Мәдениет

Жас көрерменге — жаңа туынды

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында І республикалық балалар мен жасөспірімдерге арналған драматургиялық шығармалар байқауы қорытындыланды.

Байқау биылғы Балалар жылына орай облыстық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылды. Байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған, театр сахнасында қойылмаған, сонымен қатар заңды және жеке тұлғалар сатып алмаған қазақ және орыс тілдеріндегі түпнұсқа пьесалар қабылданды. Сарапшылар бұл шығармалармен автордың аты-жөні көрсетілмеген сандық ретпен танысты.

Байқауға 31 шығарма келіп түскен. ​​​​Соның 16-сы балаларға арналған, ал 15-і — жасөспірімдерге арналған пьесалар.
Өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының доценті Амангелді Мұқан төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен, 5-10 жас аралығындағы балаларға арналған ертегі номинациясы бойынша І орынды астаналық Шыңғыс Маман («Арман әлемі» ертегісі) иеленді. Ақтөбелік Ақмарал Әбдіқалық («Аяз би» ертегісі) — ІІ орынға, ал алматылық Евгений Дубовик («Алдар Көсе — Безбородый обманщик») ІІІ орынға лайық болды.

Ал жасөспірімдерге арналған драма номинациясы бойынша алматылық Мия Алғожаева («Жаңғырық» драмасы) жеңімпаз атанды. Ақтөбелік Наурызбай Асылбеков («Түнгі фонарь») ІІ орын алса, қызылордалық Мөлдір Айтбай («Соңғы аялдама») ІІІ орынға ие болды.

Марапаттау салтанатында өнертанушы Амангелді Мұқан: «Мұндай байқаулар бұрын тек министрлік арқылы ұйымдастырылып келді, ал бұл жолы облыстық әкімдіктің қолдауымен өтуі үлкен жаңалық болып отыр. Мен, ең бастысы, байқау жүлдегерлерінің шығармалары сахналанып, өз көрермендерін табады деп үміттенемін», — деді.

Алдағы уақытта байқауда үздік деп танылған шығармаларды жас көрермендер үшін театр репертуарына енгізу де көзделіп отыр.

Сағадат ОРДАШЕВА,

облыстық мәдениет, архивтер

және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button