында сыныпаралық «Көңілді мәре», түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Мектебімізде жыл сайын ұйымдастырылатын «Денсаулық» фестиваліне оқушылар белсенді қатысады. Мектеп тәрбиешілері мен мұғалімдері де оқушыларға үлгі болып, облыстық мектеп-интернаттар арасындағы спартакиадаға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ұжымға бағыт-бағдар беріп, ізденуден бір сәт жалықпайтын мектеп-интернат басшысы Амангелді Бектұрғанов баршамызға үлгі. Бұған дәлел мектеп-интернат мұғалімдері өткен ХIV облыстық спартакиадада үстел теннисі бойынша І орынды иеленіп, дипломмен марапатталды. Осы жарыста  мектеп ұжымы жалпы командалар арасында ІІІ орынды иеленіп, шахмат бойынша ІІ орынды, волейболдан ІV орынды иеленді.

Апталықтың жұмасы әзіл-сықаққа, сенбісі көңілді кешке арналады. Жексенбі — тазалық күні.

Қазір интернат тәрбиешілері осы жүйемен жұмыс жасап жүр. Тәрбиелеу апталығының тиімділігі тәжірибеде анықталып отыр.

Гүлназ МОЛДАБАЕВА,

тәрбиеші.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл Жұбаныш.

bukara07@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button