Жаңалықтар

Балалар алаңы салынды

«Халықтық бюджет» жобасы

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері «Халықтық бюджет» жобасына қатысып, Батыс-2 ауданында балалар алаңын салуға атсалысты.

Жуырда ғана Батыс-2 ауданы Мәңгілік ел көшесіндегі №16 үйдің ауласында жаңа балалар ойын алаңы салынды. Жалпы ауданы 320 шаршы метр болатын алаң тұрғын үй ауласына сән беріп тұр.

— Зауыт қызметкерлеріне арналған 90 пәтерлі үйдің алдында орналасқан ескі ойын алаңы қауіпсіздік талаптарына еш сәйкес келмейтін. Сырғанайтын төбешіктер темірден жасалған, оның ернеуі де болмады. Төбешіктен сырғанағанда балалар тас төсенішке барып түсетін. Төбешік, футбол алаңы және құмнан өзге ойнайтын ештеңе болмады. Балалар көрші үйлердің ауласына барып ойнап жүрді. Кейде Денсаулық саябағына барғысы келеді, алайда балалардың өздерін жіберуге болмайды, себебі қауіпті. Тұрғындар ортақ чаттарда осы мәселені жиі көтеріп жүрді, — дейді «ERG коммерциялық орталығы» ЖШС сату бөлімінің маманы Рүстем Қурайсов.

Балалар алаңы туралы ойдың жетегінде жүрген Рүстем көп кешікпей «Халықтық бюджет» жобасы жайлы біледі. Содан тұрғындар бірлесіп, әкімдікке қала құрылымын дамытуға қатысты ұсыныстарын береді. Жобаға дауыс беру ұсынылып, үздік деп танылған жоба бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

— Зауытта он шақты команда болды. ERG шақыртуымен Тель-Авив университетінің достары қауымдастығының вице-президенті Сәния Арапова бізге жобалық менеджмент дағдыларын үйретті. Оқудан кейін біз балалар ойын алаңын салу туралы ұсынысты байқауға жібердік. Жобаның идея жетекшісі «Қазхром» ТҰК» АҚ негізгі өнімдерін өткізу маманы Айгүл Еркінбайқызы болды. Сметалық құжаттарды өзім есептеп, ал техникалық жағынан және дауыс жинауға Ақтөбе ферроқорытпа зауытының сенімділік инженері Ержігіт Еркінбайұлы атсалысты. Ойын алаңын құрылыс жұмыстарына дайындауға ақпараттық қауіпсіздік бойынша жетекші Дмитрий Кумуков көмектесті. Тұрғындармен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарына қатысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жобамыз байқауда көп дауыс жинап, жеңіске жеттік. Басты мәселеміз шешілді, — дейді Рүстем Қурайсов.

Әйгерім ШЫМҚАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button