Ауыл

Қос ауылдың қуанышы

Конституция күніне орай Ойыл ауданындағы Көптоғай ауылдық округіне қарасты Қарасу және Шұбарши ауылдарында шағын футбол алаңдары ашылды.

Спорт алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Асқар Қазыбаев қатысып, барша ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтады. Ел игілігі үшін ауданда атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.

Сондай-ақ шарада ауыл ақсақалдары мен спорт саласының ардагерлері тұрғындар атынан ыстық ықыластарын жеткізіп, ақ батасын берді.

Салтанатты шара соңы шағын футболдан ауыл жастарының жолдастық турниріне ұласты.

Айта кетейік, биыл дәл осындай шағын футбол алаңы Екпетал, Ақкемер, Шиқұдық елді мекендерінде де салынып, спортсүйер қауымның игілігіне берілді.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл ауданы.

Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт

ОЙЫЛДАҒЫ БАСҚОСУ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасын іске асыруды тапсырғаны белгілі.  Осы жобаны іске асыру мақсатында арнайы жол картасы әзірленіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен елдің барлық өңірінде түрлі форматта іс-шаралар өткізіліп жатыр. 

Бұл ретте Ойыл ауданына жұмыс сапарымен келген облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандары, аналар кеңесінің төрайымы Жұмабике Қалиева, облыстық аналар кеңесінің жұмысын үйлестіруші Рауза Серғалина, жас аналар кеңесінің жетекшісі Бақытгүл Жетесовалар «Ел анасы» атты жиын өткізді.

Іс-шара алдымен аудандағы қолөнер шеберлерінің көрмесімен басталды. Сондай-ақ «Ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлер» фотогалереясы ұсынылды.

Ойыл аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айсұлу Мамбетова аталған жоба аясында атқаралып жатқан жұмыстарды арнайы әзірленген слайд арқылы таныстырып өтсе, Қобда аудандық аналар кеңесінің мүшесі Назила Алдырбекова аналар кеңесінің атқарылған кешенді жұмыстары туралы баяндады.

Кездесу соңында облыстық аналар кеңесінің төрағасы Жұмабике Қалиева ұрпақ тәрбиелеудегі ең өзекті мәселелерді айтып, аналар кеңесіның ұрпақтың, ұлттың болашағы үшін еңбек етіп келе жатқанын жеткізді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button