Білім

Мектепте «Үйлесім» клубы ашылды

Ақтөбе қаласындағы №40 жалпы білім беретін орта мектебінде ата-аналарға арналған «Үйлесім» атты психологиялық клубы ашылды.

Салтанатты шараға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Жұмабике Қалива, медиатор Бибігүл Әбілдаева, облыстық музей жанынан құрылған «Дәстүр» мектебінің жетекшісі Лаура Бердібекова, облыстық ғылыми-тәжірибе орталығының әдіскері Медеухан Жасанова мен мектеп оқушыларының ата-аналары қатысты.

Мектеп директоры Жанар Терекова «Үйлесім» клубы қала мектептерінің арасында тұңғыш рет ашылып отырғанын айтып, клубтың мақсатына тоқталды.

— Бұл клубтың маңызы өте зор. Қазіргі таңда ата-аналарға отбасылық тәрбие жөнінде  психологиялық-педагогикалық көмек көрсетілуі керек. Оқушының білімді, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына ата-ананың  ықпалы зор, — деді ол.

Шарада сөз алған қонақтар әсіресе ұлттық тәрбиеге көп көңіл бөлуі керектігін айтты. Қазіргі кезде кейбір отбасында болып жатқан жағдайлар балаға қатты әсер етіп, түрлі оқиғаларға ұрындыруы мүмкін. Осылардың алдын алу үшін мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты арттыруға «Үйлесім» сынды ата-аналар клубтарының жұмысы ауадай қажет.

— Ата-аналар клубындағы әр сабақ өзінің қызықты тапсырмаларымен, өзекті тақырыптарымен, практикалық жұмыстарымен, атап айтсақ, арт-терапия жаттығулар, нейрографика, кинотерапия, би терапиясы, психогимнастика жаттығулары, метафоралық ассоциативті карталармен жұмыс, әртүрлі терапиялық эффект беретін психотехникаларымен қызықты болмақ, — дейді шараны ұйымдастырушылар.

Т.ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button