Тұлға

Өнегелі өмір

  • Тағзым

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткен, оқу орнындағы оқытушылардың ғылыми дәрежесін көтеруге сүбелі үлес қосқан профессор, ғалым-педагог, білікті маман Қыдырқожа Жаманқұловты көпшілік жақсы таниды.

Қыдырқожа Жаманқұлов 1940 жылдың 5 шілдесінде бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген.
Қыдырқожа Абдолкәрімұлы орта мектепті үздік аяқтаған соң үйдің іргесіндегі педагогикалық институтқа түспей, өзіне таңсық, елден жырақ, сол кезде қатынас жағы да қиын Ақтөбе қаласына оқуға келеді. Оқу үздігіне конкурстан өту аса қиындық туғызбайды, қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, емдеу факультетінің студенті атанады. Ол жылы, нақтырақ айтсақ, 1958 жылы Ақтөбе медицина институты жаңа ғана ашылып,  екінші мәрте студенттерді қабылдап жатқан кезі болатын.
Алғашқы курс қиындықтарын жеңе білген Қыдырқожа Абдолкәрімұлы сол жылғы сессиядан бастап үздік студенттер қатарына қосылады. Сол үрдіс жалғасып, алты жылда емдеу факультетін үздік аяқтайды. Осыған байланысты болашақ маман ретінде бірден госпитальды терапия кафедрасының клиникалық ординатурасына қалдырылады. Оны аяқтаған соң, екі жыл ассистентік қызмет атқарады. Бұдан кейін Дондағы Ростов мемлекеттік медицина институтының мақсатты аспирантурасын аяқтап, кандидаттық диссертация қорғайды.
1971 жылы Alma mater аясына қайтып келіп, ішкі аурулар пропедевтикасы кафедрасында ассистенттік жұмысын жалғастырады. Тағы екі жылдай уақыт өте осы кафедраның меңгерушілігі қызметіне тағайындалады. Сөйтіп ол кеше ғана өзі бітірген институтта кафедра басқарған жас мамандардың алғашқыларының бірі атанады.
1974 жылы Қыдырқожа Абдолкәрімұлына доцент атағы берілді. Кандидаттық диссертацияны аспирантурада Ресей ғалымдарының басшылығымен «Гипертония ауруында қан айналым көрсеткіштерінің динамикасы және оның емі» тақырыбында қорғап шығады.
Бұдан кейін жүрек-қан тамыр жүйесінің функциональды зерттеу тәсілдері (ЭКГ, ФКГ, поликардиография, реография және тағы басқалары) Қыдырқожа Абдолкәрімұлына жақынырақ болып, клиникада көргендерін пайымдап, ойлана-толғана жүріп, докторлық диссертацияны қорғау мақсатында көп ізденеді. Бұл әлем деңгейінде жете зерттелмеген, хром қосындыларының адам ағзасына теріс әсері туралы ауқымды жұмыс еді. Кәсіби патологияны зерттеудің өз ерекшеліктері барын ескерсек, жалпы терапиялық патологиямен айналысқан маманға, саланы зерттеуде өз қиындықтары болды. Бірақ еңбекқор, жұмысына тындырымды Қыдырқожа Абдолкәрімұлы бұл жұмысын табысты аяқтап, 1990 жылы Ленинград қаласында докторлық диссертациясын «Хром қосындылары әсерлерінің алғашқы диагностикасы және хром патологиясының алдын алуды клиникалық-гигиеналық тұрғыдан негіздеу» тақырыбында сәтті қорғап шықты. Осы жылдың желтоқсан айында Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алады.
1991 жылдың қазан айында мемлекеттік комитет шешімімен Қыдырқожа Абдолкәрімұлына профессор ғылыми атағы берілді. Аталған жылы институт басшылығы Қыдырқожа Жаманқұловты госпитальды терапия кафедрасының меңгерушілігіне ауыстырды.
Госпитальды терапия ұжымының айналысқан ғылыми тақырыбы «Жүрек-тамыр жүйесі ауруларының хронотерапиясы» аталды. Бұл жұмыс Мәскеу ғалымдарымен бірлесе орындалып, бірнеше кандидаттық дисссертация қорғалды. Орындалған диссертациялар және ғылыми жұмыстардың нәтижелері Қыдырқожа Абдолкәрімұлын білікті кәсіби мамандар қатарына қосты. Хром өндірісі қызметкерлерінің денсаулығын сақтау туралы оның дәлелді тұжырымы негізінде дәрігерлер, ғылыми қызметкерлер үшін бірнеше әдістемелік нұсқаулар жазылып, олар практикаға енгізілді.
Оның оқу-әдістемелік жұмысқа құлшына кірісуі 1990-шы жылдарда институтта қазақ бөлімінің ашылуынан басталды. Ол кезде болашақ мамандарды қазақша оқыту мүмкіндігі болғанмен, оқытатын оқу құралдары болмады. Соны ескерген Қыдырқожа Абдолкәрімұлына бірқатар энтузиаст әріптесімен қатар ана тілімізде оқу-әдістемелік құралдарды жазуды дереу бастап кетті. Соның айғағы ретінде 1992 жылдан бері әлі күнге дейін пайдаланып келе жатқан, республикамызда тұңғыш рет шығарылған «Ішкі аурулар пропедевтикасы» дәрістер жинағы және 1994 жылы «Терапиялық терминдердің орысша-латынша түсіндірме сөздігі» еңбектері жарық көрген еді. Осындай жетістіктердің арқасында 1995 жылы медицина саласында жоғары көрсеткіштері бойынша Қазақстан медицина ғылымының даму қоры «Авиценна» сыйлығын жеңіп алды.
Келесі жылы Қыдырқожа Абдолкәрімұлы осы бағытты жалғастырып, бас-аяғы отыздан аса оқулықты баспадан шығарды. Солардың ішінде бірнеше томдық «Ішкі аурулар» кітабы (тыныс ағзаларының аурулары, асқорыту ағзаларының аурулары, қан-тамыр жүйесінің аурулары, несеп бөлу және қан түзу аурулары) да бар. Сонымен қатар ол 1999 жылы белгілі Ресей авторлары В.И. Маколкин, С.И. Овчаренко жазған «Ішкі  аурулар» оқулығын қазақ тіліне аударып, 2014 жылы бұл еңбек қайта жаңартылды. Бұдан кейін ол «Ішкі аурулар тестілері және жағдаяттық есептер» және 3 томдық «Медициналық терминдердің энциклопедиялық сөздігі» кітабының аудармаларын да өз оқушыларына ұсынды.

