Басты жаңалықтарСпорт

Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті

Тоғызқұмалақ

Ақтөбе қаласында өткен тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионаты аяқталды.Жергілікті спортшылар бір алтын мен үш қоланы қанжығаларына байлады.

Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсіміне облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Қазақстан ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов қатысты.

Чемпионат ерлер мен әйелдер арасында классика, рапид, блиц түрлері бойынша өткізілді. Ел намысын 12 спортшы қорғады. Жарыс нәтижесінде, тоғызқұмалақтың классика түрінен Әсел Далиева он дүркін, Ғалымжан Темірбаев бес дүркін чемпион атанды. Ал оралдық Әсет Қайыржанов бір чемпионатта екі дүркін чемпион атанып отыр. Ол ерлер арасында блиц және рапид түрінен жеңімпаз болды. Әйелдер арасында рапид түрінен павлодарлық Жәмила Баилдяшева I орынды иеленді.

АқтөбедеӘлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің әр түкпірінен келген спортшылар бізге өз алғыстарын білдіріп жатыр. Шетелдік ойыншылар қаламен танысып, музей аралады.

Ал ойынға келер болсақ, бұл жолы Әсет Қайыржан жас та болса, өз қарсыластарына басымдық көрсетіп, екі дүркін чемпион атанды. Әсел Далиева дәстүрлі түрде жеңіске жетті. Біз спортшы қыздарымызбен мақтанамыз. Әселге мықты қарсылас бола білген Жәмиланың болшағынан да зор үміт күтеміз. Ол Әлем чемпионы Салтанат Сапарбекова, екі дүркін Әлем чемпионы Лина Каримованы артқа тастап, чемпион атанып отыр. Әсел екеуінің ойыны тең түсті. Дегенмен қосымша көрсеткіш бойынша Жәмила жеңіске жетті.

Ойын барысында жас ойыншыларымыз мықты ойыншылардың атағына, дәрежесіне қарамай, тең дәрежеде ойнап, жеңімпаз атанып жатқандары қуантады, — дейді тоғызқұмалақтан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Айнұр Жақыпбаева.

Қырғыз елінен келген спортшылар да осал еместігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Классикадан Адина Айсиева II орын, Анарбек Джамекеев пен Айтұрған Мақсатбекқызы III орынды алды. Блиц түрінен Анарбек Джамекеев пен Айзада Бақтыбекова II орынға жайғасса, Марлис Дуулатбеков пен Алтынай Шамбетоваға III орын бұйырды. Ал Колумбиядан келген Оскар Фахардо тоғызқұмалақтың классика түрінен III орынға ие болды.

Ақтөбелік спортшылардың ішінен, тоғызқұмалақтың блиц түрінен Гүлжанат Алдабергенова жеңіс тұғырынан көрінді. Гүлжанат он жасынан бастап чемпион атанып жүр. Түркияның Анталья қаласында өткен V Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған. Сондай-ақ қоржында үш қола бар. Блиц түрінен Медет Құсайынов пен Мөлдір Серікқызы, рапид түрінен Нұрбек Қабиев III орынға жайғасты.

Ақтөбекемінде екі алтынға үмітті еді. Себебі 2021 жылы Ақтөбеде өткен Азия чемпионатында үш алтын, бір күміс, үш қола иеленген болатынбыз. Осы жолғы чемпионатта Гүлжанат алтынға ие болды. Бұның өзі жаман көрсеткіш емес.Байқауда Батыс Қазақстан, Түркістаннан кейін үшінші орында Ақтөбе тұр, — дейді чемпионаттың бас төрешісі Бауыржан Төлегенов.

Жеңімпаз атанған спортшылар медальдармен марапатталып, ақшалай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, Әлем чемпионаты  Ақтөбеде 21-27 қараша аралығында өтті.

Байрақты бәсекеге әлемнің жиырма елінен 80-ге жуық спортшы қатысты.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button