Спорт

Спорттың серкесі мен еркесі

Өткен демалыс күндері Жастар спорт кешенінде қазақ күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері, спорт шебері Ғалымжан Байниязовты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Бар болғаны 19 жасында бақилық болған палуанның құрметіне ұйымдастырылған біріншілікке Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен бірқатар аудандардың командалары және Ғ. Байниязов туып-өскен Әйтеке би ауданы Аққұм ауылының жасөспірімдер құрамасы белсене қатысты.

Турнирді ұйымдастыруға ұйытқы болған Ғалымжанның әкесі қазақ күресінің бапкері Әміржан Байниязовтың жора-жолдастары, туысқандары, жерлестері мен палуанның бапкерлері Орынбасар Жолмағамбетов, Сәндібек Ахетовтер екен. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ ұлттық спортымыздың туын көкке көтеріп, аудандық, облыстық жарыстар мен ел көлемінде, халықаралық деңгейде  өткізілген біріншіліктерде атой салған Ғалымжанның жалғыз арманы туралы бұл жарыс кезінде жиі айтылды. Қазақша күресті олимпиада ойындарының қатарына қосып, соның шыңын бағындырсам деген асқақ ойлы жігіт былтыр ғана боз кілемнің үстінде ажал құшқан еді. Бұл қайғы кім-кімге де оңайға соқпаса да, кешегі жарыстарда ұйымдастырушылар Ғалымжанның орнын жоқтатпай, тек оның ізбасарларына жол ашу жағын қамтуға тырысты.

1994-1996 жылдары туған жасөспірімдер де Ғалымжан ағаларының қолы жетпеген биіктіктерді бағындыруды мақсат еткендіктерін көрдік. Әлқисса, жарыстың барысын баяндасақ…

Алдымен, ашылу салтанатына көрермен жамағаттың иін тіресе жиналғандығын атап өткен жөн. Осы шарада сөз алған Ғалымжанның атасы, ардақты ұстаз, Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Айдархан Байниязов балғын жеткіншектерге сәт сапар тіледі. Мұнан соң облыстық олимпиада ізбасарларын даярлау орталығының директоры Асхат Шахаров, Әйтеке би ауданының делегациясын бастап келген аудан әкімі Есімхан Есенбаев, суретші Сағынтай Әлімбетовтер жарысқа қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді. Ресми ашылған соң, қаладағы дәмханалардың бірінде палуанға арнап ас берілді.

Сонымен, жарысқа жиылған 250-ге жуық палуанның мықтылары алғашқы күнгі іріктеулерде сұрыпталып, ақтық кезеңге жолдама алып жатты. Олардың жеңіске деген құлшыныстары мен ұмтылыстары қазақ күресінің болашағының баянды боларын көрсетіп отырса керек. Әсіресе, жарыс төрешілерінің қатарында қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы, осы жарысты ұйымдастыруға барын салған Бақтыбай Қисықовтың болуы спортшыларға тың серпін бергені рас.

Сөйтіп, екі күнге созылған дүбірлі спорт бәсекесінің қорытындысы былай өрнектелді:

42 келіде:

1. С. Рашит (Аққұм)

2. Ж. Жетіру (Әйтеке би)

3. С. Аязбаев (Аққұм)

3.  А. Өміралиев (Қызылорда)

46 келіде:

1. Қ. Смағұл (Аққұм)

2. Р. Рантаев (Қызылорда)

3. Т. Қанаев (Жаңаөзен)

3.  Т. Рақымбеков (Қарағанды)

51 келіде:

1. Д. Төлеуов (Атырау)

2. Б. Әлжан (Қызылорда)

3. Т. Манат (Аққұм)

3.  Е. Оразбаев (БҚО)

57 келіде:

1. Н. Алдабергенов (Қызылорда)

2. Е. Елегенов (Қызылорда)

3. Д. Әзберген (Әйтеке би)

3.  Т. Жолмұқанов (Байғанин)

64 келіде:

1. Е. Жапсарбаев (Қарғалы селосы)