Ал Қыдырқожа Абдолкәрімұлы 2008-2009 жылдары шығарған «Ішкі аурулар» және «Внутренние болезни» оқулықтары бүгінде университетіміздегі терапиялық пәндер оқытылатын барлық курс үшін құнды еңбек ретінде пайдаланылып келеді.
Профессор Қыдырқожа Жаманқұлов білікті, тәжірибелі терапевт-дәрігер ретінде жарты ғасырдай уақыт еңбек етті. Ол «Дәрігерлікке баулитын адам, алдымен өзі білікті емдеуші дәрігер болуға тиіс» дегенді қағиданы ұстанды. Медициналық жоғары оқу орнында клиникалық пәндерден сабақ берушінің жеткілікті еңбек өтілі, біліктілік санаты болуы талқылауға болмайтын басты қағида деп есептеді. Ол «клиникалық пәндерді оқытудың барлық тәсілдері ішінде студентті науқастың төсегі қасында оқыту — оқытудың ең басты тәсілі» деп айтудан жалыққан емес. Ал қалған тәсілдер, оның ішінде инновациялық жаңашылдықтар осы негізгі тәсілді толықтырушы деп түсінетін. Сондықтан оқыту мен емдеу жұмысы маңыздылығын қатар түсінген маман ретінде Қыдырқожа Абдолкәрімұлы күнделікті науқастардың жағдайын бақылауды, ғылыми-практикалық, клиникалық-патологоанатомиялық конференцияларды қалт жібермей, оларды ұйымдастыруға белсене араласты.
Қыдырқожа Абдолкәрімұлының дәрігерлік ғұмыры Ақтөбе медицина институтының қабырғасында өтті. Ол 35 жыл бойы терапиялық кафедраларды басқарды, 150-ден аса ғылыми жұмыс, 30-дан аса оқулық жазды. Оның басшылығымен бір докторлық, он кандидаттық диссертация қорғалды.
1996 жылы профессор Қыдырқожа Жаманқұловтың медицина ғылымындағы үздік көрсеткіштері бағаланып, ол Қазақстан Республикасының Медицина Академиясы ғылымдарының мүше-корреспонденті болып сайланды.
Сондай-ақ республикалық терапевттер ғылыми қоғамының президиум мүшесі, облыстық терапевтер қоғамының  төрағасы, терапевтік пәндердің әдістемелік комиссиясының төрағасы, журналдың редколлегия мүшесі болды.
Қыдырқожа Абдолкәрімұлы облыста медицина саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, облыс әкімдігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, университет басшылығының түрлі марапаттарын иеленді.
Ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым-педагог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Медицина Академиясы ғылымдарының мүше-корреспонденті Қыдырқожа Жаманқұлов қай істе де өзін кәсіби маман ретінде көрсете білді, өз ойын мінбеде ашық айтып, жоғары дәрежелі оппоненттермен пікірлері қайшы келгенде де қаймықпады. Ол ұстаздық жолда жүріп, шәкірттеріне бар бақыт тек еңбек пен оқу-ғылымда екенін дәлелдеді. Бүгінде профессор жүріп өткен жолды Батыс Қазақстан медицина университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы әрі қарай үздіксіз жалғастырып келеді.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің
№2 ішкі аурулар кафедрасының ұжымы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button