Мәдениет

Серікболсын — жеңімпаз

Байқау

Кеншілер мәдениет үйінде дәстүрлі «Еркелей аққан Ор өзені» атты XIV облыстық эстрадалық әндер байқауы өтті.

Хромтау аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен байқауға облысымыздағы 17-35 жас аралығындағы 8 үміткер қатысты. Байқаудың алғы сөзін айтқан аудан әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл мен мәдениет саласының ардагері Болат Ашабаев қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға қатысушылар әуелі аспаптың немесе ансамбльдің сүйемелдеуімен халық әндерін орындады. Залда отырған көрермен әндерді қосыла шырқап, бір марқайып қалды. Ал екінші кезең шартына сәйкес үміткерлер Ақтөбе облысынан шыққан жергілікті композиторлардың әндерін әуелетті.

— Он төртінші рет ұйымдастырылған байқаудың басты мақсаты — дарынды жас әншілерді таныстыру, қолдау, сонымен қатар жергілікті композиторлардың жаңа туындыларын насихаттау, — дейді Хромтау аудандық Мәдениет үйінің директоры Арман Жиеналиев.

Өнерпаздардың өнерін сазгер, әнші Дулат Айтжанов, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары Гүлхан Бөрібасова, Әкімжан Шәкіров сынды кәсіби мамандар бағалады.

«Еркелей аққан Ор өзені» облыстық этрадалық әндер байқауының бас жүлдесін  хромтаулық Серікболсын Асылбек жеңіп алды. Бірінші орынға шалқарлық  Асхат Сұлтанов ие болса, екінші орынды Қарғалы ауданынан келген Жансая Дабылқызы иеленді. Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің қатысушысы Арайлым Ерімбетова үшінші орынды місе тұтты. Сондай-ақ «Көрермен көзайымы» номинациясына Ақтөбе қалалық қазақ зағиптар қоғамы Мәдениет үйінің мүшесі Назым Жұрынбай ие болды. Өзге де қатысушыларға сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.

 Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button