Көненің көзі, жақсының ізі
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы қастерлі мұраның бірі тобы — қазақтың ағаш шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар.
Отарлық замандағы «орыс болмаса, қазақ ешқашан да адам қатарына қосыла алмас еді» деген «насихаттың» шектен асқаны соншалық, бұрынғы қазақты өзге емес, өзінің ұрпағы да тек малдан басқа ештеңе көріп-білмеген жұрт секілді қабылдайды. Ондай пікірлер әлеуметтік желіде де, күнделікті әңгімеде де кездеседі. Мысалы, өз өлкеміздің әр жеріндегі қазіргі сирек ормандардың тарихын да орыстың келуімен байланыстырып, «баяғыда орыстар келіп еккен ормандар ғой, қазақтар орман көрмеген» — деп білгішсініп, дес бермейтіндер бар.
Зер салсақ, Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» топтамасындағы:
«Ағашта өзің білген қарағай, тал,
Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар.
Долана, ұшқат, жөке, ырғай, арша,
Ақсасық, қызыл қайың, барша, шынар.
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, шырғай, балғын, тораңғылар.
Сарыағаш, қой қарақат, жиде, шетен,
Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар,
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік
Сықылды ағаштардың талайы бар», — деген он жол жырдың өзінде отыз шақты ағаш пен бұта атаулары жүр екен. Жетісудың жөні, әрине, бөлек, дегенмен қазақтың қай өлкесі де орман-тоғайдан жұрдай емес. Тіпті ағаш шеберлері өздеріне қажетті және жердің табиғатын да өгейсінбейтін ағаш түрлерін отырғызып, бау да өсірген. Бірақ ол баулар кейінгі тың игеру, мақта егу, т.б. науқандар кезінде жойылып кеткен.
Қазақтың ұсталары темірден түйін түйген секілді, ағаштан да өте көп бұйым әзірлеген. Жайлаудағы киіз үйінің кереге, уық, шаңырағы, есігі, ішіндегі жиһаздары, жазғы арбасы мен қысқы шанасы, баласының бесігі, ағаштан жасалатын сандаған ыдыс-аяқ түрлері мен музыкалық аспаптар — осының бәрін қазақ сырттан алмаған, өз ортасынан шыққан шеберлер әзірлеп берген.
Ағаш ұсталарының өздері, нақты қай кәсіпке көбірек машықтануына қарай, үйші (киіз үйдің сүйегін жасай алатын шеберлер), арбашы немесе балташы (арба, шана, қайық жасайтын шеберлер), оймашы (беті өрнектелетін жиһаз жасаушы шеберлер), т.б. болып бөлінген.
Сөзіміздің басында айтқандай, облыстық тарихи-өлкетану музейінде ағаш ұсталарының қолынан шыққан, жай ғана бұйым емес, өнер туындысы деуге лайық сан алуан жәдігер сақтаулы. Біз солардың ішінде қазақ тұрмысында ең көп қолданылған және бүгінге дейін қолданыстан шықпаған жиһаз түрі — сандықтарға қызығушылық танытқан едік:
— Біздің қорда әр кезеңде, облысымыздың әр өңірінен тапсырылған 20-дан астам сандық бар. Сандықтардың өзі сан түрге бөлінеді: кебеже, қол сандық, шай сандық, әбдіре, жағылан… Мысалы, кебеже сандықтар азық-түлік сақтауға арналып, түрлі зиянкес жәндіктер кіріп кете алмайтындай, өте берік жасалады. Музейде Айдос Мұратов, Темір Аманшиев, Құрманалы Асанов, Қуандық Жұбаниязов және басқа да шеберлердің қолынан шыққан кебежелер сақтаулы, — дейді музейдің қорларды ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі Жаңылған Данабаева.
Кебеже — өте көнеден келе жатқан бұйым. Ол қазақ жерінің қай өңірінде де кеңінен тараған. Азық-түлік сақтауға арналғандықтан, шеберлер кебежені жасауға өте-мөте мұқият қараған. Тіпті дайын болғаннан кейін, ішіне су құйып қарайтын болған: су тамшылап, сыртқа ақпаса — еш саңылауы жоқ, құрт-құмырсқа кіріп-шыға алмайды, демек сатып алуға болады деген сөз. Кебеже әр үйге міндетті түрде қажет, кең қолданыстағы жиһаз болғандықтан, шеберлер оны тапсырыссыз-ақ жасап, іздеушінің алдынан дайын етіп қояды екен.
Музейде сақтаулы кебежелердің бірін 2010 жылы Ақтөбе қаласындағы Жаңақоныс ауылының тұрғыны Рау Ыбыраев тапсырған. Жәдігер «Болашаққа мұра» акциясының аясында тапсырылған екен. Тапсырушының дерегі бойынша, ол — ХІХ ғасырдан сақталған жиһаз.