2. С. Мәулен (Қызылорда)

3. Ж. Бақтыбеков (Ақтау)

3.  Н. Сәлімгереев (Қызылорда)

72 келіде:

1. М. Исағабылов (Қызылорда)

2. Б. Балықбай (Аққұм)

3. З. Қанатұлы (Байғанин)

3.  Р. Төлеухан (Қарағанды)

81 келіде:

1. К. Айдосұлы (Ақтөбе)

2. А. Чапаев (Атырау)

3. Ш. Өмірбек (Қызылорда)

3.  С. Төлегенов (Қызылорда)

+81 келіде:

1. Б. Мұхитденов (Қызылорда)

2. Ұ. Нұранов (Маңғыстау)

3. Т. Сағынтаев (Қарғалы селосы)

3.  Б. Елмағамбетов (Маңғыстау)

Күрес мамандарының айтуларына қарағанда, төл спортымыз облыстың Әйтеке би және Байғанин аудандарында ерекше қарқынмен дамып келеді. Сондықтан болар, ақтық бәсекеде Ғалымжанның ауылдастары, яғни аққұмдықтар жеңіс тұғырына бірнеше қайтара көтерілді. Ғалымжан күрескен салмақта барлық жүлдегерлер сый-сияпаттарға кенелді.

Жалпы, қысқа ғана ғұмырында қазақ спортының тарихына өшпестей із қалдырған палуанды еске алуға арналған турнир өте жоғары деңгейде өтті. Барлық жүлдегерлерге медальдар мен бағалы сыйлықтар тарту етілді. Ұйымдастырушылар жағы Байниязов турнирін дәстүрлі түрде өткізіп тұрмақ ниетте. Бұл ұсыныс көпшіліктің қолдауын тапты.

Д. АҚЖАЛҒАСОВ

***

Футбол

Өзгермеген орындар

Өз алаңындағы соңғы екі ойында «Жетісумен» тең түсіп, «Шахтерден» ұтылып қалған «Ақтөбенің» Өскеменге сапары жанкүйерлерді екіұдай көңіл күйге түсірген еді. Бұл жолы да жерлестеріміз бізді зор қуанышқа бөлей алмады.

Рас, жеңілген жоқ, тең түсті — 0:0. Бірақ оныншы орында келе жатқан «Востокты» көшбасындағылар сапындағы команданың жеңе алмауы аса жетістік те емес.

Егер негізгі себепке келсек, бұл жолы да «Ақтөбе» үнемі шабуылдап бақты, ал өскемендіктер қорғана білудің жақсы үлгісін көрсетті.

Бір қызығы, турнир кестесін бастап келе жатқан төрт команданың ешқайсысы да жеңіске қол жеткізе алмады.

Соңғы үш тур бойы жеңіске жетіп келе жатқан «Локомотивті» өз алаңында «Атырау» қабылдаған болатын. Бұлар да бір-бірінің қақпасының кілтін таба алмады — 0:0.

Осылайша бір турдағы екі бірдей 0:0 есебі алғаш рет есепке алынды.

Ең көп гол Қарағандыда соғылды. «Шахтер» өзінен бір саты ілгері келе жатқан «Жетісуді» жеңе алған жоқ — 3:3. Сөйтіп турнир барысында бір матчта екінші рет алты гол соғылды.

Павлодарда «Ертіс» жанкүйерлерін риза етті. Тартысты өткен ойында қостанайлық «Тобылды» 3:2 есебімен ұтты.

Сәуір айының ортасына дейін дерлік көш соңында салпақтап келген шымкенттік «Ордабасының» соңғы ойындары қай қарсыластарын да ойландыратын шығар. Өткен үш турда «Шахтерді», «Востокты» (сырт алаңда), «Қайратты» жеңген олар бұл жолы Қызылордада да басым тұғырға шықты, «Қайсарды» 2:1 есебімен ұтты.

Алматыда «Қайрат» ақыры қайрат көрсетті, чемпионат басталғаннан бергі екінші жеңісіне әупірімдеп қол жеткізіп, «Таразды» тықсырды — 1:0.

