Пікір

Әділетті Қазақстанға бетбұрыс басталды

Мұхтарита САҒЫНДЫҚОВА,
«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы.

Президент сайлауы ертеден ел құлағын елең еткізетін үлкен саяси науқан десек, биылғы сайлаудың тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі сайлаулардың бастысы да бірегейі болды деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі бұл сайлау әділ әрі ашық өтті.
Әрдайым жаңашылдықты күтетін халқымыз Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер негізінде жеті жылдық бір кезеңге сайланып, Жаңа Қазақстанды басқаратын Президентіне өз дауысын берді. Әрине, ел ішінде Президенттікке түскен тұлғалар жөнінде көптеген теріс пікірлер болғаны белгілі. Ешкімге белгісіз, саяси аренада бұрын-соңды көрінбеген азаматтардың мұндай үлкен жарыста жеңіп шығуына сенімсіздік танытты. Дегенмен мен мұны жаңсақ пікір деп санаймын. Бұл азаматтар — өз саласының мамандары, белгілі бір ортада беделді, тәжірибесі мол тұлғалар. Әлемдік тәжірибеде, соның ішінде демократия дамыған елдерде ешкімге белгісіз тұлғалардың осындай додаларда жеңіске жетіп, ел басқарып, үлкен жетістіктерге жеткендерін мысал ретінде келтіруге болады және ондай мысалдар көп.
Президент сайлауына жаңа адамдардың, жаңа есімдердің түсуі де Жаңа Қазақстанға бет бұрудың бір көрінісі деуге болады. Әрине, қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқа үміткерлерден оқ бойы озып, жеңіске жетуі де заңдылық. Себебі ұзақ жылдар бойы сарабдал саясаткер ретінде танылған, әлемдік аренада өзіндік орны бар тұлға бүгінде халықтың арасында үлкен беделге ие. Қиын-қыстау кезеңде ел тізгінін алып, үлкен реформаларды жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында ауқымды шараларды қолға алған Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасында үлкен бастамаларды көтерді және соларды қарқынды іске асыруды қолға алмақ.
Осылайша Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам бағытындағы үш қағидат негізіндегі жаңа мемлекеттік саясат жүзеге асырылады. Бұл — Әділетті Қазақстанға деген бетбұрыстың бастауы.
Кез келген жаңалықты ежелден жақсылыққа жоритын халқымыз кешегі сайлауға үлкен үміт артып, елдің ертеңін ойлайтын кандидаттың жеңіп шығатынына сенім білдірді. Міне, алдын ала сайлау нәтижесі бойынша Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ең көп дауысына ие болып, зор құрметке бөленді. Осы ретте кәсіподақ қозғалысының басшысы ретінде Әділетті Қазақстанда еңбек адамының рөлі мен беделі артып, құқықтарының тапталмайтынына сенім білдіре отырып, еліміздің жарқын болашағы үшін жаңа сайланған Мемлекет басшысын қолдайық дегім келеді. Қашанда тұрақтылық пен татулықты, береке мен бірлікті қадірлеген қазақ халқының ертеңі жарқын, еңсесі биік, тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Жаңа сайланған Президентіміз Әділетті Қазақстан құрып, елді одан әрі дамытып, әлемге танытсын!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button