Әлеумет

Саяжай баспана бола ма?

Саяжай — маусымдық жұмыстарға арналған жер. Қыс пен көктемде мұнда тұру өте қауіпті. Сондықтан оны тұрғылықты мекен-жай етуге болмайды. Жер Кодексіне сәйкес, тиісті мақсатта пайдаланылмаған жер жекенің иелігінде болғанға қарамастан мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы жақында қала әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен жиында жан-жақты айтылды.

Сонымен…

 

Алданып қалмау үшін, жер актісін қараңыз

 

Саяжай қала тұрғындарының көктемнен күзге дейін өнім егіп, күту, баптау, өсіру, жинау жұмыстарына арналған жер. Мұнда халық түпкілікті қоныстануына мүлде болмайды. Бау-бақшаларда тұрақты тұру адам өміріне қауіп. Саяжайлардың барлығы өзеннің жағалауында салынғандығы белгілі. Апат айтып келмейді демекші, көктемгі су тасқыны кезінде оларды су басып қалмауына кім кепіл? Қыста қаладағы тұрғын үйлер мен мекемелер жылумен қамтылады. Жылу беру маусымы аяқталған соң ғана бау-бақша ұжымдарына жылу беріледі. Қыс мезгілінде саяжайлардағы тұрғындар баспаналарын өздері жылытуға мәжбүр. Мұндай жағдайда өрт шығу қаупі де бар. Саяжайларда қыс айларында жарық та, жол да болмай қалуы мүмкін. Егер біреу сырқаттанып қалса, жедел жәрдем көлігі де бара алмайды. Сондықтан, азаматтар өз бастарына, отбасы мүшелеріне қиындық, қауіп-қатер тудыратын мұндай жерлерде ұзақ уақыт тұрмауы тиіс, — дейді қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бастығы Бөкей Біртай.

Соңғы жылдары саяжайды мекендеушілер көп. Әсіресе, ауылдардан, көрші облыстар мен жақын шетелдерден көшіп келушілердің көпшілігі саяжайларда қоныстанып жатыр.

Расын айту керек, ауылдан көшіп келген кейбір азаматтар жерді сатып алғанда алданып қалады. Шаруашылықтар үшін берілген жерлерді кейбір пысықайлар бөліп-бөліп арзандау бағаға сатып жібереді. Алданып қалмау үшін  алдымен жер актісіне мұқият қарау керек. Онда жердің қандай мақсатта берілгендігі анық көрсетілген. Мысалы, жер актісінде жеке шаруа қожалығы үшін немесе тұрғын үй салуға деп көрсетіледі. Ал көпшілік бұған мән бермей, жерді сатып алады. Шаруашылық үшін берілген жерге тұрғын үй салуға рұқсат етілмейді. Сосын әуреге түседі, — дейді Бөкей Біртай.  Ол жиын барысында саяжайлардағы тұрғын үй үшін пайдаланылған құрылыс материалдарының талапқа сай келмейтіндігі туралы да айтты.

Сапасыз материалдардан, саманнан, қамыс тақталарынан салынған үйлер бар. Мұндай құрылыс материалдарынан үй салуға рұқсат берілмейді.  Салынғанның өзінде пайдалануға келісім берілмейді, тіркелмейді, есепке алынбайды. Саяжайдан жер сатып алғанда алдымен салынатын құрылыстың жобасын бекітіп алу керек. Бұл жоба құрылысты салуға ғана рұқсат етеді. Бірақ, тұрғын үй ретінде тіркеліп, есепке алынбайды. Сондықтан, бау-бақшаға арналған жерлерге босқа шығындалып, үлкен құрылыс жүргізбеген дұрыс. Себебі, тұрғын үй салуға рұқсат етілмегендіктен, бәрібір еңбек зая кетеді, — дейді Бөкей Біртай. Қаланың бас сәулетшісі сөз еткен мәселенің бірі — инфрақұрылым.

— Халық саяжайларда заңсыз қоныстанғаны өз алдына, жергілікті билік өкілдерінен инфрақұрылым  болуын талап етуде. Талапты орындау мүмкін емес. Негізі, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда саяжайларды жеке тұрғын үй массивіне аударуға болатындығы жазылған. Бірақ, ол үшін алдымен үлкен жобалар жасалу керек. Мысалы, 140 орындық балабақша құрылысы үшін кем дегенде 0,5 гектарға жуық жер қажет. Ал 360 орындық мектеп салу үшін қажетті жер көлемі —  2 гектар. Бұдан бөлек, қызмет көрсететін орталықтар үшін де жер қажет. Мұның бәрін есептегенде, саяжайдың 40-50 пайызын қысқарту керек. Ал бұған саяжай тұрғындарының, саяжай иелерінің ешбірі келіспейді, — дейді қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бастығы.

