Мәдениет

Сәукелелі арулардың өнері

Қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйі есту мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Сәукелелі ару» атты байқау ұйымдастырды.
Биыл қазақ саңыраулар қоғамына — 85, қалалық қазақ саңыраулар қоғамы мәдениет үйіне 45 жыл толып отыр. Байқаудың негізгі мақсаты — есту мүмкіндігі шектеулі жандардың ерік-жігерін арттыру.
Ауқымды іс-шарада Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан және Ақтөбе қаласынан келген 10 өнерпаз бақ сынасты.
«Қыздар сұлу көрінер сәлемімен» кезеңінде қатысушылар өздерін арнайы әзірлеген бейнематериал арқылы таныстырды. Екінші кезеңде өз өнерін ортаға салса, үшінші кезеңде өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын қазылар алқасының назарына ұсынды.
Соңғы екі кезеңде ұлттық киіммен сән үлгісі көрсетілді. Осылайша ең үздік сәукеле иегерлері анықталды. Шетінен сұлу қыздар өнерімен талайды тамсандырды.
— Мен көптеген байқауларға қатысу арқылы өз өнерімді шыңдап келемін. Мәселен, жуырда облыстық «Жас талант» байқауына қатысып, жүлдегер атандым. Бос уақытымда қолөнермен айналысып, түрлі бұйымдарды тоқығанды жақсы көремін, — деді байқау қатысушысы Жаңагүл Қадыр.
Байқаудың нәтижесінде 3-орынды қызылордалық Жаңагүл Кәдір, 2-орынды Дана Нұрболат, 1-орынды ақтөбелік Дана Мұхамбетиярова иеленді. Бас жүлде атыраулық Қаракөз Маратқа бұйырды. Басқа қатысушылар ибалы ару, сымбатты ару және тағы да басқа номинациялар бойынша марапатталды.
Байқаудың қорытындысы мерекелік концертке ұласты.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button