Білім

Өнегелі өмір

Ел мен жердің, халықтың байлығы да, атақ-даңқы да ел қадірлейтін парасатты азаматтарымен өлшенеді. Осы тұрғыда ел тізгіндейтін жастардың санасына алғашқы болып «білім», «тәрбие» дейтін құндылықтарды қалыптастырушы қадірлі мамандықтың иесі — ұстаздар қауымының еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Солардың бірі — аяулы ұстаз Мариямкүл Байрахметова.

Жауапкершілігі мол оқу-ағарту саласына 37 жыл өмірін арнаған Мариямкүл Байрахметова 1958 жылдың 26желтоқсанында Ырғыз ауданы (қазіргі Әйтеке би ауданы), Жабасақ ауылында дүниеге келді.

Кез келген адамның қиялына қанат байлайтын, шарықтатып шырқау көкке самғататын қасиетті бір дүние бар, ол — өскен орта, асыл тек. Оның әкесі Зейнолла — ауыл есепшісі болса, анасы Шәмшәгүл ұзақ жылғы ғұмырынұстаздыққа арнаған, он бала тәрбиелеп өсірген «батыр ана». Осындай зиялы әке мен ана перзенті Мариямкүлдің сандарды «сөйлетіп», есеп-қисаптың сырына үңілген математика пәнінің мұғалімі атануына сеп болады. Ол жастайынан көпшіл, бауырмал, мейірімді, аңғарымпаз, қамқор, талапшыл, табанды әрі әділ болып өседі.

1966 жылы Жабасақ орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданып, 1976 жылы осы мектептен онжылдықты тәмәмдаған болатын. Мектепте оқып жүрген кездерінде оқушы Мариямкүл ізденімпаздығымен, алғырлығымен, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығымен ерекшеленіп, көзге түсетін. Қоғамдық істерге белсене араласып, үнемі мектеп өмірінің қайнаған ортасында жүретін. Әсіресе математика пәнін ерекше жақсы көрді. Мектеп бітірген соңАқтөбе педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға қабылданды. Еңбек жолын туған өлкесі Жабасақ орта мектебінде мұғалім болып бастады.

1981 жылы жұбайы ӨміржанОспағамбетовпен отбасын құрып, тұрмысқа шығуына байланысты Байғанин ауданы, Кемерши ауылындағы Жем орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып қызмет жасады.

Отбасы жағдайымен 1988 жылы Темір ауданы, Шұбарқұдық кентіне қоныс аударды. Осы жылы №3 Шұбарқұдық орта мектебінде математика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Міне, содан бері 45 жылдық тарихы бар білім ордасында 30 жыл бойы бала жанының бағбаны болып қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан болатын.

Оқу-ағарту саласында 37 жыл тер төккен ұстаз Мариямкүл есепке жүйрік, өзінің мамандығының шебері екенін елге таныта білген. Мектепішілік, аудандық оқушылар, мұғалімдер арасында ұйымдастырылған математика олимпиадаларының қазылар алқасының төрайымы, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде аппелляция комиссиясының мүшелігінде және т.б. қоғамдық жұмыстарда үнемі аянбай тер төгіп, адал еңбек етіп, елге абыройлы ұстаз атанған.

Ардагер ұстаздың білім саласын дамытуға қосқан өлшеусіз еңбегі үшін алған мақтау, марапат, Алғыс ­хаттары өз алдына бір төбе. Бірақ адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын — адами қасиеттері, игілікті істері. Жалпы, әр адамның өзгелерге ұқсамайтын болмысы болады емес пе?! Сырт көз оның тіп-тік, сыптай жүрісі мен көзіңе тіке қарайтын отты жанарынан именіп, қатал кісі санаған болар. Алғаш жас маман болып келгенімде солай ойлайтындардың қатарында мен де болдым. Апаймен мектепте кездесе қалғанда, артық әңгімелесуге батылымыз бармай, амандасудан әрі аспайтынбыз. Кейін 2017 жылы зейнеткерлікке шыққанда, зейнет тойын жасады. Тойға келгенде әр келген қонағының көңілін тауып, ортада балаша жайраңдап, айнала билеп жүрген апайды көргендеәуелгі ойымнан ұялып қалдым. Таңғалдым…

Қаттылық пен мейірім, сабырлылық пен ақкөңілділік, бекзаттық пен адамның қас-қабағына қарау, қызмет пен жеке кеңістік арасындағы шекараны тепе-теңдікте ұстау —  парасатты адамның қолынан келетін іс. Ұлағатты ұстазбен ұзақ жыл қызметтес болған әріптестері де бұл пікірімді жоққа шығармайды.

«Мариямкүл Зейноллақызымен 1989 жылдан бастап бірге жұмыс жасадым. Ол кісі өте білімді, тиянақты, өз ісінің шебері, жауапкершілігі мол жан  болатын. Мінезі де ашық-жайсаң, көрген-білгенін, ойға түйгенін есіне сақтап, жан-жағындағыларға жеткізіп айта білген білікті маман еді. Ұжыммен, оқушылармен бірлесе жұмыс жасай білген шебер ұстаз болатын. Жұмыс бабымен ақыл сұрай барсаң, «шешілмейтін түйін жоқ» деп, байыппен түсіндіріпберетін. Өзімді апайымның ізбасары ретінде санаймын», — дейді бастауыш сынып мұғаліміАйгүл Алқуатова.

«Ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» демей ме?! Бүгінде Мариямкүл апайдың білім беріп, тәрбиелеген оқушылары еліміздің әртүрлі аймағында түрлі салаларда үлкен қызметтер атқарып жүр. Ұстазының жолын таңдап математика пәні мұғалімі болып жүрген оқушылары да аз емес. Соның бірі — ауданымыздағы үздік білім ордасы Шұбарқұдық гимназиясының директоры Болатбек Иманғалиев. Ол Мариямкүл Зейноллақызының шәкірті болғанын мақтан тұтады.

«Біздің сынып математика пәнін тереңдетіп оқитын сынып болғандықтан, математика пәні аптасына 8 рет болатын. 8-сыныптан бастап Мариямкүл апайдың жетекшілігімен түрлі олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атандым. Ол кісі маған тек ұстаз ғана емес, жол сілтеуші, тәрбиелеуші болды. Мен үшін әр сабақ өте ерекше өтетін. «Әрине, сендер есепті жақсы шығарасыңдар, өйткені сендерге Мариямкүл апай сабақ береді ғой», — деп бізге басқа сынып оқушылары қызыға қарайтын. Геометрия пәніндегі сызбаларды тайға таңба басқандай анық, түсінікті етіп сызатын. Апайға қызыққаным, ерекше құрмет тұтқанымның дәлелі — қазіргі таңда математика пәнінің мұғалімі болып жемісті қызмет етіп жүрмін», — дейді Болатбек Иманғалиев.

Әйел адам үшін қызметтік мансаптан басқа, дүниеге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеп жеткізу міндеті және бар. Міне, осындай аса жауапты қызмет пен аналық парызын қатар өтей білген ұстаз-ана  3 ұл, 1 қыз бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының білімді, жақсы азамат болып қалыптасуына, тәрбиесіне жолдасы екеуі аса мән берген.  Қазіргі таңда балалары ер жетіп, жоғары білім алып, отбасын құрып, ұрпағын өсіріп, жан-жақта адал қызмет атқарып жүр. Үлкен ұлы Ерлан «Атамекен»өңірлік кәсіпкерлер палатасыныңсалықтық, бухгалтерлік және статистикалық есептер бойынша менеджер-кеңесшісі қызметін атқарса, ортаншы ұлы Сержан осы Шұбарқұдық кентіндегітеміржол саласында, ал кенже ұлы Жұма — Алматы қаласында«Realme» компаниясының Қазақстан және Орталық Азия аумағында сату бөлімінің басқарушысы. Қызы Әлия — елордамыз Астанада«СК-Фармация» ЖШС-ындабухгалтер.

«Қайын ененің топырағынан» деген мәтел Мариямкүл апайдың келіндеріне айтылса керек, өзіне болмысы ұқсайтын, өзімен бір білім ордасында қызметтес болған келіні Индира Сансызбайқызы да қайын енесі туралы жылы естеліктермен бөлісті:

«Анамызбен бірге қолында 12 жыл тұрдық. Бүгінде сол қарашаңырақтың түтінін түтетіп отырмыз. Ол кісіүйде де, жұмыста да ақылшым болды.  Ең басты қасиеті — сабырлы-тын. Әр нәрсеге дауыс көтермей-ақ, кез келген қателіктеріңді салмақты, байсалды түрде қабылдап, түсіндіретін. Қолындағы барын үш келініне теңдей бөліп беріп отыратын.

Жаңалықты тез қабылдайтын, заман ағымына ілесе білетін. Жас болсам да, жұмысыма қатысты түрлі компьютерлік бағдарламаларды осы анамнан үйрендім. Тиянақтылықты жақсы көретін. Қолына алған әр ісін жеті рет өлшеп, бір рет кесіп,жүйелі жасайтын. Әр айтқан әңгімесінде астарлы тәрбие жататын, оны өзіме түртіп алатынмын. Ол кісімен әңгімелесіп отырып, шай ішетін күндерімді сағындым. Ондай ене мыңнан бір кездесетін болса керек.

«Ғибрат алар артында із қалдырса, шын бақыт осы» деген Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзі Мариямкүл апай сынды бір қолымен ұстаздықтың тұтқасын ұстап, екінші қолымен отбасының бесігін тербеткен, жанұя ұйытқысы болған қадірлі ұстаз-анаға айтылса керек-ті.

«Өз жақсыларымызды өзіміз ұлықтамасақ, өз жайсаңдарымызды өзіміз қызықтамасақ, онда ол өз ырысымызды өзіміз тепкендік, өз тілеуімізді өзіміз кескендік те болар еді» деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, жақында өзі отыз жылға жуық үздіксіз ұстаздық еткен қасиетті білім ордасы №3 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектебінде Мариямкүл Зейноллақызы атындағы математика кабинеті ашылмақ. Балаларының демеушілігімен кабинеттің іші пәндік-типтік үлгіде заманауи құрал-жабдықтарменжабдықталды. Математика кабинетінің ашылуына орай9-сынып оқушылары арасында аудандық математика олимпиадасы, «Қазіргі ғылымдағы математиканың іргелі және қолданбалы мәселелері: өзекті зерттеулердің теориясы мен практикасы» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланып отыр. Аталған шараға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ғалымдары, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы мамандары, Мариямкүл апайдың көзін көрген әріптестері мен шәкірттері, аудандық білім бөлімінің мамандары және балалары қатысады.

Әрине, өмірде тындырған әр ісің нәтиже беріп жатса, бұл да өмірдің сыйы емес пе?! Олай болса, өмірден өзі өткенімен келер ұрпаққа ізін қалдыра білген ұлағатты ұстаз Мариямкүл Зейноллақызының білім саласында еткен еңбегі мен төккен терінсіз бен біз жақсы білеміз, қастерлейміз, құрмет тұтамыз және мақтан етеміз!

Арайлым АХАБАЕВА,

Темір ауданы, №3 Шұбарқұдық мектебінің

қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button