Премьер-лиганың 9-турының нәтижелері бойынша алғашқы сегіз орын иелері өзгеріссіз қалды:

«Локомотив» (20 ұпай), «Жетісу» (18), «Шахтер» (17), «Ақтөбе» (17), «Ертіс» (16), «Ордабасы» (15), «Тобыл» (11), «Атырау» (10).

Тоғызыншы орынға 8 ұпаймен «Қайрат» көтерілді.

«Восток» 7 ұпаймен сол бұрынғы оныншы орнында қалды.

6 ұпайы бар «Тараз» өз орнын «Қайратқа» беріп, енді он бірінші орынға түсті.

Он екінші орында қатарынан төртінші рет жеңіліске ұшыраған, бұрынғыша 5 ұпайы бар «Қайсар» тұр.

Қорытындылап айтар болсақ, бұл тоғызыншы турда екі-ақ команда орындарын өзгертіпті: «Қайрат» қана ілгерілеп, «Тараз» ғана шегініпті.

Соңғы төрт турда 12 ұпай жинаған «Ордабасының» турнир кестесінің орта шеніне мығым орналасып алғаны шымкенттіктерді шынымен сүйсіндірген, басқа командалардың жанкүйерлерін расымен қызықтырған қадам болып тұр.

  • «Ақтөбе» келесі ойынын 7 мамыр, сенбі күні өз алаңымызда «Қайратпен» өткізеді. Бұл жолы үш ұпай олжалаудың реті келетін-ақ шығар.

Бірақ біздің алдымызда келе жатқан үш команда да қарсыластарын өз алаңдарында қабылдайтынын және ұмытуға болмайды.

Сонымен 7 мамырда тамашалайтын матчтарымыз: «Локомотив» — «Ертіс», «Жетісу» — «Тобыл», «Шахтер» — «Восток», «Ордабасы» — «Атырау», «Тараз» — «Қайсар».

  • Ең көп гол соққан команда — «Ертіс» (17 доп).

Қақпасына ең көп доп жіберген команда — «Қайсар» (20 доп).

«Ақтөбенің» көрсеткіші: 5 ұтыс, 2 тең ойын, 2 жеңіліс, доптар: +12-7.

  • Мергендер көшінің басында 6 доппен бұрынғыша Марат Хайруллин («Ақтөбе») тұр. 4 голдан соққандар — Серікжан Мужиков («Жетісу»), Анатолий Дорош («Ертіс»), Таңат Нөсербаев («Локомотив»), Дәуренбек Тәжімбетов («Ордабасы»). З доптан соққан он футболшының бірі — біздің Сергей Лисенков.

Е.АҚАТҰЛЫ.

***

Спартакиада

Енді екі кезең қалды

Шалқарда ІІІ аудандық ауыл жастарының спартакиадасы басталды.

Жарыста сайыскерлер волейбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, гір көтеру, қол күресі бойынша бақ сынасуда.

Биылғы спартакиаданың алғашқы аймақтық кезеңі Кішіқұм селолық округінің орталығы Шілікті ауылындағы Тоғыз орта мектебінде өтті. Жалпы командалық есеп бойынша І орынды Шалқар селолық округі жеңіп алды. Кішіқұм селолық округі ІІ орынды, Тоғыз селолық округі ІІІ орынды иеленді.

Екінші аймақтық жарыс Есет Көтібарұлы селолық округінің орталығы Байқадам ауылындағы Қорғантұз орта мектебінде өтіп, жалпы командалық есеп бойынша Жаңақоныс селолық округі жеңімпаз атанды. Бозой селолық округі мен Есет Көтібарұлы селолық округі жүлделі орындарға ие болды.

6 мамыр күні спартакиаданың үшінші аймақтық жарысы Біршоғыр ауылында, ал аудандық ақтық кезең 13 мамыр күні Шалқар қаласындағы №1 орта мектепте өтеді.

С. МҰХАМБЕТСАДЫҚҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button