Ауыл

Серіктің жылыжайы

Сарыжар ауылының тұрғындары қыстай «Әділ» шаруа қожалығындағы жылыжайдың өнімдерін тұтынады. Кәсіпкер Серік Исманов 2019 жылы Сарыжар ауылынан 3 гектар жер алып көкөніс егуді бастапты. Бір жыл өткен соң  аумағы 1 гектар болатын жылыжай салып, баклажан мен бұрыш екті. Ал жазда  даладағы 2 гектар жерге қияр мен қызанақ егеді. Қазіргі таңда 10 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Әр адамға күніге 5 мың теңге қолма-қол төлейді. Жылыжайдың жалпы құны — 90 миллион теңге. Кәсіпкер мұндай ірі жобаға қаражатты өз қалтасынан шығарған. Ауыл шетіндегі жылыжай аумағында жұмысшыларға арнап үйде салып берген.

Жылыжай жылына 2 рет өнім береді. Тамыз айында екінші маусымы егілген жылыжайдың бақшасы қазір пісіп тұр.

Өнімімізді 4-5 күн сайын жинағанда тоннадан төмен болмайды. Кейде тонна жарымға дейін аламыз. Бақша 4-5 айдан кейін өнім бере бастайды. Мысалы, қазір пісіп тұр. Ақпан айына дейін жинаймыз. Өнімімізді облыс орталығындағы «Анвар», «Дина» сауда дүкендерінің көтерме базар қоймасына тапсырамыз. Ал аудан, ауылдағы дүкендер жылыжайдан тікелей алады, — дейді жылыжай басшысы.

Кәсіпкер мемлекеттік бағдарламаға қатысып, несие алып, жылыжайдың аумағын тағы 1 гектарға кеңейткісі келеді.

Сарыжар ауылдық округінің әкімі Бақытжан Мулкаевтың айтуынша, округте 50 шаруа қожалығы бар. Мал, егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының өнімі жергілікті тұрғындарға арзан бағаға сатылады. Биыл облыс орталығында қарбыздың келісі 100 теңгеден түскен жоқ. Кей жерде 150 теңгеден сатылды. Ал сарыжарлықтарлық бақша иелері ауылға келісіп 30-40 теңгеден  сатқан. Қала дүкендеріндегі келісі 200 теңге тұратын қызанақ Сарыжарда 120 теңгеден аспады. Жергілікті кәсіпкерлер ауылға бақша өнімдерімен қоса, мал азығын нарықтағы бағадан 20 пайыз төмендетілген бағамен ұсынады. Қала іргесіндегі ауылдың даму перспективасы өте жоғары. Мектеп жасындағы балалар мыңнан асады.  —  — Жылына 30 үй салынады. Көшіп келушілер көп.  Соңғы 3 жылда тұрғын үй салуға 700 жер телімі берілген. Жердің кезегінде 1800 адам тұр. Қазірдің өзінде тұрғын үй саны 1100-ге жетті. Сарыжардағы екі мектепте оқушылар екі ауысыммен оқиды. Тұрғын санына шаққанда мектеп аздық етіп тұр. Сондықтан тағы  бір мектеп салуды жоспарлап отырмыз,— дейді ауыл әкімі.

Сарыжар ауылында 4 балабақша бар. Алайда балабақшада орын жетіспушілігі байқалады. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, тағы 2 балабақша керек. Өйткені жылына 120-150 бала дүниеге келеді екен. Округте 6 мыңға жуық халық тұратынын ескерсек, тағы бір аурухана салу күн тәртібіне шығады. Ауылдағы 2,5 мың адамды қабылдайтын аурухананың жүктемесі 2 есе көбейіп тұр.

Жұмыс көзі көп, өнімі арзан, өмір сүруге қолайлы ауыл кәсібімен ажарлы.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button