 

Жер және Заң

Жерді мақсатсыз пайдаланғандарға заң бойынша қандай шара қолданылатындығы туралы қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Нұрлан Наурызбаев былай дейді:

— Жер Кодексінің 92,93, 94-баптарында жерді тиімді пайдаланбаған жағдайда қандай шара қолдану керектігі нақты жазылған. Мысалы, 92-бапта былай көрсетілген: «Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне не тұрғын үй құрылысы мен өзге де құрылысқа арналған учаске, егер Қазақстан Республикасының заңдарында неғұрлым ұзақ мерзiм көзделмесе, бiр жыл iшiнде тиiстi мақсатында пайдаланылмаған жағдайларда, жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкiн». Бұл кезеңге учаскенi игеруге қажеттi уақыт, сондай-ақ табиғат апаттары салдарынан пайдалану мүмкiн болмаған уақыт кiрмейдi.

Тексеру барысында 19 бау-бақша ұжымындағы 400-ден астам жердің пайдаланылмағандығы анықталды.

Саяжайлардағы жұмысты бақылау кезінде кейбір азаматтардың бау-бақша өнімін өндіру үшін емес, жеке кәсіппен айналысқандығы да анықталды. Дүкен ашқандар бар. Берілген жерді өз мақсатында пайдаланбаған азаматтарға Жер кодексінің 93-бабы бойынша шара қолданылады. Яғни, жер меншік иесінен мемлекетке  қайтарылуы мүмкін. 93-бапта бұл туралы былай  жазылған: «…егер учаске нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаса немесе оны пайдалану ауыл шаруашылығы жерi құнарлылығының едәуiр төмендеуiне не экологиялық жағдайдың едәуiр нашарлауына әкеп соғатын болса, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы заңдарында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейiн жер учаскесi меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан алып қойылуы мүмкiн».

Біреудің жеке мүлкі ретінде тіркелгеннен кейін иесіне жазбаша түрде ескерту жасалып, шаруасын түзетуге 1 жыл мүмкіндік беріледі. Егер сол уақытта жерді тиімді пайдаланбаса, онда жер сот арқылы мемлекетке қайтарылады.

 

36 мың тонна көкөніс керек

 

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Кәдірбек Мерқашевтің айтуынша, қала маңындағы  бау-бақша ұжымының саны — 360. Серіктестік мүшелерінің әрқайсысына шамамен 6 сотықтан 12 сотыққа дейінгі жер тиесілі.

Жергілікті билік тарапынан тұрғындарды саяжайларға тасымалдау үшін автобус бөлініп отыр. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, тегін қатынауына мүмкіндік берілді. Бау-бақшаларға газ құбырына дейін жүргізіп берілді. Электр желілері де тартылды.

Ұжым төрағасы — өзі басқарып отырған саяжай серіктесігіне жауапты. Яғни, жұмысты жандандыру үшін қажетті жарналық ақша жинау және керекті жабдықтарды сатып алып, тұрғындарға жұмсалған ақшаның есебін беруге міндетті. Дегенмен, кейбір саяжай серіктестіктері жұмысты жүйелі жүргізіп жатқан жоқ. Мысалы, «Ұстаз», «Алма бағы», «Светлый сад», «Айболит», «Актюбгражданпроект», «Қара алтын», т.б. саяжайларда қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Мұндағы бау-бақшалардың бәрінде бірдей көкөніс өсірілмейді де.  Саяжайлардың реттік номері де көрсетілмеген, — дейді Кәдірбек Мерқашев. Оның айтуынша 1 адамға 1 жылға 90 килограмм көкөніс керек екен.

Қалада 408 мың тұрғын бар екендігін ескерсек, қала тұрғындарының сұранысын өтеу үшін 36 мың тонна көкөніс қажет. Ал оны тек қана бау-бақша серіктестіктерімен, қаланың маңындағы ауылшаруашылығы құрылымдарымен толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан, көкөністің 40 пайызын сырттан әкелуге тура келеді, — дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы.

 

Жиын соңында қала әкімі Архимед Мұхамбетов жермен жердің бабын білетін адамдар жұмыс істегенде ғана жұмыстың нәтижелі болатындығын, бұл ретте көп шаруа бау-бақша серіктестіктері төрағаларының ұйымдастырушылық қабілетіне, іскерлігіне байланысты екендігін айтты. Сонымен қатар, саяжай тұрғылықты мекен-жай болмайтындықтан, ондағы баспаналар табиғаттың тосын мінезі салдарынан апатты жағдайға ұшыраса, мемлекет тарапынан өтемақы төленбейтіндігін қадап айтты. Және құзырлы мекеме басшыларына саяжайлардағы шаруаны түзетуге, мақсатсыз пайдаланылған жерлерді тізімге алып, иелеріне шара қолдануға байланысты нақты тапсырмалар берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button