БілімБасты жаңалықтар

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы: 20 мектеп және 17500 орын

«Орта білімнің сапасы — табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады».

                           Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Сейсенбі күні ел Үкіметі «Жайлы мектеп» жобасын мақұлдады. Жоба аясында 2023-2025 жылдары еліміз бойынша 401 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге бөлінеді. Құрылысқа жемқорлардан өндірілген қаражат та жұмсалмақ. Жобаны жүзеге асыру барысында 60 мыңға жуық уақытша жұмыс (құрылыс кезінде) және 40 мыңға жуық тұрақты жұмыс (ғимараттар салынып болған соң) ашылады.

Ұлттық жоба аясындағы жұмыстар біздің облыста да жүзеге асырылады. Өңірде 2024-2025 жылдары жалпы 20 мектеп салынады.

Біз «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ақтөбеде атқарылатын жұмыстар туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен сөйлескен едік. Сонымен…

Мақсат пен міндет

Үкімет басшысы Әлихан Смайлов облыс әкімдеріне жыл аяғына дейін мектептер салу үшін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникациялдарды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруды тапсырды.

Елімізде соңғы 10 жылда оқушы саны 1 миллионға артып, 3,5 миллионға жеткен. Қазіргі дерек бойынша 800 мыңнан астам оқушы үшін орын тапшы.

Ұлттық жобаның басты мақсаты — мектептердегі орын тапшылығын болдырмау, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу.

Бұл жобаны іске асыруға 5 фактор ықпал етіп отыр. Олар: урбанизация, халықтың көші-қоны, бала санының көбеюуі, мектеп ғимараттарының тозуы, мегаполистерде халықтың тығыз орналасуы.

Жайлы мектептердің басты ерекшелігі, олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай қарастырылады. Мектептер заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай болады. Сонымен қатар бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылады. Әр блоктың өз асханасы мен спортзалы болады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар — бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталатын болады. Сондай-ақ мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін жеңілдетуге мүмкіндік туады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жағдай жасалады. Дабыл түймесі, бейнебақылау жүйесі орнатылмақ.

Ақтөбеде зәулім мектептер салынады

Ұлттық жоба аясындағы жұмыстар біздің өңірде де жүзеге асырылады. 2024-2025 жылдары жалпы 20 мектеп (17500 орын) салынады. Оның 15-і — Ақтөбе қаласында бой көтермек. Аудандардың арасында Мұғалжар, Мәртөк, Темір және Шалқарда жалпы саны 5 мектептің құрылысы жүргізіледі.

2024 жылы сыйымдылығы 11400 орынға арналған 14 білім шаңырағы, 2025 жылы 6100 орынға арналған 6 мектеп еңсе тіктейді. Бұлардың арасында жобалық қуаттылығы 2000 орындық зәулім мектептер де болады. Мысалы, Есет батыр және Батыс-2 шағын аудандарында әрқайсысының қуаттылығы 2 мың орындық жалпы 5 мектеп бой көтермек. Сөйтіп, орын тапшылығы мәселесі түбегейлі шешіледі, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Құрылыс жұмыстары үшін қажетті мемлекеттік инвестиция — 132,0 млрд теңге.

Қазір облыста 6 үш ауысымды  (Ақтөбе қаласы №12, №60, №63, №64, №78 және Шалқар ауданындағы №5  мектептер),  6 апатты (Әйтеке би ауданы Комсомол орта мектебі, Қобда ауданы Терісаққан ОМ, Шалқар ауданы Бозой орта мектебі, Темір ауданындағы Ж.Кереев атындағы орта мектеп, Мұғалжар ауданы Құмжарған негізгі мектебі, Ақтөбе қаласы Қызылжар мектебі) мектеп  бар.

Сондай-ақ өңірде бейімделген ғимараттарда орналасқан — 101,  саманнан салынған — 24, ағаштан салынған — 13, қамыстан тұрғызылған 4  мектеп бар.

Директорлар дайын. Кадр жеткілікті

Жыл сайын мектеп оқушылары санының 5-7 мыңға өсуі өңірде орын тапшылығын тудырып отыр. Орын тапшылығы қалыптасқан 50 мектептің (16 321 орын) 30-ы (12235 орын) Ақтөбе қаласында орналасқан.

— Жоба аясындағы мектептердің басшылық құрамы, педагогтері алдын ала жасақталады. 20 мектептің де директорлары дайын деуге болады. Оларды біліктілігін арттыру курстарынан өткізуді жоспарлап отырмыз. Былтыр 847 жас педагог оқу бітірді. Оның 730-ы жоғары оқу орнын тәмамдады. Қалғаны — колледж түлектері. Биыл 457 маманды жұмысқа қабылдадық. Оның 200-ден астамы — жас маман. Жаңа құрылыстың дені облыс орталығында салынатынын ескерсек, ұлттық жоба аясында еңсе тіктейтін мектептерді маманмен қамтуда кадр тапшылығыболмайды, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын барлық ғимараттың құрылысына

жер телімдері қарастырылған.

Қазіргі таңда кадастрлық нөмір алу, яғни рәсімдеу жұмыстарын жеделдету қажет. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру облыстық құрылыс басқармасының құзыретіне тиесілі, — дейді облыстық басқарма басшысының орынбасары.

 P.S. Бұл — жас ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі. Ел бойынша үш жылға жоспарланған жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылатынына — уақыт төреші.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button