Кебежелердің бірқатары Шалқар ауданынан жиналыпты. Бұлар — өткен ғасырдың 30-жылдарында жасалған дүниелер. Мысалы, 1935 жылы Құрманалы Асановтың қолынан шыққан кебеже оның қызы Айшаның үйінде сақталып келіпті.
Шай сандықта шай және тәттілер сақталған. Ыдыс-аяқ сақталатын, қазіргі шкаф тәріздес жиһаз асадал деп аталған. Музейдің этнография залындағы киіз үйдің ішінде Айдос Мұратовтың қолынан шыққан, алдыңғы беті ою-өрнекті, жасыл, қызыл, сары бояулардың ізі сақталған асадал да тұр.
Ал жағылан сандықта, әдетте, киім-кешек, әшекей заттар тұрады. Қалыңдықтың сандығын ашу салтында осы жағылан ашылатын болған. Сондықтан оны былғары, сүйек, күміс, жез секілді материалдарды пайдаланып, ерекше әдемілеп, байлар жағы тіпті қымбат асыл тастармен әшекейлеп жасатады екен. Жағыланның ең жоғары бетіне қымбат мата бүктеп салынып, сандық ашылған кезде оны құрақтап, «жұғысты болсын!» деген тілекпен тойға қатысқан әйелдерге таратады. Шебер әйелдер мұндай мата бөліктерін текке қалдырмай, құрақ көрпе тіккен.
Музейге тапсырылған сандықтардың бәрін де бірдей шеберлерінің аты-жөні сақталмаған. Әсіресе, өткен ғасырдың 40-70-жылдарында тапсырылған жәдігерлердің бір бөлігін кім жасағаны белгісіз. Шағын келгенмен сырттары сүйектеліп, әсемделген сандықтардың да кімнің қолынан шыққаны жөніндегі дерек, өкінішке қарай, қалмапты.
Дерегі жақсырақ сақталған шебердің бірі — Айдос Мұратов (1881-1970 жж.). Жаңылған Данабаеваның айтуынша, музей қорында оның қолынан шыққан көптеген дүниелер бар. Ол Шалқар өңірінде өмір сүрген. 1991 жылы Айдос Мұратовтың туғанына 110 жыл толуына орай, музейде оның дербес көрмесі де ұйымдастырылған.
1992 жылы Ақтөбе жеріндегі Тәуелсіздік тойы сынды ерекше рухпен өткен Есет батыр Көкіұлының 325 жылдық тойында да киіз үйлердің ішін безендіру үшін музей қорындағы Айдос Мұратовтың мұрасы пайдаланылыпты.
Музейдегі ағаш бұйымдардың, соның ішінде сандықтардың бірнешеуі Суретшілер одағының мүшесі, қолөнер шебері Қуандық Жұбаниязовтың қолынан шыққан. Оның жасаған дүниелерінің ерекшелігі — бояусыз, сырсыз келетіні. Бұған байланысты біздің пікірімізді білдіруге белгілі шебер Атанбек Нәлібаевтың «Ағаш ою» атты еңбегіндегі мына сөздері дөп келеді: «Тумысында қазақ ұсталары ағашты әсіре жылтыратуға, алабажақтап бояуға әуес болмаған. Себебі қазақтың ұлттық өрнектері негізінен ауқымды, көрнекті келеді. Сонан соң өрнек пен өрнек бірінен-бірі бөлектеніп тұратындықтан, оюлардың нақышы дараланып, сәнді көрінеді де, қосымша боямалап, әрлей түсуді қажетсінбейді».
Қазақ шеберлері жиһазды әсемдегенде, ою-өрнекті оңды-солды қолданбай, олардың көлемі, түрлері, бұйымның нендей материалдан жасалғанын ескеру, т.б. жайттарға барынша мұқият қараған. Өрнектер геометриялық, зооморфтық, өсімдік тектес, ұласымды өрнек, қиял-ғажайып өрнектері болып бөлінген. Музей қорындағы сандықтардың қай-қайсысы да — жарасымды өрнектелген, сыры да, сыны да кете қоймаған дүниелер.
Кей сандықтарда тұтынған иесінің аты-жөні сақталып қалыпты. Олардың ішінде Ырғыз уезі, Қабырға болысының басқарушысы, Алаш партиясын құруға атсалысқан қайраткер Ораз Тәтеұлының (1856-1917 жж.) сандығы бар. Бүгінгі күні музейдің өзі осы Ораз Тәтеұлының есімін иемденген көшеге орналасып отыр…
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.